Тамара Дүйсенова: Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау саласында нақты, атаулы шарала

Уақыты: 2024-09-04 Көрлімі: 46 Сипаттама

Азаматтардың табыс деңгейін арттыру Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты. Премь...

IMG_4293.jpeg

Азаматтардың табыс деңгейін арттыру Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары қаралды. Отырыста ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамар Дүйсенованың баяндамасы тыңдалды. 

Тамара Дүйсенованың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру бойынша әлеуметтік салада келесідей нақты шаралар іске асырылады.

«Біріншіден, елімізде өз филиалдарын ашқан шетелдік жоғары оқу орындарының жұмысын біріздендіру. Осы ретте қазан айының соңына дейін Министрлік Бірыңғай талаптар қабылдайтын болады. Атап айтқанда, оқу бағдарламаларының халықаралық стандарттарын, оқыту технологиясын және студенттердің білімі мен біліктілігін бағалау механизмдерін трансферлеу қарастырылады», — деді вице-премьер.

Екінші міндет, отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Осы мақсатта келер жылдың 1 сәуіріне дейін жоғары оқу орындарының білім сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылмақ. Бағалау критерийлерінің негізі ОЭСР елдерінің тәжірибесіне негізделеді. Бағалау нәтижесі бойынша жоғары оқу орындары жоғары, орташа және мақсатты лигаларға жіктелетін болады.

Үкімет басшысының орынбасары мәлімдегендей, үшінші бағыт білім беру гранттарына қатысты.

«Алдағы жылдарда гранттар жоғары оқу орындарының кіретін лигасына қарай және ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл алған, бірақ конкурс аясында өте алмай қалған түлектерді қолдау мақсатында сараланатын немесе дифференциаланатын болады. Сонымен қатар осы өзгерістер аясында жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін шекті балдар да қайта қарастырылады», — деп түсіндірді спикер.

Төртіншіден, жоғары оқу орындарының нақты сектормен байланысын нығайту. Бұл жұмыс басталып кетті.

Салалық Жоғары оқу орындары мен Ғылыми зерттеу институттары кәсіпорындармен тікелей байланысып, комбинаттардың жұмысын ғылыми сүйемелдеумен айналысуда. Қазақмыс корпорациясымен ғылыми хакатон өткізілді. «ERG», «Qarmet», «KAZ Minerals», «Қазатомпром» және т.б. ірі кәсіпорындармен хакатон өткізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды.

«Аталған тапсырманы орындау үшін Оқу-ағарту министрлігі биылғы жылдың 15 қарашасына дейін Үкіметке Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың кешенді жоспарын әзірлеп, енгізетін болады», — деді Т. Дүйсенова.

Вице-премьер келтірген мәліметке сәйкес, жоспарда қарастырылатын негізгі өзгерістер келесідей:

Біріншіден, осы жылдың соңына дейін өңірлер сұранысына ие кадрларды дайындау мақсатында колледждерді профилизациялау процессі аяқталады.

Екіншіден, бұл салада да колледждердегі білім сапасын бағалауды жүргізіп, оларды лигаларға жіктейтін боламыз. Жоғары және орташа лигаларға енгізілген колледждер 100 технологиялық көшбасшы тізімін құрайды. Олар елімізге тартылған шет елдік жоғары оқу орындарымен жұмыс істейтін болады.

Үшіншіден, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі өзгертіледі. Ол қолданыстағы базалық бөлік пен жаңа ынталандырушы төлемнен құралуы керек.

«Ынталандырушы төлемдер халықаралық салалық стандарттарды енгізген, түлектердің басым бөлігі сертификатталған және орташа есеппен жоғары мөлшерде еңбекақы алатын колледждерге ұсынылады. Аталған өзгерістер салалық мемлекеттік органдарға түлектерді жұмысқа қабылдау мәселесін пысықтаумен қатар жүргізіледі», — деп түсіндірді спикер. 

Тамар Дүйсенованың айтуынша, ең алдымен, орта білім беру саласында нысаналы білім беру сапасын арттыру, аймақтарда тірек мектептер желісін құру ісі жалғасады. Сондай-ақ шағын жинақты мектептерді трансформациялау жөніндегі шаралар жүзеге асырылады. 

«Екіншіден, жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған білім ошақтарын басқару жүйесінің жаңа моделі бекітіледі. Үшіншіден, қаржыландыру көздері нақтылана отырып, алдағы 3 жылда 1300 мектепті күрделі жөндеу жоспары 1 желтоқсанға дейін әзірленеді. Төртіншіден, мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін балаларды тәрбиелеу, оқыту және тамақтандыруға бөлінетін қаражат көлемі мобильді қосымшада немесе ата-аналардың Әлеуметтік әмиянында қызметті нақты алу фактісіне қарай көрсетіліп отыратын болады», — деп түсіндірді вице-премьер.

Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамар Дүйсенова мектепке дейінгі білім беруге қатысты жыл соңына дейін жоспарланып отырған шаралар туралы айтты. 

Біріншіден, балабақшалар мен мектептердің бастауыш сыныптарындағы оқу бағдарламаларын біріздендіру бойынша жұмысты жалғастыру;

Екіншіден, Бірыңғай цифрлық кезек жобасын аяқтау;

Үшіншіден, жан басына шаққандағы нормативтерді әрбір отбасының табыстарымен байланыстыру мақсатында қаржыландыру моделін қайта қарастыру.

«Жалпы қарастырылып отырған жаңашылдықтар білім беру жүйесіндегі заңнаманы жетілдіруді талап етеді. Осыған байланысты Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері осы айдың соңына дейін Заң жобаларын әзірлеп, Үкіметке енгізуі керек», — деп атап өтті Т. Дүйсенова.

Сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласында Мемлекет басшысы қойған мақсаттарды орындау үшін келесідей шаралар қабылданатын болады:

1) саланы дамытудың үш сатылы жүйесі құрылады. Оның біріншісі бұқаралық спорт, кейінгі сатылары – жоғары жетістіктер спортына қатысты 

2) жоғары жетістіктер спорт түрлері қайта қарастырылады. Ол тізімге Олимпиада, Азия, паралимпиада ойындары, сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері кіреді;

3) салаға бөлінген қаржыны нәтижелі әрі тиімді пайдалану үшін қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі;

4) спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорттық медицина, фармакология, диетология, психология саласының мамандарын дайындау жүйесі қайта қарастырылады.

5) әкімдіктермен бірлесе отырып аймақтардағы спорттық инфрақұрылым кеңейтілетін болады.

Бұл өзгерістер Парламент Мәжілісінде қарастырылып жатқан заң жобасы аясында ескеріледі.

Ал, еліміздің денсаулық сақтау саласында келесі шаралар қамтылады.

Біріншіден, кепілдендірілген базалық және сақтандыру пакеттерінен тұратын медициналық көмектің Бірыңғай пакетін қарастыратын Заң жобасы әзірленеді.

Ол өз кезегінде жүйені толық қаржыландыруды талап етеді. Сондықтан жобада қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында:

- ресми түрде жұмыссыз болып тіркелген азаматтар үшін жарнаны жергілікті бюджет есебінен төлеу,

- сондай-ақ, жарнаны есептеудегі табыстың жоғары шегі және төлемдердің ставкаларын қайта қарау көзделуде.

«Сіздің тапсырмаларыңызға сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі даярлаған Заң жобасы осы айдың соңына дейін Үкіметке енгізіледі», — деді Тамара Дүйсенова Премьер-Министрге қарата айтқан жауабында. 

Оның айтуынша, екіншіден, жүйені толық цифрландыру бойынша тиісті Жол картасын жүзеге асыру жалғасады. Оның аясында:

- осы жылдың соңына дейін медициналық сақтандыру қорын цифрландыру аяқталады;

- келер жылдың соңына дейін бірыңғай Ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыруды тапсырды. Үкімет бұл мақсатта Отбасының цифрлық картасындағы мәліметке сай шұғыл және дағдарыс санаттарына жатқызылған отбасылар санын азайту жөніндегі жұмысты жалғастырады.

«Өздеріңіз білетіндей, бұл шара әр отбасымен жекелей жұмыс істеп, олардың мүмкіндігіне қарай мейілінше оңтайлы мемлекеттік қолдау түрлерін ұсынуға бағытталған. Келесі маңызды шара – Әлеуметтік әмиянды енгізу. Онда әр отбасыға әлеуметтік мәртебесіне қарай ұсынылатын барлық мемлекеттік қолдау түрлері болады. Сондай-ақ қолдаудың нақты берілу фактісі негізінде мемлекет тарапынан көрсетілген көмек сомасы да көрсетіледі», — деп түсіндірді Т. Дүйсенова.

Бұл шараларды жүзеге асыру тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізуді талап етеді. Вице-премьердің айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жыл соңына дейін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдайтын болады.



Премер министрдің баспа-сөз қызыметі сайтынан 

Пікір жазу
  • 2028 жылы Қарашығанақта газ өңдеу зауыты іске қосылады
    АЭС туралы ақпаратты онлайн алуға болады

    Ұқсас тақырыптар