Қазақстан мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының өзара ынтымақтастығы жыл сайын нығайып келеді. Бұл туралы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің партиялық тобының хатшысы Сюй Гуйсян айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Былтыр Шыңжаңда сыртқы сауданың жалпы көлемі 300 миллиард юаньға жеткен. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің партиялық тобының хатшысының айтуынша, бұл көрсеткіш Қытайдағы басқа аймақтармен салыстырғанда өте жоғары болмауы мүмкін. Алайда өңір сыртқы сауданың өсу қарқыны бойынша өткен жылы Аспан асты елінде екінші орынға табан тіреген. Шыңжаң ауданы негізінен тоқыма өнімдерін, киім-кешекті, азық-түлікті экспорттайды.
"Шыңжаңның жалпы сыртқы сауда үлесінің шамамен 80 пайызын Орталық Азия елдерімен алыс-беріс құрайды. Олардың ішінде ең негізгі серіктес ел – Қазақстан. Импорттық өнімдерге келетін болсақ, бұл негізінен кен, кептірілген жемістер, астық", - деді Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің партиялық тобының хатшысы Сюй Гуйсян.
Айта кетейік, Шыңжаң өңірінде 1,6 миллионнан астам қандасымыз тұрады.
t.me/atamekenbusiness_silkway телеграм арнссынан