«Отырар кеше, бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияға қатысқан ғалымдар Отырардың ойрандалмайтынын мәлімдеді. Биыл Отырартөбеде 3 жылға арналған ауқымды реставрация жұмыстары басталды. Ұлы дала елінің терең тарихынан сыр шертетін нысандарды қайта қалпына келтіріп, туризм саласын жандандыруға бағытталған бұл жоба аясында атқарылған жұмыстарға қатысты сыни пікірлер де айтылған болатын.
Конференцияда сыни пікірлерге қатысты, яғни реставрация жұмыстарына байланысты көзқарастар айтылды. Ретімен баяндасақ. Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Сапар орталығы» экспозициясы мен әл-Фараби залын ашты.
Сонымен қатар осы іс-шара аясында «Отырар кеше, бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция ұйымдастырды. Еліміздің археология саласындағы жетістіктерімен таныстыру, археология ескерткіштерін зерттеу, сақтау тақырыбында тәжірибе алмасу, Отырардағы реставрация нәтижесімен бөлісу мақсатындағы іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова, еліміздің белгілі археолог-ғалымдары, тарихшылары мен ғылыми-реставрация саласындағы мамандар қатысты.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет», деп Отырар тарихын зерттеу, қалпына келтіру мәселелеріне қозғау салған еді. Осы орайда биыл Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен Отырар қалашығын қалпына келтіруге бағытталған ауқымды жұмыстар басталды. Конференция барысында қалашықтағы ғылыми-реставрация жұмыстарымен «Қазқайтажаңарту» ұйымы бас директорының міндетін атқарушы Қанат Тұяқбаев таныстырып, жобаның түпкі мақсаты тарихи және мәдени ескерткіштердің ұзақ мерзімге сақталуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Отырар қалашығындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысуға келген ғалымдар Зейнолла Самашев, Жәкен Таймағамбетов, Бүркітбай Аяған, Зиябек Қабылдинов және өзге де зерттеушілер тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи шынайы қабатын сақтап қалу маңызды екенін жеткізді. Мәселен, тарих ғылымының докторы, археолог Зейнолла Самашев: «Отырартөбедегі атқарылып жатқан реставрация жұмыстарын Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ғалымдармен бірлескен кеңесте қарадық. Біріншіден, әлеуметтік желіде сын-пікірлердің біржақты айтылып жатқаны байқалады. Екіншіден, бұл – 3 жылға арналған үлкен жоба. Атқарылған жұмыс жобаның бастамасы ғана. Кеткен кемшіліктерді ақылдасып, кеңесіп шешуге болады. Бұл жерде реставраторлар мен археологтар бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Олар бірлесіп жұмыс істесе, айқай-шусыз ұсақ-түйек кемшіліктер жойылады. Ол жерде өрескел қателіктердің болғанын көрмедім. Сол жерде бірге болған министрлік өкілдері, археолог-ғалымдар, реставраторлармен бірге қарап, осындай қорытындыға келдік. Осы жобаны жасаушы, жүзеге асырушылармен де кездесіп, құрылыстарының жүргізілу тәртіптері туралы мән-жайға қанық болдық. Отырар объектілерін қалпына келтіру жұмысында пайдаланылып жатқан қыштар қазіргі құрылыста жаппай пайдаланатын кірпіштер емес. Олар зерттеу нәтижесінде қол жеткізген көне технологиямен қазіргі кезеңде жасалған қыштар. Бұл ретте қыш жасау технологиясымен қатар тарихи кезеңдердің стандарттары ескерілген. Атқарылып жатқан жұмыстар туристердің қызығушылығын тудыратындай етіп жасалуда. Сондықтан негізсіз айқай-шу шығарудың керегі жоқ. Біз бұл сөзді біреуді қорғау үшін айтып жатқан жоқпыз. Бұл – ғылыми негізде жасалған, ғалымдармен, реставраторлармен бірігіп шешкен шешіміміз. Ғалымдардың жиналып, Отырар қалажұртындағы жұмыстарды өз көзімен көріп, осындай шешімге келгені дұрыс болды», деп өз пікірімен бөлісті. Ал тарих ғылымының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, археолог-ғалым Жәкен Таймағамбетов Отырар қалашығында ғылыми негіздемелермен әзірленген және өте тыңғылықты дайындалған кең ауқымда жұмыстар атқарылып жатыр деп бағалайтынын жеткізді. «Жұмыс барысында көне технологиямен әзірленген қыштар пайдаланылуда. Ал ішкі монтаждау, реконструкциялау кезінде пайдаланылған қазіргі заманғы кірпіштер сылақтың астында қалып, көзге көрінбейді. Реконструкция жасалған үйлердің интерьері түпнұсқа күйінде сақталып отыр. Сондықтан мен археологтармен бірлесе жұмыс істеп жатқан «Қазқайтажаңарту» мекемесінің жұмысына оң баға беремін. Ал жұмыс процесінде туындаған ұсақ-түйек кемшіліктерді жоюға болады. Жалпы археологтармен бірлесіп ғылыми негізде жүргізіліп жатқан жұмыстың бағыты дұрыс. Өз кезегінде Отырардың келушілерге ұсынары көп, туристерді тартуға ықпалы зор деп білемін», деді Ж.Таймағамбетов.
