Қызайдың бергі тарихында Есенкелді батырдың аты ерекше аталады. Деректерге қарасақ «Абылай заманы» аталатын ерлік дәуірінің үлкен тұлғаларының бірі. Батырдың атын елге танытқан қымбат деректің бірі Шыңжаң қазақтары арасынан шыққан Доспер Саурықұлының (1894-1971) «Есенкелді» жыры. Төменде біз осы жырдан Есенкелді батырдың әкесі Құдайназар батырдың қалмаққа қарсы соғысып қызымен бірге өлген әңгімесін келтірдік.
Әлқисса, Құдайназар өлген соң оның үш ұлының тағдыры не болды деген мәселеге келейік. Доспер әңгімесіне қарағанда Құттымбеттің үлкен ұлы Қарабас «Шешесін үш жетімнің аламын деп», айғырдай азынап маза бермеген соң Құдайназардың келіншегі бір түнде тұлыпқа айран құйып, азыққа құрт, ірімшік түйіп, жеңілдеп бір кісілік киім алып, балаларымен қашып шықса керек. Сонда кішісі Сұлтанкелді емшектегі бала, ортаншысы Есенкелді жетелеуге көнеді екен. Жолымбет екеуінен үлкені артынан өзі жүріп кете берді. Аңызға қарағанда жесір келіншек төркіні Сарыүйсінге келіп, сол жерге келіп паналайды-мыс. Заманнан заман өтті, үш ұл тең ержетті. Жолымбет-мал иесі момын болды, Мінезі қойдан жуас, қоңыр болды. Сенімді, тиянақты ел-жұртына, Кәдімгі қариядай порым болды. Ел сүйген Есенкелді серке болды, кенжесі Сұлтанкелді ерке болды. Жақсылық жамандықпен екеуі-егіз, Бұл бақыт үш жетімге ерте қонды.
Ержеткен соң үш ұл өз елдеріне қайтты. Арыстандай үш азамат елге келіп Бегімбет, Дербіс, Итемген, Меңіс болып, Қызай баласы ат шаптырып, той жасайды. Бұл тойға Ер Қабанбай батыр келді дейді. Есенкелді мен Қабанбай достығы осы жерден басталады. Найманның алтын туы Қабанбай батыр Есенкелді үйіне келіп қонған күні, қатыны ұл туып «Баланың атын өзім қоямын»,-деп, «Қабанбай, Қабанбай» деп атын қойды. Ешкімге өз атымды қойғызбаушы ем, Көңілім тартты саған жақын»,-дейді. Қызайдың өз ішінде Есенкелді ұлының атын Қабанбай қойып тұрып «Көтере алсаң Қабанбай боласың, көтере алмасаң Жаманбай боласың» деп айтты дейтін сөз бар.
Шыңжанда шыққан «Қазақ шежіресі» кітабында бұл оқиға былайша суреттеледі: «Есенгелдінің бір баласының аты Қабанбай. Қабанбай мен Есенгелді дос болған. Есенгелдінің ауылына Қабанбай қонақ болып отырғанда бәйбішесі босанып, соның атын Қабанбайға қойыңыз дегенде, «Көтере алса Қабанбай болар, Көтере алмаса Жаманбай болар» деп Қабанбай өз атын қойған. Осы Қабанбай руынан кейін батыр көп шыққан. Соның бірі Атақты Акбар мен Сейіт» (Қазақ шежіресі. Шинжаң жастар-өрендер баспасы. Үрімжі, 1996 жыл. 275 бет. Нұрболат Оспанұлының шежіресі)
Қазақтың сол замандағы бас батыры, жаугершіліктегі хас батыры Қаракерей Қабанбай ордасы ол кезде Қараөткелден сәл шығысқа қарай, Нұра өзеніне оң қапталында болатын.
