ҚЫЗАЙ АНА МҮСІН ЕСКЕРТКІШІН ЖАСАУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРС ӨТЕДІ

Уақыты: 2022-07-01 Көрлімі: 1677 Сипаттама

«Қызай ана» Қоғамдық қоры 2022 жылы Алматыда бірінші рет Қызай ана образын сомдауға арналған мүсін туындыларына республикалық ашық конкурс жариялайды. Конкурстың мақсаты – Қызай ана образы толыққанды ашылған, пластикалық шешімі ұтымды, көркемдік деңгейі ж...

 

1.jpg

«Қызай ана» Қоғамдық қоры 2022 жылы Алматыда бірінші рет Қызай ана образын сомдауға арналған мүсін туындыларына республикалық ашық конкурс жариялайды. Конкурстың мақсаты – Қызай ана образы толыққанды ашылған, пластикалық шешімі ұтымды, көркемдік деңгейі жоғары шығармалар тудыру.

Қызай ана – қазақ халқы қадір тұтқан қасиетті, киелі аналардың бірі. («Қызай ана мүсінін жасауға арналған сипаттамаға» қараңыз).

 

Конкурстың шарттары:

·        Конкурсқа қатысуға орта арнаулы және жоғары көркемсуреттік білімі бар Қазақстан мүсіншілері шақырылады;

·        Бір автор немесе авторлар тобы екі ғана туынды эскиздерін ұсына алады;

·        Ескерткіштің эскизі (мүсіндік композиция) 1:10 масштабта пластилин немесе гипстан болуы қажет;

·        Түсіндірме жазба (туындыға автордың ойы, көзқарасы)

Жобалар 60х80 см мөлшердегі планшетте ұсынылуы тиіс. Графикалық орындау әдісі – макеттің түсі, техникасы және материалы автордың қалауы бойынша;

 

Конкурсқа ұсынылған мүсіндік эскиздерді «Қызай ана» Қоғамдық қоры, Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі және ҚР Суретшілер одағының өкілдерінен құрылған арнаулы комиссия іріктеу жасап, жеңімпазды анықтайды.

Бірінші орынға ие болған туынды – ескерткіш болып бой көтереді.

Екінші, үшінші, төртінші, бесінші орын алған лауреаттар сыйлықпен марапатталады.

Аяқталған туындыларды әкеліп тапсыру мерзімі – 2022 ж. 15 тамызға дейін.

 

Анықтама алу үшін тел.: +7 708 277 48 18, Батан Шаттық. 

 

ҚЫЗАЙ АНА МҮСІНІН ЖАСАУҒА АРНАЛҒАН

СИПАТТАМА

Қызай ана – қазақ халқы қадыр тұтқан қасиетті, киелі аналардың бірі. Қызай ана өзінің туабіткен ерекше қабілетімен, ақыл-парасатымен, өжет батылдығымен, көрегендігімен, әдеп-ибалығымен, ісмерлігімен елдің құрметіне бөленген, тіпті кумиріне айналған тарихи тұлға.

Қызай ананың азан шақырып қойған аты Күнбибі. Ол Ұлы жүздегі атақты Бәйдібек би мен қасиетті Домалақ анадан туған. Шамамен 1402 жылы қазргі Түркістан облысындағы Қаратаудың Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келіп, 1472 жылы 70 жасында қазіргі Жетісу облысының шығыс-оңтүстігіндегі Матай тауының солтүстік сілемінде өмірден өтіп, сол жерде жерленген.

Қызай анадағы ерекше қасиеттер геннен тараған. Өйткені оның әкесі атақты бай, әйгілі би Бәйдібек Қарашаұлы, анасы Түркістандағы Баб – Талап мешітінің имамы Мақтұм Ағзамның қызы Домалақ ана. Күнбибідегі тектілік пен киелік ата генінен, ана сүтімен дарыған қасиеттер болып табылады.

Күнбибі жаратылысынан зерек әрі сұлу болған. Анасы оны жастайынан мәпелеп тәрбиелеп, әдепті, білімді, ісмер және ұлттық жөн-жосыққа жүйірік етіп қалыптастырады. Бойжете келе оның атағы алысқа тарайды.

Орта жүзде Матай тауын мекендеген Найман Төлегетайдың төрт ұлының бірі Матайдан тараған Келдәулет би (Аталық атанған), баласы Шағырға атақты Бәйдібек бидің қызы Күнбибіге құда түсіп,  17 жасында келін ғып түсіреді. Күнбибінің сұлулығына таңданған Матай жұрты «Қыз-ай десе, Қыз-ай екен-ау»-деп жүріп оны «Қызай» деп атап кетеді.

Қызай ана Итемген (азан шақырып қойған аты Жеңіс), Меңіс, Бегімбет, Дербіс деген төрт ұл туып өсіреді. Осы «Төрт қызайдан» тараған ұрпақ қазір бір миллиондай халықты құрап отыр.

Күнбибінің өмірдегі өнеге-үлгісі де «Қызай» деген аттың мән-мағынасын айшықтағандай. Ол өзіндегі тектілік пен білімділікті моральдық әдептілік арқылы көрсетіп, абысындарын айрандай ұйытып, ағайын-туыстардың береке-бірлігін нығайтады; Ол парасаттылықпен ұрпақтарын шарушылықты шалқытуға, тұрмыстарын жақсартуға баулиды; Ол қазақы киім-кешектер негізінде жаңашылдықпен «Қызай қалпақ», «Қызай тақия» «Қызай кимешек», «Қызай кесте» үлгісін қалыптастырады. Бұл модельдер қазақ киімдерінің бір үлгісі ретінде қазірге дейін өз жалғасын тауып келеді.

Қызай ана киелі адам болған. Оның алғысын, батасын алғандардың малы мен жаны қатар өсіп, үрімбұтақтары көбейіп отырады. Бұл қоғамдық тәжірибе дәлелдеген тарихи ақиқат.

Қызай анада осындай қасиеттер болғандықтан оның ұрпақтары қасиетті анасына қойылған ат бойынша өздерін мақтанышпен «Қызай руымыз» немесе «Қызай еліміз» деп атап келеді.

Әйгілі суретші Аман Абзалбекұлы майлы бояумен салған Қызай ананың жоғарыдағы портреті, әртүрлі басылымдарда жарияланып келе жатқан, қоғамда кеңінен танылған бірден бір сағым сурет. Мүсіншілер осы сурет бойынша Қызай ананың тұрған немесе отырған толық келбетін сомдауы керек. Басты талап – Қызай ананың дара қасиеттері мүсін көркемдігімен көрінуі қажет.

 

 

* ескерту: ұсынылған фотосуреттердегі мүсіндік ескерткіш мысал ретінде берілген


Пікір жазу
  • Қаңтар оқиғасы: Жаппай тәртіпсіздік бойынша 58 және терроризмге қатысты 8 қылмыстық іс тергелуде
    Бакалавр, магистратура және докторантураға бөлінген гранттар тізімі жарияланды

    Ұқсас тақырыптар