«Nur Otan» партиясының төрағасы Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының отырысына қатысты. Отырысты ашқан Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» фракциясының депутаттарын кезекті парламенттік сайлаудағы жеңісімен тағы да құттықтады, деп Елбасы сайтына сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Сіздер халықтың сенімін ақтауларыңыз керек. Бұл - маңызды міндет әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан фракция депутаттары біздің партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген мақсаттарға жету үшін бар күш-жігерін салуы тиіс», - деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Nur Otan» партиясының елдің үдемелі дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмысының нәтижелерін атап өтті.
«Бізде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енерлік нақты жоспар мен ресурстар бар. Бұл жолда ең үлкен парламенттік фракция ретінде сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Алға қойылған міндеттерді орындау үшін сіздер барлық күш-жігерді салар деген сенімдемін. Депутаттар құрамы өзгергенін бәрі біледі. Жаңа адамдар жаңа идеялар әкеліп, Парламент жұмысына тың серпін берер деп сенемін», - деді партия төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаев VII шақырылымдағы Мәжіліс жұмысының Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс басталып отырғанын да ерекше атап өтті.
«Қазақстан халқы өткен сайлауда біздің партияға үлкен қолдау көрсетті. Халықаралық байқаушылар қазақстандықтардың жоғары белсенділігін, ынтымақтастығын атап өтті. Сайлау ашық және демократиялық жағдайда өтті. Әдеттегідей, сіздер біз - нақты істердің партиясы екендігімізді растай алатындарыңызға сенімдімін», - деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Парламент Мәжілісінің өткен шақырылымдағы құрамының жұмысына тоқталып, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері үйлесімді түрде жұмыс жүргізгенін мәлім етті.
«Фракцияның тиімді жұмысы үшін бірнеше мәселені шешу қажет. Біріншіден, депутаттар Үкіметпен бірге партияның Қазақстан халқы қолдаған сайлауалды бағдарламасының тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі керек. Екіншіден, депутаттар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейтуі тиіс. Үшіншіден, барлық әлеуметтік топтармен кері байланысты күшейткен абзал. Депутаттар тұрғындармен үнемі кездесіп, азаматтармен қоғамдық қабылдауларда бетпе-бет жүздесуі тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.