Жеке тұлғаның шоты бақылауға алына ма?

Уақыты: 2022-04-19 Көрлімі: 478 Сипаттама

Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік кірістер комитеті кәсіп­керлік қызметті жүзеге асырудан табыс табу белгілері бар банк операцияларын анықтау мақсатында оның өлшемшарттарын белгілеп, «Электронды үкімет» порталында көпшіліктің талқылауына ұсынған еді. Бұл...





Әлеуметтік желілер мен кейбір ақпараттық ресурстарда «салық органдары жеке тұлғалардың мобильді ақша аударымдарын бақылауға алады екен» деген ақпар желдей есіп жүр. Шынымен солай ма, мәселенің анық-қанығы қандай, шолу жасап көрелік.

Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік кірістер комитеті кәсіп­керлік қызметті жүзеге асырудан табыс табу белгілері бар банк операцияларын анықтау мақсатында оның өлшемшарттарын белгілеп, «Электронды үкімет» порталында көпшіліктің талқылауына ұсынған еді. Бұл талқылау биылғы ақпан айынан бері жүргізілді. Өлшемшарттар екі айдың ішінде пісіп-жетіліп, әбден електен өтті деуге болады. Бүгінде осыған қатысты Қаржы министрінің бұйрығы шықты. Бірақ бұл барлық жеке тұлғаның шоты бақылауға алынды деген сөз емес. Мәселе – басқада. Бірақ халықтың күмәнданатын да жөні бар.

Әңгімені әріден бастасақ, дүние жүзін дүрліктірген коронавирус кезінде халықтың цифр­лы сауаттылығы күрт артқаны белгілі. Тіпті Үкімет қабылдаған цифрландыру бағдарламасының өзі мұндай табысқа жеткізе алмаған еді. Халық ешқайда шыға алмай, үйінде жіпсіз байланғаннан кейін онлайн қызметтерге деген сұраныс күрт артты. Ел де жағдайға қарай бейімделіп, үйде отырып-ақ бірталай құжатты ресімдеуге көшті.

Ешқандай банк картасын ұс­тап көрмеген, банкте жеке шоты болмаған тұрғындардың өзі осы ке­зеңде жаппай банк картасы жүйе­­­сіне қол жеткізді. Сондай-ақ бұрын қолма-қол сауда жасағанды тәуір көрген жұртшылық интернет арқылы төлем жасау тиімді еке­ніне көз жеткізді.

Осылайша, мобильді төлем жүйесі де бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен дамыды. Ал қол­ма-қол ақшасыз төлемдер кө­лең­­келі экономиканың қысқа­руы­на да ықпал ететіні сөзсіз. Осы ұрымтал сәтті қалт жібермеген Үкі­мет кәсіп­керлердің мобильді қо­­сымшаларын да бақылауға алып, тұтынушылардан түсетін ақша ауда­рымдарын фис­­кал­дан­ды­ру мәселесін шеше қойды. Былтыр жылдың басынен бері қозғалған бұл мәселені халық басында күмәнмен қа­был­­д­ап, жеке тұлғалардың мо­биль­ді аударымдарына да са­лық салынады деп түсінді. Бірақ тиісті ведомство өкілдері мо­биль­дік банк қосымшалары ар­қы­лы ақша аударған қарапайым қа­зақ­стан­дық­тарға салық салынбайды, өзге­ріс тек кәсіпкерлерге ғана қа­тысты екенін мәлімдеді.

Арадағы бір жылдай уақыт ішінде енді жеке тұлғалардың мо­биль­ді аударымдарына қа­тысты сөз қозғала бастады. Кәсіп­кер­лердің шотына мониторинг жүргізілгеннен кейін қарапайым халықтың күмәндануы да орынды.

Мемлекеттік кірістер коми­те­тінің жақында таратқан хабарла­ма­сында кәсіпкерлік қыз­метке арналмаған шоттарды пайдаланып, табыс алу белгілерін анық­тай­тын өлшемшарттар белгі­лен­­гені айтылды. Қарапайым тілмен тү­сін­дір­сек, кейбір кәсіп­кер­лер табысын жасырып, жеке тұлға ретінде шот ашып, мо­биль­ді аударымдар қабылдауы мүмкін. Бұған басты себеп – жеке тұлғалардың мо­бильді ауда­рым­да­­рына салық са­лын­байтыны және бақылауға алын­бай­тыны. Сон­дықтан са­лық ор­гандары бір адам­ның­ күн с­айын бірнеше адамнан ауда­­рымдарды ұзақ уақыт бойы қабылдауын кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қа­растырмақ. Оны анық­тау мынадай өлшемшартпен жүргізіледі: егер бір жеке тұлғаның шотына қатарынан күнтізбелік 3 айдың ішінде 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша ауда­рыл­са, онда бұл «кәсіпкерлік қыз­мет­тен табыс табу белгісі бар» болып саналады. Демек, сіздің мобильді қосымшаңызға күніне кемі екі әртүрлі адам ақша аудар­са және бұл үш ай қата­рынан жал­ғас­са, онда сіз жасы­рын түрде кәсіпкерлікпен айналысып жүр­ген адам болып шығасыз. Онда мем­ле­кетке салық төлеуге тура ке­ле­ді. Тіпті айыппұл қарас­ты­рылуы да мүмкін.

Бірақ бұл өлшемшартқа бола алаңдауға негіз жоқ. Өйткені са­лық органдары өздері бұл қыз­­метті бақылауына алмайды. Олар­ға мәліметті екінші дең­гейлі банк­тер береді және де­ректерді банк­тер салық органдарына дәл қазір ұстатқалы тұрған жоқ. Салық ко­дексі шең­бе­рінде қолда бар санаттарды толықтыра отырып, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жү­зеге асырмақшы: I кезең бо­йынша (2022 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін) алдымен мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайларының ақша аударымдары бақыланып, ондағы мәліметтер салық органдарына жіберіледі. II кезеңде (2023 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) бюджет саласының қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ ква­зимемлекеттік сектор субъек­ті­лерінің жұмыскерлері мен олар­дың жұбайлары бойын­ша мә­ліметтер беріледі; III кезең (2024 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы
1 қаңтарға дейін) заң­ды тұлға­лар­дың басшылары, құ­рыл­­тайшылары (қатысу­шы­ла­ры) және олардың жұ­байлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тура­­лы мағ­лұ­маттар алынады.

Ал төртінші кезеңде­ (01.01.2025 ж. бастап) ха­лықтың қал­­­­ған санаттары бойынша дерек­тер анықталады. «Бұл бұйрық­тың жеке тұлғалардың, адал са­лық төлеушілердің жеке ауда­рым­дарына қатысы жоқ және кезең-кезеңімен жүзеге асы­ры­ла­тын құжат Қазақстан Рес­пуб­ликасы заңнамасындағы нормаларды сақтауға және салық тө­­леу­ден жалтарудың алдын алу­ға бағытталған», делінген Мем­­ле­кет­тік кірістер коми­те­ті­нің ха­бар­­ламасында.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Экономика министрі ақшаны инфляциядан сақтандырудың сенімді жолдарын айтты
    «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау мамырда басталады

    Ұқсас тақырыптар