«Nur Otan» праймеризінің толыққанды нәтижесін айтуға әлі ерте. Бұл туралы саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарым айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Меніңше, праймериздің толыққанды нәтижесін айтуға әлі ерте сияқты. Бірінші кезеңі дегеніміз жөн болар. Өйткені, кез келген үлкен саяси жобаның өзінің сатылары бар. Дегенмен үлкен бір сатысы аяқталып отыр дегеніміз жөн. Алдағы уақытта аймақтық, аудандық, қалалық, облыстық конференциялар өтуі керек. Олар белгілі бір дәрежеде өздерінің тізімдерін, қатысатын адамдардың нақты құрамын бекітуі қажет. Сол кезде жалпы праймериз мәселесі шешілді деуге болады», - деді Айдос Сарым «Nur Otan» партиясы праймеризінің қорытындысына арналған дөңгелек үстел барысында.
Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шақырылған професоры ресейлік Андрей Шенин «Nur Otan» партиясы праймеризіне үміткерлердің алуан түрі болғанын айтып, олардың сайлау алдындағы науқанына назар аударды.
«Мәселен, олардың кейбірінде бұрыннан қолданып келе жатқан Telegram арналары болса, енді біреулері Facebook сынды әлеуметтік желілердегі достарының қолдауына үміт артты. Ал бұрынғыдай көшеге шығып үгіт-насихат жүргізу жұмыстары болған жоқ»,- деді Андрей Шенин.
Автор Марлан Жиембай