«Қызай ана» Қоғамдық қоры 2022 жылы 10 шілдеде Алматыда бірінші рет Қызай ана образын сомдауға арналған мүсін туындыларына Республикалық ашық конкурс жариялады. Конкурстың мақсаты: Қызай ана образы толыққанды ашылған, пластикалық шешімі ұтымды, көркемдік деңгейі жоғары шығармалар тудыру болатын.
Конкурс жарияланған алғашқы күннен бастап, Республиканың әр жерінен көптеген мүсінші өнерпаздар конкурсқа қызығушылық танытты. Нәтижесінде Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан қалаларынан 30-дан астам мүсінші конкурсқа үміткер болып қатысты.
«Қызай ана» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған «Қызай ана» ескерткішіне арналған конкурстың эскиздерін қабылдау 15-16 қыркүйек күндері Алматы қаласы, Шоқан Уалиханов көшесі 43А , Дүние жүзілік Қазақ қауымдастығының 4-қабатындағы жиналыс залында қабылданып, 17 қырқүйек күні конкурсқа ұсынылған мүсіндік эскиздерді «Қызай ана» қоғамдық қоры, Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі және ҚР Суретшілер одағының өкілдерінен құрылған арнаулы комиссия іріктеу жасап, жеңімпазды анықтады.
Конкурыстың әділ және таза өтуі үшін әділ қазылар құрамына «Қызай ана» қоғамдық қоры мүшелерінен тыс, сырттан кәсіби мамандар арнайы шақырумен қатыстырылды. Атап өтер болсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР AICA Ұлттық бөлімінің Президенті, Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ, Қазақстан бейнелеу өнерінің жетекшісі Мұқажанова Гүлжазира ханым, Қазақстан суретшілер одағының басқарма мүшесі, Қазақстан мүсіншілер секциясының төрағасы Амирханов Марат Жәнібекұлы қатысты. Эскиздерді бағалау барысында комиссия мүшелері арнайы шақырған кәсіби мамандардың кеңесіне көбірек көңіл бөлуге тырысты. Мұқажанова Гүлжазира ханым өнертанушы ретінде эскиздердің компазциялық шешімін, түсін, оның Қызай ана образына сәйкестігін, эстетикалық, этикалық бағыттарына кәсіби тұрғыдан жан-жақтылы ашып көрсетсе, Марат Жәнібекұлы кәсіби мүсінші ретінде Мүсінге қандай материал пайдаланса өнімді болатынын, әр материалдың баға құнын, беріктігі мен тұғырлылығын, климаттық әсер мен жан-жануарлардың тигізер зиянына дейін комиссия мүшелері мен конкурсқа қатысушы мүсінші мамандарға тәптіштеп түсіндіріп берді. Осы орайда осы кункурстың сәтті өтуіне басты жауапты тұлғалардың бірі – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, суретшілер одағы секретарлар алқасы, белгілі суретші Шаттық Батанұлының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Шаттық Батанұлы «Тура биде туған жоқ» ұстанымын ұстана отырып, хас өнердің, шынайы ту ұстаушысы, жанашыр ретінде осы конкурстың барынша әділ, ашық, таза өтуіне барын салды. Конкурсқа қатысушы эскиздерді тек нөмір санымен бағалап, ең соңғы қорытынды шыққанға дейін қай мүсін кімге тиесілі екенін әділқазылар мен арнайы шақырылған кәсіби мамандар білген жоқ, құпия сақталды. Соңында мүсін жасаушы иелері келіп өз эскиздерін көрстіп, таныстырғанда қай эскиздердің кімге тиесілі екені анықталды. Конкурстың барынша құпия, әділ өтуіне комиссия төрағасы Нәбижан Мұхаматқанұлы, Шаттық Батанұлы бастаған әділқазылар алқасы барынша атсалысты.
Соңында әділқазылардың ортақ шешімімен конкурсқа қатысушы мүсінші үміткерледің алдында конкурс жеңімпаздары жарияланып, мараппатталды. Конкурсқа қатысушы барлық эскиздер ішінен жүлделі 5 туынды іріктеліп алынды. Оларға ақшалай сыйлықпен конкурс жеңімпаздығын анықтайтын сертификат табысталды.
1- орын: Бауыржан Жуасбаев.
2 -орын: Еркінбек Бақдәулет.
3 -орын: Сарбасов Данияр.
4 -орын: Талапхан Азамат, Жолдас Ершат.
5 -орын: (Шабыттандыру) Әкімбек Ардақ, Табысбек Толқын.
Алла сәтін салып, анамыздың аруағы қолдап алдағы бірнеше жыл ішінде Алматы облысы Талғар ауданы Өстемір ауылындағы «Қызай ана» саябағында жүлделі бірінші орынға ие болған туынды зәулім ескерткіш болып бой көтереді.
Алда конкурс жүлдегері Бауыржан Жуасбаев пен «Қызай ана» қоғамдық қоры арасында заңды келісім-шарт жасалып, бой көтергелі тұрған «Қызай ана» ескерткішіне қатысты комиссия мүшелерінің кейбір ұсыныс-пікірлері бойынша толықтырулар енгізіліп, жұмыс бірте-бірте іске асатын болып келісіп тарқасты.
Нұртәліп Шәріпқазыұлы