Мемлекеттік комиссия шешімімен 20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы бірқатар экономика секторларының жұмысы қалпына келтіріледі. Олардың нақты тізімі 15 сәуірде белгілі болады. Кеше «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирі арқылы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жұмысын жалғастыруы мүмкін секторлар туралы ақпарат берді.
«Біріншіден, аталған өзгеріс Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бір уақытта енгізілгенмен, екі қаладағы жұмыс процесінде айырмашылық болуы мүмкін. Оның себебі осы қалалардың эпидемиологиялық жағдайының және экономикасының айырмашылығына байланысты. Сондықтан барлық ньюанстарды әкімдіктер тұрғындарға алдын ала хабарлап, түсіндіріп отырады. Екіншіден, карантин талаптарының өзгерісі бірден емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Әр кезеңде Денсаулық сақтау министрлігінің қорытындысы есепке алынады» деген министр қазір тек бірінші кезең туралы айтылып отырғанын түсіндірді.
Оның айтуынша, бұл кезеңде ауру жұқтыру қаупі ең аз деген кәсіпорындар ғана іске қосылады. Мұндай кәсіпорындарға санитарлық нормаларды сақтау бойынша арнайы хаттамалар дайындалып, оның орындалуы тұрақты түрде тексеріледі. Егер кәсіпорын талаптарды бұзса қатаң шектеу шаралары қолданылады.
Кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімі 20 сәуірден бастап жұмысын жалғастыратын кәсіпорындардың тізімін ұсынған. Атап айтқанда, олар: өнеркәсіптік және индустриялық кәсіпорындар, құрылыс саласындағы кәсіпорындар, қыстан кейін жолдарды жөндейтін асфальт-бетон зауыттары, зейнетақы мен жәрдемақы беру үшін екінші деңгейдегі банктер. Дәурен Абаев олардың сағат 16:00-ге дейін қысқа жұмыс кестесімен жұмыс істейтінін атап өтті.
Сондай-ақ бұл тізімге жеке қосалқы қызмет көрсету секторының кейбір ұйымдары да кіреді. Яғни химиялық тазалау және кір жуу орындары, шиномонтаж, арнайы техникаларды жөндеу және көлік жуу стансалары. Бұған қоса қоғамдық тамақтану орнынан тамақ жеткізу мүмкіндігін кешкі сағат 10-ға дейін ұзарту ұсынылған. Осылайша аталған кәсіпорындар бойынша 90-100 мыңға жуық адам жұмысын жалғастырады. Бұл елордада жұмыс істейтін халықтың шамамен 20%-ы.
Министр Алматы қаласында сәуірдің үшінші декадасында (соңғы он күнінде) өнеркәсіптің барлық салалары – қоймалау, құрылыс, екінші деңгейдегі банк қызметкерлерінің 50%-ға дейін, қызмет көрсету саласының кейбір секторлары толық жұмыс күні режіміне көшетінін хабарлады. Нәтижесінде бұл қалада 128 мың адам жұмысын жалғастырады.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"