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осыдан біраз жыл бұрынғы Отырардың жай-күйін есіне алған тарих ғылымының докторы, профессор Бүркітбай Аяған реставрация жұмыстарына көңілі толатынын айтты. «Бастысы тарихи жəдігерлер сақталып, ауқымды жұмыс жалғасуда. Отырардан кейін Сауран қаласында болдым. Қазба жұмысы онда да жүріп жатыр. Ендігі негізгі мəселе сол ескерткіштерді сақтап қалуда», деді ғалым. Ал «Қазқайтажаңарту» РМК ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының директоры Сәдуақас Ағытаев ғылыми-реставрациялау жұмыстарының заңнама жүзінде бөлінетін бірнеше түріне жекелей тоқталды. Консервациялау, реставрациялау, қайта жасау, жөндеу, бейімдеу сынды өндірістік жұмыстарға түсініктеме берген филиал директоры Отырар қалашығындағы барлық жұмыста тиісті талаптар барынша сақталатынын мәлімдеді. «Оның ішінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарының әдістері әрқилы және бұл ретте әлемдік тәжірибеге де назар аударамыз. Отырар қалашығындағы ғылыми-реставрациялау жұмыстарында ежелгі технологиямен әзірленген қыштар пайдаланылуда. Әлемдік тәжірибеде реставрация кезінде қазіргі кірпіштерді пайдаланып та жатады. Бірақ олар ескерткіштің сыртқы тарихи келбетіне мүлдем әсер етпейтін ішкі нығайту, монтаждау жұмыстарында ғана қолданылуы мүмкін. Отырар қалашығын қалпына келтіру жұмыстары барысында оның биіктігі тарихи биіктігімен тең. Бұл ретте ғылыми-реставрациялау жұмыстарының әдісіне сай оның құрбандық қабаты (жертвенный слой) жоғарғы жақтан 7-8 қатар болуы керек. Өйткені жауын-шашын, қар осы қатардан өтеді. Астынан да осы 7-8 қатар жер асты суының көтерілуіне орай сәйкестендірілді. Ал ортасындағы он шақты қатар амортизатор есебінде іштегі ылғалды сыртқа шығарып тұру 1 және 1,5 метр астындағы түпнұсқаны сақтау үшін ең қолайлы биіктік деп есептейміз. Бердібек сарайында жалпы өндірістік кірпіштер пайдаланылмаған. Нысанда қолданылып жатқан материалдар «Қазқайтажаңартумен» ғалымдардың көп жылдық еңбегінің нәтижесінде әзірленген қыштар. Қыштарды әзірлеу кезінде технологиядан өзге оның құрамында пайдаланатын құм-тас-топырақтардың да тыс жерден болмауы қадағаланады. Себебі ерте кезеңде құрылыс материалдары алыстан жеткізілмеген. Осы орайда жергілікті құм-топырақтардың құрамы да бақылаудан өтті. Қазір Отырар қалашығы ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміндегі нысан болуына орай ол жерде қандай да жұмыстар жүргізуге болмайды деген пікір айтылып жүр. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраны қорғау конвенциясында әр мемлекет өзінің қарауындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеуге, ғылыми жұмыстар жүргізуге құқылы делінген. Ал біз өз тарапымыздан Отырар қалашығында конвенцияның қағидаттарына қайшы келетін жұмыс жүргізуден аулақпыз. Барлық жұмыс ғылыми дерек, тәжірибе, ғалымдардың пікірі мен арнайы кеңестерде талқылау негізінде жүргізіледі. Ғылыми-реставрация ескерткіштерді сақтап қалудың бірден-бір жолы. Осындай жолмен аутенттік материалдармен қалпына келтірілген объектілерде климат, антропогендік ықпалдарға байланысты ескерткіштің қазір жасалып жатқан қабаты бұзылса да, келешек ұрпаққа оның астындағы келесі ежелгі тарихи мәдени қабатының жетуін қамтамасыз етіп отырмыз. Осы жылы Отырар қалашығындағы жұмыстар қалашықтың ХІІ-ХІХ ғасыр аралығындағы солтүстік және оңтүстік қақпаларын, ежелгі тұрғын кварталдарын, мешіт, монша, магистралды көше, қыш шеберханасы, бекініс қабырғаларын қалпына келтіру бағыттарында жүзеге асырылып отыр», деді С.Ағытаев.
Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова жиын нәтижесінде Отырар қалажұртындағы жұмыстарға археолог-ғалымдар, тарихшылар оң бағасын бергенін атап өтті. Ғалымдармен бірлесіп өткізген ғылыми кеңесте Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі жанынан методикалық кеңес құрылғанын жеткізді. Сондай-ақ конференция барысында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі өзара ынтымақтастық келісімге қол қойды. Меморандумның мақсаты – бірлескен мәдени бағдарламаларды, семинар, конференция, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ
Түркістан облысы
Дереккөз: egemen.kz