Қазақстанның қой етіне шет елдердің қызығушылығы жоғары. Бұл туралы Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған «Қазақстанның қой шаруашылығы: өткені, бүгіні және келешегі» тақырыбындағы конференцияда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Қазіргі таңда Қазақстанның ішкі нарығы отандық қой етімен 100 пайызға қамтамасыз етілгенін атап өткім келеді. Сонымен бірге, отандық қой етіне шет елдердің қызығушылығы зор екені белгілі. Мысалы, болжам бойынша 2026 жылы Қытай Халық Республикасы 232 мың тонна, Еуразия одағы елдері 172 мың тонна, Біріккен Араб Әмірлігі 228 мың тонна, Малайзия 46 мың тонна қой етін қажет етеді. Ал бұл біздің республикамыздың кең байтақ жайылымда қой өсіруді дамытуға зор мүмкіндік беретіні анық. Болашақта республиканың қой шаруашылығы жаһандық нарықта тек жоғары сапалы өніммен, жаңа технологияларды пайдаланумен бәсекелесе алады», - деді министр.
Сонымен қатар ол биыл Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аяқталатындығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Үкіметке бизнеспен бірлесіп, агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың алдағы 5 жылға арналған сапалы жаңа Ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды. Осы жылдың 21 сәуірінде өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы Ұлттық жоба бойынша жалпы тәсілдемелерді мақұлданды. Агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған Ұлттық жобада қой шаруашылығымен айналысатын фермерлерді үздік дүниежүзілік тәжірибелер мен технологияларды қолдануға ынталандыру, жайылымдарды игеруде жаңа техника мен технологияларды алуға жеңілдетілген кредиттер беру, фермерлерді жайылыммен қамтамасыз ету, халықаралық қаржы институттарынан қаражат тарту, шопандардың зейнетке шығу жасын төмендету, балаларына мемлекеттік-жекешелік әріптестіктік негізінде мектеп-интернаттар құру сияқты іс-шаралар қарастырылған. Алда бірлесіп атқаратын жұмыстар көп», - деді Сапархан Омаров.