Мемлекет басшысы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.
Президент Қазақстан халқына Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сөздерімен бастады.
– Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз, Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір Ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті.
Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды.
Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара 1 млн. адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді.
Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді.
Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді.
Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді.
Президент бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керек екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін еске салды.
– Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз, – деді Президент.