ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды, деп Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндама жасады.
Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында экономикалық белсенділікті қолдау және халықты жұмыспен қамтамасыз ету, салық және бюджет саясатын жетілдіру, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін дамыту және т. б. жөніндегі шаралар әзірленді. Үкімет АӨК, мұнай-газ химиясын, электр энергетикасын, су ресурстарын басқаруды, «Жасыл Қазақстан» экологиясын және басқа да салаларды дамыту жөніндегі ұлттық жобаларды әзірлейді.
«Құрылымдық және ынталандыру шаралары халық пен бизнесті жан-жақты қолдауды, олардың жаңа жағдайларға бейімделуін, сондай-ақ экономикалық белсенділікті жандандыруды қамтамасыз етуі тиіс. Жаңа шынайылық жағдайында шикізаттық емес экспортты проактивті ілгерілетуге және инвестицияларды нысаналы тартуға бағдарланған өзін-өзі қамтамасыз ете алатын және әртараптандырылған экономиканы дамытуға назар аударымыз қажет. Шағын және орта бизнес экономиканы дамытуға қарқын беруі тиіс», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін және нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды.
Премьер-Министр Үкіметтің 2021 жылғы негізгі мақсаты — экономикалық өсімді 3%-ға қамтамасыз ету, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды ЖІӨ-нің 20%-на дейін және шағын және орта бизнес үлесін 30%-ға дейін ұлғайту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1,4 есе арттыру, өңдеу өнеркәсібін 10%-ға өсіру, жұмыссыздықты 4,9%-ға дейін қысқарту екенін атап өтті.
А. Мамин Ұлттық экономика министрлігіне екі күн мерзімде Премьер-Министр Кеңсесіне Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі жол картасының жобасын енгізуді тапсырды.
«Басты міндет – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту және табысын арттыру. Үлкен жұмыс істеу керек, Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын жедел әрі нәтижелі түрде орындау қажет», — деді Премьер-Министр.