2020 жылғы қаңтар-сәуір аралығында балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету шеңберінде республикалық бюджеттен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жалпы сомасы 190 млрд теңге бөлінді, деп ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
Мәселен, 111,5 мың адам (жалпы сомасы 13 млрд теңге болатын) бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақыны, ал сәуірде осындай төлемді 31,4 мың адам (3,7 млрд теңге) алды.
Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыны орта есеппен 139,9 мың адам алады, оларға 11,9 млрд теңге төленді. Сәуір айында бұл жәрдемақыны 140,7 мың адам алды (3,1 млрд теңге).
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақымен орта есеппен 233,9 мың әйел адам қамтылды, сәуір айында 234,5 мың адамға 4 млрд теңге төленді.
4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға арналған жәрдемақымен орта есеппен 384,9 мың отбасы қамтылған(жалпы сомасы 73,5 млрд теңге), сәуір айында 396,5 мың адам жәрдемақы алды (19 млрд теңге).
Мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға төленетін жәрдемақыны 88,4 мың адам (жалпы сомасы 15,8 млрд теңге) алды, сәуір айында 90 мың адамға 4,1 млрд теңге төленді.
18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау бойынша ай сайынғы жаңа жәрдемақыны орта есеппен 14,4 мың адам алады, оларға 2,6 млрд теңге төленді, сәуірде 14,6 мың адамға 644,9 млн теңге төленді.
Болашақ ана босануға толық дайын болуы үшін 2008 жылдан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыс істейтін әйелдер жүктілік және босану үшін біржолғы төлем алады. 2020 жылы оны жалпы сомасы 25,9 млрд теңгеге 61,7 мың адам алды. Сәуір айында төлемді 4,9 млрд теңге сомасына 9,8 мың адам алды.
МӘСҚ-тан бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы жүргізіледі. Ағымдағы жылғы қаңтар-сәуір айларында оны 31,1 млрд теңгеге 273 мың адам, сәуір айында 7,8 млрд теңгеге 218,4 мың адам алды.