Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин алдағы сессияда депутаттардың алдында тұрған маңызды міндеттерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Алдағы сессияда екі палата депутаттарының алдында көптеген маңызды міндеттер тұр. Ол - ең бастысы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын толықтай сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Осыған байланысты депутаттық корпус Үкіметпен бірлесіп, ұлттық экономиканы және кәсіпкерлікті дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау, сонымен бірге Тәуелсіздікті және демократияны одан ары нығайту бойынша белсенді жұмыс атқаратын болады. Осы жолда болашақта Парламент өзінің заң шығару қызметін тиімді жалғастырады», - деді Мәжіліс төрағасы.
Нұрлан Нығматулиннің атап өтуінше, қазіргі уақытта палата қарауында 35, оның ішінде «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Өсімдіктер дүниесі туралы», «Семей ядролық қауіпсіздігі туралы», «Әскери полиция органдары туралы» заң жобалары бар.
«Ал ең негізгі заңдардың бірі ол - әрине еліміздің бас қаржы құжаты. Осыған байланысты біз әдеттегідей 3 жылдық «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдайтын боламыз. Онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын күшейтуге, пандемия салдарын еңсеруге, ел дамуындағы маңызды бастамаларды жүзеге асыруға қажетті мемлекеттік қаражаттарды заңмен бекітеміз. Сонымен қатар келесі сессияда мемлекеттік жастар саясаты, қоғамдық бақылау, басқа да халық проблемасын шешуге арналған заңдарды қабылдау ел дамуына, қоғам дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Осының барлығы біздің жұмысымыздың бір ғана бөлігі деп айтуға болады», - деді палата спикері.