Кәсіпорында жаңадан 1500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мұнда өндірістің тиімділігін арттыруға әрі экологиялық тұрғыдан зиянсыз етуге бағытталған технологиялық шешімдер қолданылады. Автоматтандырылған заманауи кәсіпорынның дәнекерлеу желісінде, автокөлікті бояу және құрастыру жұмыстарына 70 робот пайдаланылады. Жобаның құны 200 миллион долларды құрайды, оның 80 пайызға жуығы тікелей шетелдік инвестицияның үлесінде.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа зауыттың жанынан қосалқы бөлшектер өндірісінің кластерін құру жобасы таныстырылды. Бүгінде Локализация орталығының құрылысы басталған. KIA компаниясы автокөлік компоненттері мен қосалқы бөлшектерін өндіруші жаһандық компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
КСС Corporation компаниясы автокөлік компоненттері бөлімінің басқарушысы Пак Сэйон мен Seoyon Ehwa Global компаниясы жаһандық бизнесті басқару тобының жетекшісі Чанг Сэоквон Оңтүстік Кореяның өндірушілері Қазақстанда өз өндірісін ашуға әзір екенін айтты.
t.me/aqorda_resmi телеграм арнасынан