Банкрот мәртебесін алуға берілген өтініш қанағаттандырылмай, бас тартқан жағдайда оның себептерін жою үшін құзырлы мемлекеттік органдарға жүгінуге болады. Бұл жайында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті.
«Алдымен банк алдындағы қарызы, яғни несиені өтеу бойынша сол банкке, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлік агенттікке жүгінген жөн. Клиенттің атында жылжымайтын мүлік болған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығы немесе электронды үкімет порталы арқылы әділет органдарына өтініш білдіре алады», – деді Ержан Біржанов ОКҚ-де өткен брифингіде.
Оның мәлімдеуінше, банкроттықты рәсімдеу барысында автокөлік бойынша мәселе туындаса Ішкі істер министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласу қажет.
«Банкрот мәртебесін тағайындауда жер учаскесінің болуы, төрт түлік малы және арнайы техникасы кедергі келтірсе, мәселені жергілікті әкімдік арқылы шешу мүмкіндігі бар. Ал клиенттің жеке кәсібі бары анықталса, мемлекеттік кірістер органына жүгінген абзал», - дейді министр орынбасары.
Қаржы министрлігі тұлғалардың банкрот ретінде рәсімдеу бойынша қаржылық көмек алудың заңды жолын түсіндірді.
«Клиенттерге олардың қатысуынсыз банк алдындағы қарызын жоюға уәде беретін хабарландырулар бар. Тіпті банкрот мәртебесін алып береміз деушілер де бар. Әрине, бұл дұрыс емес, шындыққа жанаспайды. Бөгде адамдар банкрот мәртебесін алуға кепілдік бере алмайды. Бұл жерде алаяқтықтың белгісі бар», – деді қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов ОКҚ-де өткен брифингіде.
Сонымен қатар, вице-министр банкрот мәртебесін рәсімдеуде заңды тұлғаларға жүгінудің болатындығын айтты.
«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң аясында қаржы басқарушылары қарастырылған. Олар банкроттық рәсіміне көмектесе алады, бұл заңмен реттелген. Сол сияқты заңда аталған қызметі үшін төменгі айлық жалақыға сәйкес төлем көзделген. Егер сіз қаржы басқарушысын жалдасаңыз, оған 70 мың теңге көлемінде төлейсіз, одан көп емес. Тағы бір жайт, егер клиент әлеуметтік осал топқа жататын болса, қаржы басқарушысының қызметін бюджет есебінен өтеуді қарастырдық. Бүгінде 170-ке жуық маман қаржы менеджері ретінде тіркелді. Банкроттық бойынша білікті көмек алу үшін соларға жүгінуге болады»,- дейді министр орынбасары.
Дереккөз: ҚазАқпарат