Абай күні қалай аталып өтуі керек?

Уақыты: 2022-08-10 Көрлімі: 419 Сипаттама

Бүгін, 10 тамыз – Абай күні. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 2020 жылдың 5 тамызында...

220809141324919e.jpg

Бүгін, 10 тамыз – Абай күні. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде 10 тамыз «Абай күні»  болып ресми түрде бекітілген болатын.  Осыған байланысты ұлттың ұлы ойшылының ілімін зерттеушілерге айтулы күн қалай тойлануы керек деген сұраққа жауаптарын ҚазАқпаратқа сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 

«Абайдың дүниетанымын орыс әлемімен шектеуді қою қажет»

Мекемтас Мырзахмет, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор:

«Жалпы, Абай тақырыбына абайлап кіру керек. Әйтпесе, шатысып кету оп-оңай. Абай күнін тойлаған кезде оның қазақ еліне сіңірген еңбегін жас ұрпақтың құлағына құйып отыру керек. Мысалы, Абай академиясы ашылды, ондағылар әркімге бір тапсырыспен мақала жазғызады. Онымен Абайды танып болмаймыз. Абайдың ішіне кіру үшін проблемалық сауал қойып, жауап іздеу керек. Көбіміз әлі Абайдың сыртында жүрміз. Себебі, Шығысты білмеген қазақ еш уақытта Абайға кіре алмайды. Әуезовтің айтқаны бар: «Абайдың Батысынан Шығысы басым».

Мен осыған байланысты, «Абайдың шығыстық әлемі» деген 600 беттік кітап жазып, жарияладым. Абайды журналистік стильмен ашып болу мүмкін емес. Соны көпшілік зерттеушілер түсінбей жүр. Абайға ғылыми стиль керек. Әрбір сөзін, өлеңін ғылыми тұрғыдан ашуымыз керек. Абайтануды журналистік мақала жазу деп түсініп жүргендер бар. Ал, ондай дүние халықтың санасына, жастардың танымына сіңбейді. Соның кесірінен Абайдың сыртын ғана шолып, ішіне бойлай алмай келеміз.

Абайды қарапайым халыққа түсіндіру үшін «Абай ұлағаты» деген кітап жаздым. Сол кітапта Абайдың қолданған терминдері берілген. Кезінде мен де адастым. Кейін біртіндеп отырып аштым ғой. Сол терминдер арқылы Абайдың ішіне кірдім. Абайды Шығыстың әлемінсіз танытуға болмайды. Абайды орыс әлемімен байланыстырған бірнеше том кітап жазылды. Пушкиннен, басқалардан аударған еңбектері туралы жазып, сол арқылы Абайдың дүниетанымы қалыптасты дейді. Өтірік! Абайдың дүниетанымы Шығыстың әлемімен байланыс арқылы қалыптасқан. Кезінде «Абай атеист, Абай материалист» деген кітап жазған философтар болды. Оның бәрі өтірік. Абайдың қара сөздері өз алдына бір терең тұңғиық. Әсіресе, соның ішінде отыз сегізінші сөзін көп адам бір оқығаннан түсіне бермейді. Менің өзім зорға түсінем. Абайдың дүниетанымы ашылмай жатыр. Басқа жағы біршама ашылды деуге болады.

Қысқартып айтқанда, Абай күнін лайықты атап өту үшін оның әлемін түсініп алуымыз керек. Онсыз бүкіл шара есеп үшін өтіп жатқандай әсер береді. Ал, Абай әлемін түсіну үшін, түсіндіру үшін әуелі Шығыс әлемін толық ашып, одан кейін Абай қолданған төл терминдерді ғылыми айналымға толығымен енгізу керек».

«Абай күні әрбір қазақстандық өз-өзіне есеп берсе...»

Ернат Мелсұлы, «Толық адам және 4 даму» жобасының, «Абай арқылы ағылшынша үйрен», «Ғылым тап - Find Science» әдістемелерінің авторы, оқытушы-аудармашы, журналист, велосаяхатшы:

«Бізде Абай туралы совет үкіметі кезінде қалыптастырылған түсінік бар. Абай филологтарға, тіл мен әдебиеттің айналысындағы сөзге жақын адамдарға ғана қажет сияқты. Одан қалса, оқушыларға, студенттерге ғана керек сияқты үрдіс орнығып кеткен. Негізі Абай ұлттық идеологияның темірқазығы болуға әбден лайық. Енді осы ойымды тарқатып берейін. Бүкіл полиция, әскер, сот жүйесі, экономистер, депутаттар, Үкімет, атқарушы билік тұтастай, әкімдер спортшылар жаппай Абай ілімін өз қызметінде қалай қолданатынын, даму бағдары ретінде қалай негізге алатынын түсіне білуі керек.

Абай күні әр қазақстандық әуелі өз-өзіне, одан кейін қызметін тұтынатын көпшілікке нақты есеп беруі керек сияқты. Мысалы, Тәуелсіздік күнінде тәуелсіздік кезеңіндегі атқарылған шаруалардың есебі беріліп, мемлекеттілігіміз қаншалықты нығайғаны талқыланып жатады. Абай күні де солай аталып өтуі керек. Бірақ, есеп шынайы болуы керек. Сөзуарлыққа салынбай, нақты-нақты есеп жасалуы керек деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін сөзуарлыққа саламыз деп, халықты Абайдан алшақтатып алдық. Сөзге салған соң бәрі жалпылама сипат алады...»

Фото: turkystan.kz

Автор

Есімжан Нақтыбай


Пікір жазу
  • Қорғаныс министрлігі Түркияның бронды техникасын сынақтан өткізбек
    Полиция азаматтарға алаяқтық әрекеттер туралы SMS хабарламалар жіберіп жатыр

    Ұқсас тақырыптар