Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында елдегі эпидемиологиялық ахуал жайлы айтып, қиын кезеңнің артта қалғанын мәлім етті.
«ҚЕң алдымен еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталайын. Қиын кезең артта қалды деп айтсақ артық болмас. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталып келеді. Қазақстанда жалпы наурыз айынан бері 92 262 адамнан індет анықталды. Оның ішінде 30 мыңға жуық адам емделуде. Өкінішке қарай, 1058 адам қайтыс болды. Бүгін де коронавирус жұқтырғандар саны едәуір азайып келеді. Мысалы бір тәулікте COVID-ке шалдығу деңгейі 1400 адамды құрап отыр. Ауруханаларда дәрі-дәрмек те жеткілікті», - деді Алексей Цой.
Министрдің айтуынша, жедел жәрдем қызметіне жүгіну жағдайы едәуір азайған.
«Біздегі тағы бір жағымды жаңалық – инфекциялық және провизорлық төсек орындардың толымдылығының азаюы. Осы жылдың маусым айында елдегі кейбір ауруханада жағдай қатты ушығып кеткен еді. Бүгінгі таңда стационарлардың 34 пайызында ғана науқастар жатыр. Бұған төсек орындарының қорын 48 997-ге дейін арттыру есебінен қол жеткізіліп отыр. Осылайша Қазақстанның 7 өңірінде 15 стационар жабылып, қайта құрылымдалды. Маусым айының соңында республикада жедел жәрдем қызметін шақырудың жағдайы 30 мыңға дейін жетіп еді. Карантиннің соңғы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне жүгінудің жалпы жағдайы екі есе азайды», - деді Алексей Цой.
Денсаулық сақтау министрі Қазақстандағы карантин шараларының нәтижесі туралы айтып берді.
«Қазір жаз. Көктемдегі қиын жағдайлардан кейін елдің шаршағанын бәріміз түсінеміз. Алайда маска режимін сақтау – аса қажетті шара. Халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, кеше ғана біз маска тағуға қатысты ережелерге тың өзгерістер енгіздік. Атап айтқанда бес жасқа дейінгі балаларға, жеке спорттық жаттығу жасап жүрген азаматтарға, жалпы тамақтанатын орындарда тамақ ішу барысында маска тағуға міндеттемеу туралы өзгеріс күшіне енді. Алайда бұл жағдайларда әлеуметтік қашықтық сақталуы керек. Cанитарлық талаптарды күшейтудің арқасында соңғы үш аптада елдегі барлық аймақта ауру жұқтыру жағдайы едәуір азайған. Орташа есеппен елде ауру жұқтырудың тәуліктік тіркелу жағдайы екі жарым есе азайды», - деді ол.
Министр Қазақстанда карантин шаралары бірден алынып тасталмайтынын, кезең-кезеңімен жеңілдетілетінін жеткізіп, жағдай қайта қиындап кетсе қосымша шаралар қабылдайтынын жеткізді.
«Жалпы бүкіл әлемде күзде және қыста жұқтырылған респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ), тұмау ауруларының өршіп кететіні белгілі. Енді оларға коронавирус инфекциясы да қосылып отыр. Сол себепті қазіргі уақытта жағдайдың бұлайша өршуіне барынша дайындалып жатырмыз. Тұмауға қарсы жыл сайын жүргізілетін маусымдық вакцинация жоспарланған. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі резервтегі төсек орындарды да дайындап жатыр. ПТР-тесттар бойынша қосымша қор әзірленуде. Сол секілді қоймаларда дәрі-дәрмек қоры да жиналудаЕгер ауру тағы да күрт өсіп, кетсе біз қосымша шаралар енгіземіз», - деді министр.