Кәсіпкерлік және қандастар

Уақыты: 2024-08-30 Көрлімі: 43 Сипаттама

ҚР қаржы минстрірлігі статистика комитетінің 2017 жылы 1-ші желтоқсандағы ақпаратына сүй...

IMG_2445.jpeg

ҚР қаржы минстрірлігі статистика комитетінің 2017 жылы 1-ші желтоқсандағы ақпаратына сүйенсек, елімізде 1 156 436 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі болса, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны 207 929. Ал орта кәсіптегі тұлғалар саны 2609 екен. Жеке кәсіпкер ретінде 756 743 азамат тіркелген. Сонымен бірге 189 155 шаруа немесе фермер қожалығы ресми түрде жұмыс істеп тұр.

Кәсіпкерлік - дамыған батыс елдерінде ұлттық экономиканың негізгі күретамыры саналады. Сонымен бірге сол елдің күш-қуатын және әлеуметтік жағдайы мен елдің болашағын айғақтайтын басты өлшемдердің біріне айналды. Наполен Бонапарт кодексінен бастау алған жеке меншіктің қасиеті мен құзыреті жылдан жылға, ғасырдан ғасырға күшейіп, кемелденіп феодал ақсүйектердің мирасқорық монополиясы ыдырады. Буржуазия тарих сахнасына шықты. Кәсіпкерлік терминін ең алғаш 18 ғасырдағы ағылшын экономисі Ричард Контильон айналысқа енгізген. Оның анықтамасы бойынша «Кәсіпкерлік дегеніміз нарық жағдайында әрекет жасайтын адам». Адам Смит 1776 жылы «кәсіпкерлік кәсіпорынның меншік иесі», - десе, 1934 жылы И.Шумпетер «Кәсіпкер - ол инновациялардың көзі және дамудың қозғаушы күші, новаторлар», - деген.

Бірікккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының мәліметінше, әлемдік экономикада шағын кәсіпорындардың саны барлық кәсіпорындардың 95%-ын ұстаса, ал жалпы ішкі өнімде ұстайтын үлесі 50%-ға жетеді. Жапонияда шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі компаниялар жалпы санының 99,6%-ын құрап, жалпы ұлттық ішкі өнімінің 55%-ын ұстаса, АҚШ-та 58%, Ұлыбританияда 52%, Италияда 55%-ын құрайды. Елімізде бұл көрсеткіш әрең 16 пайызға жетіп отыр.

Кәсіпкерлік елімізге сексенінші жылдардың аяғында кіре бастады. 1987 жылы қабылданған КСРО азаматтары жеке еңбек қызметі туралы заңы және 1988 жылғы кооператив туралы заңдарда кәсіпкерлік туралы тармақтар көрініс тапты. Тәуелсіздіктен кейін 1991 жылы кәсіпкерлік дамуы мен шаруашылық қызметтің еркіндігі, 1992 жылы жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау туралы заңдар дүниеге келді.  Сонымен отанымызда кәсіпкерліктің құқықтық және заңдық базалары қалыптасты.

Жетпіс жыл бойы жеке меншікті түп-тамырымен жоюға ұмтылған қоғамда бірден кәсіпкерлік даңғыл жолмен дамып кетпеді. Санаға біраз өзгеріс керек болды. Мемлекетті құрап отырған жетекші ұлт біраз мезгіл дағдарып қалды, дегенмен қоғамдық формация зорлықпен   өзгерсе де, ұзақ жыл бойы ғылым мен білімге басымдық берген жақсы дәстүр өз нәтижесін берді. Адамдар заманның өзгергенін, өндірістік қарым-қатынастың жаңа формалары пайда болғанын тез сезінді.  Мемлекетті құру мен нарыққа өту қатар жүрді.  Билік тізгіні қолымызға өткен соң, ішкі-сыртқы саясатта дербес, тәуелсіз бағыт ұстануға көштік. Оның айқын көрінісі көші-қон саясатында анық көрінді.

