Құрылыс нарығының қазіргі күйін тап басып айту қиынырақ. Бір қарағанда тұрғын үй нарығы қарқынды жұмыс істеуде. Оңды-солды ырғалып жатқан крандар мен биік ғимараттың әр қабатында жыпырлап жүрген жұмысшыда есеп жоқ. Бірақ үй бағасы, оның ішінде құрылыс материалдарының қымбаттауы нарыққа қысым жасайды. Бұл салушылардың да, алушылардың да көңіл-күйін бұзбай қоймайды. Оның үстіне нарыққа келетін, келуі тиіс жаңа трендтер де бар.
Жақында KazBuild 2021 халықаралық құрылыс және интерьер көрмесі аясында өткен құрылысшылар одағы конференциясында нарықтағы маңызды мәселелер көтерілді. Құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Айдар Мусиннің айтуынша, жаңа технологиялардың жаңғыруы – материалдар пайдалану көрсеткішін азайтады.
– 3D басып шығару материалдарды пайдалануды 60 пайызға азайтса, 80 пайыз уақытты үнемдейді. Басып шығару материалы ретінде қиыршық тас, өндірістік қалдықтар, цемент пен қатайтқыш қоспасы қолданылады. Бұл кезде артық шығын болмайды. Үйлерді басып шығару кезінде тек қана қажетті құрылыс материалдары ғана пайдаланылады, – дейді спикер.
Ал құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев қазір салада маман тапшылығы орын алып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, құрылыс секторында шамамен 242 мың адам жетіспейді.
– Соның салдарынан Қазақстан жыл сайын 500 млрд теңге жоғалтады. Өйткені әр күнгі жұмыс күшінің жетіспеушілігі саланы шығынға батыра түседі. Қажетті еңбек ресурстарының болмауынан ел экономикасы жылына 1,5 трлн теңгені ала алмай отыр. Осы мәселе жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласып, шетелдік жұмыс күшін әкелу туралы ұсыныс білдірдік. Алайда ведомство елде 451 мың адамның жұмыссыз жүргенін, соларды шақыру керек екенін айтып, бұл ұсынысты қабыл алмады. Бірақ бұл адамдар аз жалақыға байланысты ауыр индустрияда жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан біздің сала тапшылықты қатты сезіп отыр. Айта кету керек, бұл орайда Орталық және Оңтүстік Азияның бізге жақын елдерінің тұрғындары Қазақстан емес, Ресейге барып жұмыс істегенді жөн көреді, – дейді Т.Ерғалиев.
Бұған дейін осыған ұқсас болжамды еңбек ресурстарын дамыту орталығы да мәлімдеген еді. Олардың баяндауынша, жақын жылдарды жұмыс күші қысқара түседі.
«2022-2023 жылдары еңбекке қабілетті жастағы халықтың үлесі жергілікті минимумда 59,4 пайызға жетеді. Бұл көрсеткіш 2035-2036 жылдары 61,2 пайызға дейін жетеді және 2050 жылы 57,8 пайызға азаяды» деген еді орталық.
Жаңғырмалы энергия көздері бойынша білікті сарапшы Дияз
Байсейітов «жасыл» құрылыс тәжірибесін алға тартты.
– Нысандарда энергия тұтынуды азайтуға жасалған алғашқы қадам – пассивті жобалауға негізделген ғимарат жоспары. Ғимаратты энергия тиімділігі үшін оңтайландыру бастапқы кезеңде кешенді жобалаудан басталады. Интеграцияланған жобалау процесі әзірлеушіге жекелеген технологиялармен жұмыс тәжірибесінің жоқтығына қарамастан түрлі технологиялар арасында өзара әрекетті түсінуге және энергия тиімділікті арттыру үшін кешенді тәсіл қолдануға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Одақ төрағасының тағы бір орынбасары Файзуллин Баниямин саланың ендігі дамуына былай баға береді.
– 2021 жылы көптеген компания жобасының тиімді дамуына құрылыс материалдары бағасының күрт көтерілуі кедергі келтірді. Ондай кезде жағдайды дұрыс бағамдап, себебін анықтай білу маңызды. Баға өсіміне не себеп болды? Біріншіден, шеттен әкелінетін материалдар қымбаттады. Материалдардың 60 пайызға жуығы импорттық өнім және олардың сметалық құндағы көлемі 55-60 пайызды құрайды. Егер тереңірек қарар болсақ, соңғы жарты жылда арматура бағасы 40-55 пайызға көтеріліп кетті. 2020 жылдың қыркүйегінде 190 мың теңге болса, қазір 325 мың теңгеге дейін өсті. М-400 маркалы цементтің бір тоннасы 2021 жылдың қаңтарында 18 500 теңге тұратын, қазір – 21 000 теңге. Материалдардың қымбаттауы сөзсіз баспана бағасына және құрылыс процесіне әсерін тигізеді. Екінші себеп – девальвация. 2021 жылы девальвациялық пайыз 2020 жылмен салыстырғанда 31 пайыз болды. Бұл жағдай халықтың табысын құнсыздандырып жатыр. Үшіншіден, еңбек ресурстарының ташылығы құрылыс мерзіміне де, жобаның сметалық құнының өсуіне де әкеліп жатыр. Біз қазір кадрға өте қатты мұқтажбыз. Нәтижесінде, мемлекеттік бағдарламалармен ғана жұмыс істеп отырған көп компания банкротқа ұшырауда, – деді одақ өкілі.
Т.Ерғалиевтің айтуынша, шығынға белшесінен батқан компаниялар өздерін құтқарудың қамына кіріскен. Мәселен, кейбір компаниялар «котлован» кезінде пәтер сатып алып қойған клиенттеріне басқа баспана ұсынуға мәжбүр. Өйткені құрылыс сметасы бірнеше есе шарықтап кеткен. Үйді әу бастағы келісілген бағамен сату – оларды тығырыққа тірей бастаған.
– Дағдарысқа және қымбатшылыққа байланысты мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін компаниялар шығынға батып жатыр. Ондай компаниялар саны – 20 пайыздай. Мұндай банкроттықтың бір себебі – жергілікті атқарушы органдардың бюджетінде құрылыс материалдары құнының өсіміне өтемақы беру бағдарламасы қарастырылмаған. Үкімет өтемақы беру мәселесін жергілікті атқарушы органдарға сілтейді, ал олар жеке қаржысының жоқтығынан мұны атқаруға қабілетті емес. Қайда барсаң – тұйық шеңбер. 17 өңірдің төртеуінде ғана қаражат жеткілікті және республикалық бюджетті қолдап отыр. Қалған 13 өңір қаржылық тұрғыдан орталыққа тәуелді. Олар өздерін жарылқай алмай отырса қайтіп құрылыс жобаларын қаржыландырмақ? Сондықтан құрылыс компаниялары коллапсқа түсті, ал бюрократия бұл күрмеуді шеше алмай отыр, – дейді одақ басшысы.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"