АШМ: Қазақстанда ешқандай астық тапшылығы жоқ

Уақыты: 2022-04-11 Көрлімі: 282 Сипаттама

ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елдегі ұн тапшылығы жөнінд...

220411135200499e.jpg

ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елдегі ұн тапшылығы жөніндегі жарияланымдарға жауап берді, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.

«Өздеріңізге белгілі, БАҚ беттерінде бірқатар диірменнің шикізат дефицитіне байланысты жұмысы тоқтағаны жазылып жатыр. Мұнда бірден айтқым келетіні – елде ешқандай астық тапшылығы жоқ. Республикада жеткілікті мөлшерде астық бар. Баршаңызды дүрлікпе тудырмауға және жеке мүддені халықтың жалақысымен жасырмауға шақырамын», - деді А. Сапаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Алдын ала статистика дерегіне сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған.

«Бұл көлем ішкі тұтынуды қамтамасыз етуге және бір бөлігін экспортқа, оның ішінде ұн түрінде жіберуге де жеткілікті. Атап өткен жөн, жыл сайын біз шамамен 3 млн тонна ұн өндіреміз, бірақ бұл көлемнің жартысы экспортқа жіберіледі. Осылайша, өндірілетін ұнның барлығы ішкі нарыққа кетпейтінін түсіну керек. Ал кейбір диірмендер тек экспортқа жұмыс істейді», - деді Айдарбек Сапаров.

Айдарбек Сапаров Қазақстанда қанша ұн қоры сақталғанын айтты.

«7 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі ұн қоры 118 мың тоннаға жетеді, оның ішінде: тұрақтандыру қорларында - 10,4 мың тонна, «айналым схемасы» аясында – 22 мың тонна, өндірушілерде – 48,6 мың тонна, қоймаларда – шамамен 20 мың тонна және сауда объектілерінде – 18 мың тонна бар. Аталған көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге толық жеткілікті», - деді А. Сапаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, Азық-түлік корпорациясы ресурстарында 800 мың тоннадан астам астық бар, олар қажет болса жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберіледі.

«Қаңтар айында өңірлерге әлеуметтік нан үшін бидайды арзандатылған бағамен – 90 мың теңгеге сату жөнінде шешім қабылданған еді. Алайда қаңтар-ақпан айларында еш сұраныс болған жоқ. Тек наурыз айынан бастап өтінімдер түсіп жатыр», - деді Айдарбек Сапаров.

Қазақстанда 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспорты квоталанады.

«Біздің ойымызша, мәселе астықтың көлемінде емес, оның бағасында болып отыр. Бұрын біздің ұн тартатын кәсіпорындар бидайды Ресейден анағұрлым төмен бағаға көп импорттайтын, ал біздің астық негізінен экспортқа кететін. Бұл баланс Ресей дәнді дақылдарды экспорттауға тыйым салғанша сақталды. Аталған шешім ұн тартушыларды шұғыл түрде ішкі нарықтан шикізат алуға көшуге мәжбүр етті және тиісінше астық бағасы өсті», - деді А. Сапаров.

Спикердің айтуынша, қазіргі қордағы 6,4 млн тонна астықтың 3,4 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде сақтаулы, ал олар өз өнімін қымбатырақ сатқысы келеді.

«Фермерлерге де егістік жұмыстарын жүргізуге, несиесін өтеуге қаражат қажет екенін түсіну керек. Әрине, фермерлер қолда бар қорын сатуға тырысады. Осыған байланысты, ішкі нарықта тапшылық тудырмау үшін және ұн тартатын кәсіпорындарға жүктемені азайту мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспортын квоталау шешімін қабылдады. Бидай квотасының көлемі – 1 млн тонна, ұн – 300 мың тонна», - деді АШМ өкілі.

Сондай-ақ ішкі нарықтағы нақты жағдайды бағалау үшін Министрлік ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлерде бидайдың бар-жоғын түгендеу жұмыстарын бастады.

«Осылайша Үкімет ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру шараларын бастады», - деді Айдарбек Сапаров.

Бұған дейін Астық өңдеушілер одағы елімізде бір жарым аптаға ғана жетерлік бидай қоры қалғанын мәлімдеген еді. Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай дау туғаны, бидай таусылса барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені айтылған.

Ішкі нарықта тапшылық тудырмау үшін және ұн тартатын кәсіпорындарға жүктемені азайту мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспортын квоталау шешімін қабылдады.

Бидай квотасының көлемі – 1 млн тонна, ұн – 300 мың тонна.

Фото: Ашық дереккөз

Пікір жазу
  • Демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне қадам бастық
    АҚШ санкциялардың Қазақстанға әсерін барынша жұмсартуға тырысады - ҚР СІМ

    Ұқсас тақырыптар