1992 жылы қыркүйек айында әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайы сол кездегі астанамыз Алматыда салтанатпен дүркіреп өтті. Сол құрылтайда Қазақстан достық қоғамының орнына шыт жаңа «Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы» құрылды. Сонымен әлемнің қырықтан астам елінде тарыдай шашырап жүрген қандастарымыз еңбек күш ретінде ұйымдасқан түрде және оқу, туысшылау негізінде атамекенге орала бастады.

Жұмыс орындар қысқарып, завод-фабрикалар тоқтай бастаған өтпелі кезеңнің өлара кезінде қандастар көші де басталып кетті. Атамекенге деген алғашқы сағыныштарының мауқы басылған соң, тіршіліктің тырбыңы басталды. «Совет үкіметінің құлағанын көзіммен көрдім,  енді аштан өлсем де арманым жоқ». 1996 жылы ұлттық ғылым академиясының Зерде санаторийнде президент аппаратының сол кездегі басшысы Сағынбек Тұрсыновтың қазақ зиялыларымен кездесуінде көзі тірі классик жазушымыз Мұхтар Мағауин осылай толғанған еді. Классик ағамыз қазір шетелде. Есесіне миллионнан астам қандастарымыз атажұртта тамыр тартып,жапырақ жайып кетті. Екі қолға бір жұмыс қайдан болса да табылады.

ТМД елдерінен келген қандастарымыз тіл-жазудан, заң-законнан қиналмай, бүкіл еліміз аумағында бизнестің көрігін қыздырса, Моңғолиядан келген қандастарымыз кезінде Совет одағында және Шығыс Европа елдерінде білім алғандықтан , көп елге визасыз баруға мүмкіндік беретін Моңғолия паспортына сүйене отырып әлемді шыр айналды. Алғаш Шығыс Европада социалистік режим құлағанда нарықтың ошағына бір түсіп, жинаған тәжірибелері атамекенге келгенде ес қатты.

Қытайдан келген қандастарымыз арзан өнімге тұнып тұрған қытайды артқы шеп ете отырып, нарықтағы өз есебін түгендеді.

Иран және Ауғанстаннан келген қандастар дәстүрлі қол өнерге арқа сүйей отырып тері мен жүн нарығындағы экспорттық саланы негізгі нысана етті. Осылай кәсіпкерлік өміріміздің бір көрінісіне айналды. Қазір ресми статистикада екі миллион тұрғыны бар деп саналатын, іс жүзінде бес миллионға таяп қалатын Орта Азия елдері бойынша ең үлкен қала Алматыда 218 мыңнан астам қандастарымыз тұрақты тіркеуде тұрады.

Алтынорда, Жетіқұрдас әмбебап базарларында Өзбекстаннан келген қандастарымыз көбірек кәсіпкерлікпен айналысса, Барахолка атайтын әмбебап базарларда Қытай, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келген қандастарымыз қызмет көрсетіп, салық төлеп, отбасын асырап, айналасына жұмыс тауып беріп отыр.

Алматы қаласының батыс оңтүстігіне орналасқан Ақкент ауданында 22 мыңнан астам қандастарымыз тіркеуде тұрады.  Ол жерде қандастарымыз менеджерлік етіп отырған отыздан астам ресторан-кафе, жиырмадан астам сұлулық салондары, тағы сол шамалас ұлттық өнімдер мен сусындар сататын бутиктер мен шағын маркеттер, емдеу пункттері халыққа қызмет көрсетуде.

Бұл үдеріс енді ары қарай жалғасып, «Апорт» микрорайонын қамтуда. Асар ықшам ауданында Моңғолиядан келген қандастарымыз негізін қалаған мебель жасау цехтары бой көтеруде. Жүрегі мен өнеріне сенген қандастарымыз қазба байлықтан ештеңе дәметпей, еліміздегі шағын-орта кәсіп пен өндірістің дамуына осылай үлес қосуда.

