Шет мемлекеттерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз.
Қытайдан Қазақстан астанасына тағы бір тікелей рейс ашылды - «Халық газеті»
Air China авиакомпаниясының мәліметінше, 28 тамыз күні Чэнду қаласынан Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласына тікелей рейс ашылатын болды. Бұл Чэндудың алғаш рет Нұр-Сұлтанға жасайтын тікелей рейсі, деп хабарлады Қытайдың «Халық газеті» ақпарат порталы.
Бағыттың рейс нөмірі CA491/2, оны Airbus A320 Air China South-West филиалы басқарады. Әр жексенбі сайын ұшып, қайта келетін рейс бар.
ҚР Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми Моңғолияға жұмыс сапармен келді – KAZNEWS
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Моңғолия астанасында өткен Азия Конституциялық соттары және оған теңестірілген институттар қауымдастығының V конгресіне қатысу үшін Моңғолияға жұмыс сапарымен келді.
Бұл туралы осы аптада Моңғолияның KAZNEWS ақпарат порталы хабарлаған болатын.
Мәліметке сүйенсек, биыл гибридті «онлайн-офлайн» форматында өткізілген Конгресс жұмысына Азия қауымдастығының мүшелері, Азия аймағындағы бірқатар елдің өкілдері қатысты.
Атап айтар болсақ, Қазақстан, Әзербайжан, Бангладеш, Индонезия, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив аралдары, Мяньма, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия және Өзбекстанның конституциялық әділет органдарының төрағалары мен судьялары, Моңғолияның мемлекеттік құрылымдарының басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан болатын.
Қауымдастық кеңесі отырысының ашылу салтанатында ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы құттықтау сөз сөйлеп, баяндама жасаған. Сондай-ақ шетелдік әріптестеріне Қазақстанда жүргізілген саяси реформалар мен конституциялық реформалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берген. Іс-сапары барысында Қ.Мәми Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хуралының (Парламент) төрағасы Г.Занданшатармен және Моңғолияның Конституциялық сотының төрағасы Н.Чинбатпен екіжақты кездесулер өткізгені айтылады.
Сондай-ақ осы аптада «Kaznews»-те «Моңғолия мен Қазақстан зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасын талқылады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Аталған БАҚ дерегінше, 23-24 тамыз күндері Ұланбатырда ҚР үкіметі және Моңғолия үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасын талқылайтын жұмыс тобының 11-мәжілісі өткен.
Мәжілістің алдында Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі А.Ариунзаяамен өткізілген кездесуде делегацияға Моңғолия үкіметі халықты әлеуметтік қорғау саласында қолданып жатқан шаралар таныстырылды.
Айта кетейік, өзара түсіністік пен достық рухындағы келіссөздер екі күнге жалғасты. Оның барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшылары Зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасының бірқатар бабы мен тармағын егжей-тегжейлі қарастырды және ортақ келісімге келді.
Сарапшылар жұмыс тобының 11-мәжілісінің қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қойылған.
Өзбекстанға 7 айда ең көп турист Қазақстаннан келген - «ӨзА»
Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, туристік мақсатпен 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында Өзбекстанға 2,4 миллион шетел азаматы келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 миллион адамға немесе 2,2 есеге артқан, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Аталған БАҚ Өзбекстанға жыл басынан бері туристік мақсатта келген әр ел азаматтарының санын да жариялаған. Соған сәйкес, биылғы жеті айда 716 700 қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған.
Қытай Жазушылар одағының мүшелігіне 5 қазақ қаламгері қабылданды - «Жэньминь жибао» (People Daily)
Қытай жазушылар қауымдастығы одақ мүшелері санын арттыру мақсатында хабарландыру жариялаған. Соған сәйкес қауымдастыққа 994 мүшені қосу туралы шешім қабылданған. Оның ішіне Шыңжаңнан 34 адам іріктелді, деп хабарлайды «Жэньминь жибао» ақпарат порталы.
Қытай жазушылар қоғамына мүшелікке өтуге 2875 адам өтініш берген. Аталған ұйым 16-23 тамыз күндері аралығында дауыс беру арқылы 994 мүшені ресми тіркеген.
Қабылданған мүшелердің 34-і – Шыңжаң өлкесінен.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, сол 34 адамның бесеуі қазақ ұлтынан шыққан қаламгерлер. Атап айтар болсақ, олар – Нұрахымет Әуетов, Қажыбек Айдарқанұлы, Нұрила Қызықанқызы, Қайша Тәбәрәкқызы және Ризабек Қасенов.