Қазақстандықтар жеке басына қатысты қате мәліметтерді eGov арқылы онлайн түзету мүмкіндігіне ие болады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Жеке деректердің жалған, сәйкес келмеу фактілері бар. Мысалы, сіздің 4 балаңыз болғанымен, eGov-та 3 бала деп көрсетіп тұрады. Немесе мүлдем баласы әлде жұбайы жоқ деп көрсетеді. Мұны қалай ретке келтіруге болады? Бұрын АХАТ-қа, анда-мында барушы едіңіздер. Енді eGov-тың ішінде бір түймені басып, сол жерге өзіңіздің мәліметтеріңізді, туу туралы куәлік, жеке куәлік суретін жүктеу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Ал жасы үлкен не eGov-ты қолдана алмайтын азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, өтініш бере алады. Бірақ, бұл процесс 3 күннің ішінде аяқталуы тиіс, мәліметтер базаға кіруі қажет», - деді министр Ақтөбе облысы жұртшылығымен кездесу барысында.
Оның айтуынша, кеше Үкімет басшысының төрағалығымен цифрландыру комиссиясының отырысы өткен. Отырыс қорытындысымен осындай іс-шаралар бекітілді.
«Бұл халқымыз үшін үлкен проблема болатын», - деді Бағдат Мусин.