Осы оқиғадан бастап біз Есенкелді батырды ылғи да Қабанбай батыр жанынан көреміз. Енді ғана ел көзіне түсе бастаған Қызайдың батыр азаматын Абылай ордасына алып барып, қазақтың кемеңгер басшысымен таныстыратын да Қабанбай. Доспер ақын өзінің бабасы Есенкелдіге қатысты бұл оқиғаны еркеше шабыттанып жырлайды: «Үйіне қайтқанында ер Қабанбай, Бабамды Қайып би мен шақырды енді. Барады ата ұлынан жұрт бастығы, Абылай елді жиып жатыр,-дейді. Қалайша жаудан аман ел қорғаймыз, Сол жерде қорытамыз ақыл,-дейді».
1741 жылы Абылай сұлтан Қалдан-Серен қолына қапыда тұтқынға түскенде оны құтқарушылардың бірі Есенкелді батыр еді делінеді тарихи әңгімелерде. Абылайды құтқаруға қара қалмақ ордасына барған Есенгелді Қалдан Серенге:
Қан майданда өлмесе,
Ерге обал болмай ма?
Ұйықтап жатқан барысқа,
Шыбын да келіп қонбай ма?- деп сөзбен жеңген-мыс деседі (Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар. Есенгелді батыр. Бейжің «Ұлттар баспасы», 25 бет.)
«Қызай тарихына қатысты деректер» аталатын деректемелік жинақта «Арқа деген жерде тоғыз таңбалы найманның бас қосқан жиыны болып, оған Қаракерей Қабанбай, Барақ батыр, Дөртуыл Төбет би, Тәуеке батыр, Қызайдан Есенгелді, Өтеген деген батырлар қатысады. Бұл тоғыз таңбалы найманның бес жылда бір рет бас қосып, бірін-бірі шақырып аралайтын жиыны екен. Осы жиналыста Тайлақ деген бидің қасына еріп жүрген Құл дейтін ақын:
Қызайдан бұл жиынға Есенгелді,
Көк серке қой бастаған көсем келді.
Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін,
Әрі би, әрі батыр шешен келді, - деп жырлаған екен» деген
қызықты мәлімет бар («Қызай тарихына қатысты деректер» 65 бет). «Арқа» деп бұл жинақта қазіргі Қарағанды, Ақмола облыстарының аумағын, яғни Сарыарқа даласын айтып отырғаны сөзсіз. Қазақ шежіресінің бір нұқсасында «Ақтбана шұбырынды» заманынан кейін тоғыз таңбалы найманның ірге ажыратқаны Қарақойын-Қашырлы деген жер еді дейді. Егер осы деректе бір мағына болатын болса, онда жоғарыда өткен XVІІІ ғасырдағы жиын да сол жерде, яғни Теңіз-Қорғалжын маңында болғанға ұқсайды.
Бұл кезеңде Жоңғария мемлекеті жантәсілімге жақындаған еді. «Палуанның жаманы-шалдырған соң өкінер, күзетшінің жаманы-алдырған соң өкінер” дейді, оның басшылығында жүрген азаматтардың уайым-қайғысы көбейе түсті. Өкінгенмен не шара, Жоңғария тозығы жеткен матадай тоз-тоз болып барады. Енді қазақ керей, найман, үйсін руларының көне қонысы болған, кезінде Түрік қағанаттарының жері Алтай мен Тарбағатайды, Жетісу мен Шығыс Түркістанды не де болса қайтармаққа уағдаласты. “Жауын аяған жаралы қалады” – енді Жоңғарияны аяғанымен іс бітпейді. Сау-тамтығы қалса қазақтың құрамында жеке бір ұлыс-ел болып тұрар, қалмаса ол да жоқ.
Бурабайда бас батырларымен ақылдасқан Абылай енді үш жүздің қазағының қарулы азаматын Ұлытауға жинауға бел байлады. Бұл жаугершілікке толы ХУІІІ ғасырдың тура тең ортасы, 50-ші жылдардың басы болатын. Қазақтың шежірелерінде бұл заманды: «Садақ белде дап-даяр, найза қолда, Ат белдеуде тұрады, түйе – қомда, - деп суреттейді. Қызай елінің батырлары Абылай ордасының шығыстан қорғайтын қалқаны қызметін атқарушы еді.
