2024 жылғы тамыздағы тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі мен келісім саны

Уақыты: 2024-09-10 Көрлімі: 101 Сипаттама

Бір жылда (2024 жылғы тамыз 2023 жылғы тамызға) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағалары...

IMG_4388.jpeg

Бір жылда (2024 жылғы тамыз 2023 жылғы тамызға) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағалары 4,9%, жаңа тұрғын үйлерді сату 2,7% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы тамызда 4,2% жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтерлер нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбеде – 7,9%, Талдықорғанда – 7,2%, Қызылорда қаласында 7,1% қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көш басында Атырау (17,3%) мен Астана қалалары (12%), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Петропавл (23,5%), Қарағанды (22,4%), Шымкент (20,8%) және Астана қалалары (20,6%).

Бір айдың ішінде (2024 жылғы тамыз 2024 жылғы шілдеге) жаңа тұрғын үйді сату 0,3% өсті, ал пәтерлерді қайта сату 0,2% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі тамызда өткен аймен салыстырғанда 1,4% жоғарылады.

2024 жылғы тамыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 40 832 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 981 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 31 851 мәміле жасалды. 2024 жылдың шілдесімен салыстырғанда (40 099) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 1,8%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (8 200 – 20,1%) және Алматы (7 242 – 17,7%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (3 170 – 7,8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 403 мәміле (1%).

2024 жылдың шілдесімен салыстырғанда тамызда ең көп өсім Астана қаласында (+19,8%), Абай (+15%) және Қызылорда (+13,3%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Солтүстік Қазақстан (-24,4%), Алматы (-15%) және Ақтөбе (-14,3%) облыстарында орын алды.

2024 жылдың шілдесімен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 2,8%-ға (878 мәмілеге) көбейді. 2024 жылдың тамыз айында пәтерлер бойынша барлығы 31 851 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (25,4%), Алматы (21,1%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,4%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың тамыз айында олар бойынша 12 019 мәміле ресімделген.

2024 жылдың шілде айымен салыстырғанда, 2024 жылдың тамызында жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 1,6%-ға немесе 145 мәмілеге азайды. Тамызда барлығы 8 981 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Қызылорда (+32,8%), Павлодар (+22,3%) және Жамбыл (+9%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Ақтөбе облысында (-21,2%), Астана қаласында (-14,5%) және Солтүстік Қазақстан облысында (-12,3%) орын алды.

2024 жылғы тамызда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 5,2%-ға көбейген, ол кезде 38 810 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Батыс Қазақстан облысында (65,5%-ға) байқалды, ең үлкен төмендеу – Солтүстік Қазақстан облысында (23,5%-ға). 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санын 2023 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 13,8%-ға өсім байқалды. 

ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады. 



Qazstat сайтынан алынды

Пікір жазу
  • Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді
    Қазақстан мен Орталық Азия елдері қауіпсіздік саласында Қытаймен күш біріктіруде

    Ұқсас тақырыптар