Биыл 30 жылға толып отырған қастерлі Тәуелсіздігіміздің тағылымы мол тарихына үңіліп қарасақ, алтын әріппен жазылатын жетістіктеріміз, мақтанатын тұстарымыз өте көп. Әсіресе спорт пен туризм салаларын қоса алғанда ұлт руханиятының негізі – әдебиет, мәдениет және өнер саласында қол жеткізген табысымыз толайым.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекетіміздің тарихты түгендеу мақсатында «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырғаны мәлім. Одан кейін ұлттың жаңа тарихи дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыруды мақсат еткен «Халық тарих толқынында» бағдарламасын қабылдап, тарихи ескерткіштер мен мәдени мұраны сақтаудың және тиімді пайдаланудың нақты тетіктерін жасақтағаны да белгілі. Соңғы кезде қоғамдық сананың, көзқарастың жаңаруына ықпал еткен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық манифест ретінде жаңа кезеңге сай болмысымызды, дамудың бағыт-бағдарын айқындап берді.
Жаһан жұртшылығын әбігерге салып, дағдарысқа әкеліп соқтырған коронавирус індеті мәдениет пен өнер, спорт пен туризм салаларына өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Дегенмен қиын жағдайдың өзінде мемлекетіміз халқымыздың жанынан табылып, игі істерге мұрындық болды.
Дәлірек айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикалық мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға, ал өңірлік ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлық ақыларынан 35% көлемінде көтерілді. Мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің жалақысы өсті. Дене шынықтыру мұғалімдеріне мектептерде сабақтан тыс спорттық сабақтарды жүргізгені үшін базалық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы енгізілді.
Әдебиет пен өнер қайраткерлерін, дарынды жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы жыл сайынғы стипендиясының көлемі үш есеге артты. Былтыр 75 мәдениет және өнер қайраткері мемлекеттік стипендия лауреаты атанды. Осылайша, мемлекет пандемия жағдайында да мәдениет пен өнерге қолдау көрсетті.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтқандай, қазіргі пандемия салдарынан туындаған дағдарыс жаңа сынақтарға әкеліп соқтырды. Әлемдік жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Осындай кезде ел жат жұрттың ықпалына ілесіп кетуі мүмкін. Осы себептен тамырымызды берік сақтауымыз қажет.
Осы орайда жаңа кезеңдегі қиындықтарды жеңіп, уақытпен ілесіп келген күрмеуі күрделі мәселелерді түбегейлі шешу үшін министрліктің дайындаған 4 заңына өткен жылы Президент қол қойды. Қабылданған заңдардың ішінде лотерея және лотерея қызметі, ойын бизнесі, мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар қабылданды. Қазіргі кезде 3 заңның жобасы дайындалуда.
Ұлттық мәдениетімізді дамыту мақсатында пандемия жағдайында да тыңғылықты жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлердің тарихи-мәдени нысандарының инфрақұрылымы күшейтілді. Дәл қазір «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай белдеуін құру жұмыстары жүргізіліп отыр. Тарихи орындарды толық жүйелеу бойынша жалпы ұлттық маңызы бар 256 нысан және жергілікті маңызы бар 575 нысан қалыптастырылды. Киелі нысандардың көрінісі виртуалды карта платформасы – qazmaps.kz сайтында 500-ден астам нысан цифрландырылды.
Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның тарихи орталығын қайта жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстарының басым көпшілігі аяқталса, кейбір нысандардың құрылысы әлі жалғасуда. Былтыр Елбасымыз Түркістан қаласына іссапары барысында жаңа Hazret Sultan Airport (HSA) халықаралық әуежайының ашылуына қатысып, «Керуен-сарай» кешені, «Ұлы дала елі» орталығы сынды нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Биыл жергілікті және шетелдік туристер киелі шаһардың бірқатар нысанын көріп, тамашалады. Пандемия туризмге кері әсерін тигізген болса да, қызығушылық күн өткен сайын артуда. Сондай-ақ киелі өңірдегі ортағасырлық «Сауран», «Яссы», «Сарайшық» және «Баласағұн» қалашықтары да қалпына келтірілуде.
Барлық республикалық жетекші музей-қорықтардың жанынан визит-орталықтар салынып жатыр.
Осы тұста айта кететін жайт, мәдени нысандардың салынуының арқасында жұмыс орындары да құрылады. Мәселен, былтыр мәдениет саласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде өңірлерде 23,32 млрд теңге сомасына 288-ге жуық инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Яғни 6035 жұмыс орны ашылды.