1756 жылы Жоңғариядан Әмірсана бастаған бір топ қалмақ бекзадаларының көмек сұрап қазақ жеріне келгені мәлім. Абылай ордасының тапсырмасы бойынша Әмірсанаға шұбарайғыр Қожаберген мен қызай Есенкелді батырлар қомқорлық жасаған. Ел аузындағы аңызда «Абылай Әмірсананы Есенгелді батырдың ауылында сақтаған еді» делінеді. «Қызай тарихына қатысты деректер» жинағында «Әмірсана мен Есенкелді дос болып, Есенкелді бір баласына Әмірсананың атын қойған. Одан тараған ұрпақ қазір Қызайдың ішінде өскен атаның бірі.Әмірсана жанында Дауаш деген батырымен бірге қазақтардың ішіне қашып келеді. Абылай хан Әмірсананы Есенгелдіге тапсырады. Әмірсана Есенгелді ауылында екі жыл тұрады. Осы кезде Әмірсана қотыр болып қатты ауырып, қанша дауаланса да ем болмайды. Сонда Есенгелді өзінің көк биесін сойып, соның терісіне салып, Әмірсананы сақайтады. Ауырудан айыққан Әмірсана Есенгелдімен құшақтасып дос болады. Сол достықтың құрметіне Есенгелді батыр өзінің баласына Әмірсана деп ат қойған. Есенгелдінің баласы Әмірсанадан тараған ауыл қазір рулы ел» делінеді («Қызай тарихына қатысты деректер» 16 бет)
Қара қалмақты жеңіп шығысқа жылжығанда да қызайлар алда болды. Найман баласы шығыстағы ежелгі қонысына қарай жылжығанды дұрыс көрді ме, әлде Абылай ордасында қазақтың игі-жасқылары бас қосқан кеңесте осындай шешім қабылданды ма, әйтеуір ел көштің басын Алтай мен Тарбағатайға бұрды. Доспер «Осылай Аягөзге келді Қызай» десе, Құрбанғали Халид болса «қазақта Қызайдан бұрын Аягөз маңына қонған ел жоқ еді» дейді (Халид Қ. Тауарих хамса. Алматы,1992. 109 б.). «Тауарих хамсада» жазылғандай Әмірсана бүлігі басылған соң Аягөз өзеніне құйатын Лайсу-Батпақсу деген жерде қазақ, қалмақтың басшылары келіссөз өткізіп, бітімге келеді. Олар көкқасқа айғыр, қарабас қошқар сойып, қолдарын қанға матырып: таланған мал, аққан қан салауат деседі. Құрбанғали Халид келтірген деректер бойынша бұл келіссөз 1750 жылдары болғаны мәлім. Біз әр түрлі деректерді сұрыптай келе Лайсу-Мамырсу келісімі, немесе «Қандыжап бітімі» 1754 жылы болды деп шештік. Осы бас қосудың шығынын Аягөз бойына өзгеден ертерек орныққан Қызай баласы көтеріп алады. «Екі жақ (қазақ-қалмақ) бітімге келгеннен кейін қазақтар ақырындап ілгерлей берді. Аягөз өзенінен өтіп Алакөлге, бер жағы Зайсан, Тарбағатай тауына шейін асты» деп жалғайды сөз өзегін Қ.Халид. Қызай тағы да көштің алдына түсіп Тарбағатай өңіріндегі Барлыққа тоқтайды. Қытай деректеріне қарағанда қазақ 1760 жылдары Көксу, Барлық, Алтынемелден асып Іле өңіріне дейін мал өткізіп, ептеп көшіп келе бастаған. Қызай рулары алғашында Тарбағатай өңіріне (Тоқта- Барлыққа) келіп, Алакөлді мекендеп, онан соң Бұратала арқылы Іле өңіріне барған.
