Пандемия салдарынан болған оқу сапасының кемшіліктерін жою үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабаралймыз.
«Орта білім беруде 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша математика, тілдер және информатика пәндерін оқытуға ерекше басымдық береміз. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін алғаш рет үлгілік оқу бағдарламаларын сараптаудан және апробациядан өткізіп, оқулықтарды дайындау, сараптау мен басып шығарудың жаңа үлгісі енгізіледі», - деді ол.
Осы ретте министр Заңға 2021 жылдың басында өзгерістер енгізілгенін еске салып өтті.
«Оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптарды бекітеміз. Сарапшыларға курстар ұйымдастырылады, арнайы базасы қалыптастырылады. Үлгерім деңгейі төмен оқушыларға басымдық бере отырып, білімді қалпына келтіру шаралары жасалады. Жалпы, пандемияның салдарынан болған оқу сапасының кемшіліктерін жою үшін арнайы бағдарламаны жүзеге асырамыз», - деді Асхат Аймағамбетов.
Автор Марлан Жиембай