Кино саласы бойынша, 2021-2023 жылдарға арналған «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту жөніндегі Жол картасының жобасы дайындалды. Жобаның киностудияны өз-өзін толық ақтауға мүмкіндік беретініне, кино өндірістің жұмысын реттейтіндігіне күмән жоқ.
Былтыр Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған 25 фильм 55 Халықаралық кинофестивальге қатысып, 28 сыйлыққа ие болды.
Сол сияқты театр саласында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен «Астана Опера» опера және балет театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының рейтингісінде үздік бестіктің қатарына енді. Бұл шын мәнісінде театрдың дамуына серпіліс берген жетістік болды. Өз кезегінде «Астана Балет» театры елімізде алғаш рет спектакльдерді 360 градуста көрудің инновациялық мүмкіндігі бар ab-media театр стримингтік қызметін іске қосты.
Үкіметтің қаулысымен республикамыздағы екі облыстық драма театры «Академиялық» мәртебесіне ие болды. Сондай-ақ Президенттің Жарлығымен мәдениет саласындағы қызметінің айрықша мемлекеттік және қоғамдық мәні бар 5 мәдениет мекемесіне ресми түрде «Ұлттық» мəртебесі берілді. Елорда төрінде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрының жаңа ғимараты бой көтерді.
Музей ісі саласын дамыту мақсатында «Музейлер мен тарихи-мәдени мұра объектілеріне келушілерді тарту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығы» өз жұмысын бастады. Сол сияқты кітапхана ісі бойынша «Туған жерге тағзым» Мемлекеттік кітапханалардың үйлестіру-әдістемелік орталығы» құрылды. Кітапханаларда құжаттарды сандық форматқа көшіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда елімізде ұлттық электронды кітапханасы жұмыс істейді, онда 60 мыңнан астам электронды құжат көшірмелері бар. Олар интернет арқылы бүкіл әлем оқырмандарына қосылуға мүмкіндік береді.
2020 жылы еліміз ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтті. 10 тамыз – «Абай күні» болып жарияланды. Әрине, ғұламаға арналған іс-шаралар бір жылмен ғана шектелмейді. Дәстүрлі түрде жалғаса береді. Кемеңгердің еңбектері әлемнің 8 тіліне аударылып, шетелде Қазақстанның елшіліктері жанынан 8 «Абай орталығы» ашылды.
Былтыр 15 қазан күні Мемлекет басшысының қатысуымен Абайдың «Жидебай-Бөрлі» қорық-музейінің бас ғимаратының аумағында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің және Абай музейінің жаңа экспозициясының ашылу салтанаты өтті. Ұлы ойшылдың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында елімізде Абайдың 9 монументалды ескерткіші мен бюстері орнатылды. 31 елді мекен-ауыл, ауылдық округтер, 1300 көше, 100 білім беру мекемелері Абай есімімен аталды. Барлық өңірде ұлы ақынымызға арналған 19 мыңға жуық іс-шара өтті.
Ұлыларымызды ұлықтау, олардан қалған мәңгі мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу – ұлттық руханиятты дамытудағы жұмыстарымыздың басты бағыттарының бірі. Биыл жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы аясында «Жамбыл жылының» шымылдығы ашылды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы республика көлемінде аталуда.
Әрине, қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнап ірі-ірі шараларды ұйымдастырып отырмыз. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ұлттық мәдениетіміздің мәртебесі көтерілді. Көне Тараз, киелі Түркістан сынды шаһарларымыз жанданып, тарихи ескерткіштеріміз түгенделді. Тарихи мұрамыз сақталып, қорымыз байыды. Ұлттық өнеріміз әлемдік деңгейде паш етіле бастады. Талантты тұлғаларымыздың саны көбейді. Сондықтан тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміз толайым.
Өткен жылы Алтын Орданың 750 жылдығы аясында бірқатар іс-шара жоспары жүзеге асты. Жошы және Алаша хан кесенелерінде ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, онда тарихи-мәдени кешен құрылды. Сондай-ақ ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында Отырар қалашығында құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары өз мәресіне жетті.
Тарихи мұраны түгендеу бойынша ең маңызды салалардың бірі – архив ісі. «Архив-2025» жобасын іске асыру бойынша кешенді іс-шаралармен қатар, «Е-АРХИВ» ақпараттық жүйесі әзірленді. Былтыр бұл жүйеге 88 мемлекеттік архив, 295 орталық және 360 жергілікті атқарушы орган қосылды. Архив ісі саласының қызметкерлерін қолдау мақсатында 22 желтоқсан – «Архивистер күні» болып жарияланды.
