2022 жылы ел экономикасы 3,1 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Теріс сыртқы факторларға қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 3,1 пайыз деңгейде тұрақты өсімге қол жеткізді. Оның ішінде нақты сектордағы өсім - 3,2, ал қызмет көрсету саласында - 2,5 пайызды құрады. Оң өсім қарқыны құрылыс, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, сауда, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі салаларында тіркелді. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өңдеу қарқыны 1 пайызға төмендеді», - деді министр.
Оның дерегінше, негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны 7,8 пайызға жеткен.
«Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестиция көлемі жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 15,4, ауыл шаруашылығында – 6,9, көлік және қоймалауда – 5,5, сондай-ақ өнеркәсіпте - 5,6, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 14,2 пайызға ұлғайды. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Қызылорда, Жетісу, Маңғыстау және Алматы облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Астана қалаларында байқалды», - деді Әлібек Қуантыров.
Оның айтуынша өткен жылы газ бен мұнай өндіру төмендеді.
«Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі - 9,4 пайызға, оның ішінде автомобиль жасау – 19,1, электр жабдықтарын жасау – 22,2 пайызға өсті. Сондай-ақ өсім келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 3,9, мұнай өңдеу өнімдері – 1,9, химия өнеркәсібі – 10,2, сусындар өндірісі – 11,2, пластмасса бұйымдары – 2,1, жеңіл өнеркәсіп – 6 пайыз», - деді Әлібек Қуантыров.
Министрдің атап өтуінше, өсіммен қатар кейбір көрсеткіштердің төмендегені байқалып отыр.
«Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1 пайызға төмендеді. Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 15,9 пайызды құрады. Екі өндірістің көрсеткіші 0,7%-ке төмендеді, олар - көмір және металл кенін өндіру. Сондай-ақ, газ өндіруде – 1, мұнай өндіруде – 1,9 және өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 7,6 пайыз төмендеу тіркелді», - деді ол.