Пандемия мен карантин қазақстандықтардың табысына қалай әсер етті

Уақыты: 2020-08-19 Көрлімі: 1544 Сипаттама

Статистика комитетіндегілер коронавирус пандемиясы мен карантин қазақстандықтардың...

8-6.jpg

Статистика комитетіндегілер коронавирус пандемиясы мен карантин қазақстандықтардың табысына қалай әсер еткенін айтып берді, - деп Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап хабарлаймыз. 

ҰЭМ Статистика комитеті табысты атаулы және шынайы деп екіге бөліп есептейді. Жан басына шаққандағы орташа табыс және ай сайын алатын орташа жалақыны шатастырмау керек.

"Жан басына шаққандағы орташа атаулы табыс былай есептеледі: біз табыс көздерінің бәрін есепке аламыз, жеке тұлғаның айлығы, жәрдемақысы, өзін-өзі қамтығандардың табысы және кірістің тағы басқа түрлері. Солардың бәрін қосамыз да, елдегі тұрғындар санына (18,7 миллион адам) бөлеміз - сәбилерден бастап қарттарға дейін", - деп түсіндірді Еңбек және тұрмыс деңгейінің статистикасы басқармасының басшысы Наталья Белоносова.

"Қазақстанда 2020 жылғы сәуірде жан басына шаққандағы атаулы табыс 110 195 теңге болды. 2019 жылғы сәуірде 103 940 теңге болған. Салыстырмалы түрде бұл көрсеткіш 6 пайыз артты. 2020 жылғы мамырда жан басына шаққандағы атаулы табыс 108 808 теңге болды. Өткен жылы осы уақытта 103 800 теңге, яғни 4,8 пайыз жоғары болған", - деді Белоносова.

Ал тұрғындардың нақты табысына келетін болсақ, онда сарапшылар тұтынушы бағасының индексін ескереді. Яғни инфляция атаулы ақша табысын қаншалықты "жеп" отыратынын есепке алады.

"2020 жылғы сәуір айында 2019 жылғы сәуірмен салыстырғанда нақты табыс 0,7 пайыз қысқарды. Мамырда 1,8 пайыз төмендеді. Жыл қорытындысын жасағанда жағдай өзгеруі мүмкін", - деді Наталья Белоносова.

Оның айтуынша, статистика жасалғанда карантин кезінде жұмыс істеген және жұмыссыз қалғандардың табысы есепке алынады.

"Кәсіпорындардың, жекеменшік балабақша немесе білім беру орталығы болсын, олардың есебі бар. Мысалға, ол жерде 15 адам жұмыс істейді десек, карантин күшейтілгенде олар жұмыс істемеді, бірақ бәрібір есеп береді. Еңбек заңнамасына сәйкес бұл қызметкерлерге не ең төмен жалақы мөлшері, не айлықтың 50 пайызы төленуі керек.

Бірақ іс жүзінде сәуір-мамыр айында көбін кәдімгі еңбек демалысына жіберді. Бұл табысынан айырылған болып есептелмейді. Себебі демалыс үшін ақы төленді. Ал мұндай ақы төлемей, демалысқа жіберілгендердің 42 500 теңге алу мүмкіндігі болды. Егер адам жалақы алмаса, онда ол статистикаға кірмейді деген емес, біз бәрін есепке аламыз", - деді басқарма басшысы. 

Сондай-ақ маман елдегі орташа жалақы туралы айтты. Бұл индексті есептегенде тек жұмыс істейтін тұрғындар ескеріледі. Ол 2020 жылғы екінші тоқсанда орташа жалақы 212 035 теңге болғанын атап өтті. Осы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 5,8 пайыз артқан. 

"2020 жылғы қаңтар-маусым айында жан басына шаққандағы орташа табыс 109 903 теңге болды. 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайыз көп. Ал нақты табыс 2,7 пайыз артты. Оң динамика сақталған", - деп қосты ол.


Пікір жазу
  • Н. Назарбаев: Біздің буын ауыртпалығы мол дағдарыс кезеңінде егемен мемлекет құрды
    1 қыркүйек алдында бала иммунитетін қалай көтеруге болады?

    Ұқсас тақырыптар