Жалпы, карантин кезеңінде министрлік 60 млн астам қаралым жинаған көптеген онлайн-жобаны іске қосты. Концерттік және театр ұйымдарының, музейлердің, кітапханалардың және басқа да мәдени-демалыс ұжымының қорларын цифрландыру бойынша жоспарлы түрде жүргізілген жұмыстары онлайн режімінде көрсетілді. 160-қа жуық республикалық ұйымның концерттері мен қойылымдары көрерменге қолжетімді болды. Сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясы 223 ұлттық киноны интернетке жүктеді. Жетекші музейлердің, театрлардың, кітапханалар мен концерттердің қойылымдары мен экспозициялары интернет арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Есту қабілеті нашар адамдарға арналған бейне-экскурсиялар, танымал мұражайлар мен туристік бағыттар бойынша арнайы 3D-турлары тегін ұйымдастырылды. «Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында еліміздің эстрада жұлдыздары да белсенділік танытты. YouTube арнасында 20 миллион қаралымды құраған 42 онлайн концерт өтті.
Шамамен 70 мемлекет қатысатын Еуропалық хабар агенттігі әнші Майра Мұхамедқызының әлем дәрігерлеріне арналған «Бүкіләлемдік дұға» туындысын орындаған бейне клипке жоғары баға берді. Сондай-ақ әнші Димаш Құдайберген әлемдегі коронавируспен күресетін дәрігерлерге қолдау көрсету мақсатында We Are One жаңа композициясын орындап, ұлттық музыкамызды насихаттады.
Мәдениет пен өнер саласымен қоса, спорт және туризм салаларын дамыту министрліктің негізгі бағыттарының бірі. Жыл сайын спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдардың саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 5,9 млн адамға немесе 31,6% жетті.
Дені сау ұрпақ қалыптастыру мақсатында балалар мен жасөспірімдерге спортпен айналысу үшін жағдай барынша жасалған. 2020 жылы 4 жаңа балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 15 спорт клубы жұмыс істейді. Елордада Паралимпиадалық жаттығу орталығы қызмет көрсетеді, онда 500-ге жуық адамға спортпен айналысуға жағдай жасалған.
Спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың спортшылары 217 медальға ие болды. Ұлттық құраманың сапында спорттың 30 түрінен спортшылар еліміздің намысын қорғайтын болады.
Бүгінгі таңда Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасына спорттың 17 түрінен 48 лицензия жеңіп алды.
Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қазақстанның туристік картасы қалыптастырылып, онда негізгі турдестинацияның алғашқы ТОП-10 анықталды. Бурабай, Баянауыл, Алакөл, Балқаш, Каспий теңізінің жағалауы абаттандырылады. Олардың инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударылды.
Халықаралық туристерді жаппай тарту жұмыстары жалғасып келеді. Шетелдік туристерді тарту үшін Tax free қосылған құн салығын қайтару жүйесі енгізілді, e-Qonaq жүйесі әзірленді, визасыз режім бойынша елдердің тізімі 73-ке дейін артты. Қонақүйлерді, туристік жолдарды жіктеу, гид-экскурсия жетекшілерін сертификаттау бойынша біздің еліміз үшін стандарттардың бейімделген моделі дайындалды.
Саланың кадрлық әлеуетін дамыту үшін Түркістан қаласында Халықаралық туризм және спорт университеті ашылды.
Отандық мәдениетіміз әлемдік бәсекеге қабілетті. Бұны таланттарымыз дәлелдеп келе жатыр. Елімізде туып-өскен әрбір талантты тұлғаға қолдау көрсету – парыз. Талантты тұлғаларымыз көбейсе еліміздің еңсесі көтеріледі, рухы биіктейді. Тәуелсіз Қазақстан өзінің 30 жылдық тарихында өз өзін тұрақты дамып отыратын ел ретінде ғана танытқан жоқ. Әрине, саяси-экономикалық саладағы жетістіктеріміз өз алдына бір төбе. Мемлекетіміз теңдесі жоқ ұлттық мәдениетіміз арқылы да бүкіл әлемге танылды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елдің, мәдениеті мен өнері дамыған мемлекеттің келешегі кемел, болашағы әрдайым жарқын болмақ.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Мәдениет және спорт министрі
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"