Есенкелді батыр осы көштің басында болды және осы арқылы Абылай ханның шығыс саясатының іске асуына үлкен үлес қосты. Батыр туралы бірталай әңгімелерді Қытай мен Қазақ ордасы арасындағы елшілік хабарларынан кездестіреміз. Доспер жырында да Есенкелді батырдың Абылай елшіліктерін Қытайға бастаған сапарлары көрініс тапқан. Есенкелді батырға Ежен хан берді дейтін көк тас туралы қызай ақсақалдары бірталай әңгіме айтады, асыл көк тас олардың қолында әлі де бар. Бір әңгімеге қарағанда қазақ елшілігі қайтарда Ежен ханның ордасында дастархан жайылыпты, ыдыс-аяқтың бәрі алтын еді. Сол кезде Есенкелді бір күліп, бір қызарып отырса керек, сонда Ежен хан:-Неге күлдің, Есенкелді? Жасырмай сырыңды өзің айтшы деді. Сол кезде батыр жасында бастан кешкен мехнатты, қорлықты айтып, шешесінің «Балам, ас жейсің алтындаған табақпен, Бір Жаратқан өмір берсе саған» дегенін есіне алды,-дейді.
Қызай арасында Абылайдың бір баласы Қасымның үлкен ұлы Есенкелдінің аты Қызай Есенкелді батырдың құрметіне қойылып еді делінеді. Қытай қазақтары арасында танымал Ыбырай Ырысбайұлы деген шежіреші қария бұл оқиғаны былай әңгімелейді: «Есенгелді хан Абылайдың ауылында қонақ болып жатқанда, ұлы Қасымның ұлды болғаны туралы сүйінші сұрап келіпті. Абылай хан: «Арқалы батыр, арналы би едіңіз. Қасиетіңіз жұғып, пейіліңіз жұғар. Немеремнің атын қойыңыз» дегенде Есенгелді өз атын қойыпты. Қасым сұлтанның бұл ұлы қайтпас батыр болған деседі» (Шежіреші Ыбырай Ырысбайұлының әңгімесі). Бұл оқиға Есенкелді батыр елшілік жұмыстарына белсене араласып жүрген 1760 жылдардың ортасына қарай болды ма деп шамалаймыз. Есенкелді батыр бұл кезде ерлігімен әбден елге танылған, өмірден тәжірибе жинаған, талай рет шет елге елшілікті бастап барып ақжолтай атанған кезі. Қасым төренің шешесі Топыш Хан Ордасы Бурабайға 1743 жылы ханым болып келді. Қасым сұлтан 1745 жылы туды дегенде, оның үлкен ұлы Есенкелді ең ерте дегенде 1765 жылы тууы мүмкін: «Ауылына бабам қонып жатқан күні, Қасымның ұл туыпты қатыны енді. Ырымдап Есекеңе қойғызыпты, Абылай немеренің атын енді». Ендеше Қызай Есенкелді батыр осы жылы хан ордасы Бурабайға әр түрлі шаруалармен келіп жүрді, екі ортада байланыс үзілген жоқ деп айта аламыз.
Есенгелді қырғыз Құсбек ханды жеңіп, оның қызы мен келінін олжалаған соң баласы Досқанаға: «Мына келіншектің басы жалпақ екен, өсімтал болады, сен ал» десе, Досқана: «Қазақтан қыз табылмағандай Қырғыздың қызын алмаймын» деп алмаған деседі. Қараменді батырға ал десе, Қараменді: «Қызды аламын, көзіне көзім түскен» деп көнбепті. Есенгелді: «Алмасаң қайтеді, екі қырағыдан су қараңғы туады» деп қайталап айтса да, Қараменді көнбей алыпты. Ол қыздан үш бала туыпты, үшеуі де соқыр болған деседі. («Қызай тарихына қатысты дерекер» 38 бет).
Есенгелді батыр қызы Қарқараны Қаракерей Қабанбай батырдың кенже ұлы Әліге ұзатқанда мінгізген атының аяғына дейін алтын білезік салдырған деседі. Есенгелді батырдың бұл қызынан үш ұл туып анасының атымен «үш Қарқара» атанған. Бұл да батыр мен би көп шыққан ауыл. («Қызай тарихына қатысты деректер» Еркебай Қабылжанұлы. 10 бет)
Жабыл Артықбаев
Автордың "Қиыр жайлаған Қызай елі" атты кітабынан