Қазақстан цифрлық даму жағынан көп елден алға озып кетті. Осыған орай интернат саудасын қыздырып отырған қандастардың жаңа ұрпақтары да өз белестерін бағындыруда. Осы рет «Республика» партиясының құрылтайшыларының ішінде тегі Моңғолиядан, Қытайдан келген жас жігіттер жарқырап көрінді. Олар кәсіпкерліктің әлеуметтік және азаматтық жауапкершілігін жақсы сезінуде. Барлық қоғамдық және партиялық шаралардың қолдаушысы әрі демеушісі бола білді. Сонымен Республикалық паламентке және қалалық, облыстық, аудандық мәслихатқа партиялық тізіммен және өзін-өзі ұсыну арқылы біраз қандастарымыз жеңіске жетті.

Алматы қаласында Сабыржан Мұқаметқанұлы деген кәсіпкер құрылыс фирмасын ашып, 500-дей адамға жұмыс беріп отыр. Қаланың индустриялық аумағындағы газоблок заводы отандық өндірістің кем-кетігін толтыруда. Сол индустриялық аумақта бой көтерген Дәурен Қалметұлының скоч заводы биыл отандық өндірушілерге арналған республикалық «Сапа» сыйлығын жеңіп алды. Талғат Мамырұлы құрған «Қазақ-қытай тіл колледжі» мыңға таяу студенттерді тәрбиелеп, жүзге таяу адамға жұмыс тауып беріп отыр.  Әйелі Фарида Мирхамитқызы екеуі бірігіп құрған «Ерке-Нұр» дәстүрлі киімдер фабрикасының өнімдері біраз жылдың алдында отандық өндірістің брендіне айналды. Мерей Сламұлы қытайлық инвесторлармен бірлесіп құрған «Кылун каз фарм» заводы бүкіл ТМД елдеріне танымал өндіріс ошағына айналды.

Қандастар әлдекімдер айтып жүргендей қоғамның әлсіз буыны емес, аштықтан және соғыстан кейін жан сауғалап келген босқын емес. Тәуелсіздіктен кейін ұлт көшбасшысы әлемге жариялаған үндеуіне үн қосып, жылы орнын суытып, жайлы тұрмысын тастап, Алаштың бір керегіне жарасам деп келген жүрегі таза, арманы асқақ азаматтар немесе ұрпағының қамын жеген бір-бір отбасының ұйтқылары. Олар ел басына күн туғанда қашқан жоқ, басым бөлігі әлемге қожа болғысы келген империялар Қазақ елін бөліске салғанда, өз кіндік кесіп, кір жуған жерінде отырып, амалсыздан «қызыл сызықтың» сыртында қалып қойған тілі, ділі, діні бір қаракөздеріміз.

Өлара кезінде ұлттық бірегейлену үдерісі басталғанда, сол үдерістің басы-қасында болайын деп келген шетінен патирот кісілер. Олар өзіне сенді, елінің болашағына сенді. Міне, ешкімнің арманы алдамапты. Тәуелсіздіктің төртінші он жылдығына қарай 20 миллион халықтың жетекші жетпіс пайызы ретінде нық сеніммен аттап барады. Қазақта «қой ақсақ-тоқсағымен бір қора», - деген аталы сөз бар. Көштің алтын дәуірі басталғанда, сол өмір сүрген елінде жүріп, парамен ұсталғандар және тау мен тасқа симай жүрген суайттар, басбұзарлар көшке ере келді. Олар елге сіңіп алған соң кісілік құқық және еркіндік, демократияның жоқтаушысы болған боп, ел арасында іріткі салып, өсек-аяң таратты. Әлеуметтік желіде топ ұйымдастырып, партия құрам деп жылу жинап, қарапайым, аңқау халықтың қалтасына түсті. Ақыры «сүтке тиген күшіктей» болып, масқарасы шығып, алды шетелге қашты, арты санаттан шығып, саяқтың күйін кешіп жүр. Әрине, олар аздың азы. Оларға бола тонымызды отқа жақпайық. Уақыт деген кемеңгер төреші бәрін өз орнына қояды екен.

Көш жалғаса берсін. Кәсіпкерлік элитасы еліміздің ертеңіне еңбек ете берсін!

Омарәлі Әділбекұлы


Пікір жазу
  • Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
    Президент Жолдауын іске асыру: Инновациялық IT инфрақұрылымын дамыту және жеке бастамаларды қолдау

    Ұқсас тақырыптар