Нұрсұлтан Бәйтілесов: Сотталғандарды беру шартын ратификациялау – ел азаматтарының құқығын қорғау

Уақыты: 2024-10-02 Көрлімі: 46 Сипаттама

АСТАНА. KAZINFORM – Ертең өтетін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың қарауына бірқат...

АСТАНА. KAZINFORM – Ертең өтетін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың қарауына бірқатар маңызды құжат шығарылмақ. Солардың бірі – «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы. Ал Вьетнам тарапы дәл осындай Заңды биыл 10 шілдеде ратификациялаған болатын. Осыған орай, отырыс барысында құжат бойынша қосымша баяндама жасайтын Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Бәйтілесовке хабарласып, шағын сұхбат алған едік. 

– Нұрсұлтан Төленұлы, бүгінге дейін екі елдің де бір-бірінің аумағында сотталған азаматтары жоқ екен. Ендеше, бұл шартты ратификациялау қажеттілігі неден туындап отыр?

– Бұл келісім қылмыс жасағаны үшін сотталған екі елдің азаматтарына жазасын өз елінде өтеуге мүмкіндік береді. Демек, сотталғандарды оңалтуға және өз ұлтының қоғамына бейімделуі үшін қолайлы жағдай туғызады.

Өздеріңізге мәлім, биыл мамыр айынан бастап екі ел азаматтары үшін туристік виза алынып тасталды. Бұл туристер ағынының өсу динамикасын болжайды. Осы орайда, туристердің құқық бұзушылық жасауы мүмкін екенін де жоққа шығармауымыз қажет. 

Қазақстан азаматының Вьетнамда немесе керісінше, Вьетнам азаматының Қазақстанда сотталу жағдайы болмаса да, келісімді ратификациялау екі елдің азаматтарының мүдделерін болашақта қорғауға мүмкіндік береді.

– Қазақстан әлемнің 23 елімен дәл осындай шартты ратификациялағаны белгілі. Көңіл көншітерлік нәтижесі бар ма?

– Иә, Қазақстан Республикасы Әзербайжан, Украина, Түрікменстан, ҚХР, Испания, Түркия, Италия, Мажарстан, Румыния, Үндістан, Иран, Сербия, Сауд Арабиясы, Литва, Иордания, Моңғолия, Бразилия, БАӘ, Корея Республикасы, Болгария, Солтүстік Македония, Өзбекстан, Кипрмен осындай шарттар жасасты. Статистикалық деректерге сүйенсек, кейінгі 5 жылда 160 азамат Қазақстанға, 260-тан астам шетелдік Қазақстаннан өз отанына қайтарылған.

– Қазақстан азаматтары қандай шет елде, ал қай шетелдіктер біздің елімізде заң бұзып, жиі сотталады? Осы мәселеге талдау жасадыңыздар ма? 

– Өте орынды сұрақ. Бұл жерде алдымен айта кететін бір жайт бар. Ол – сотталғандарды шет елден туған еліне ауыстыру. Бұл тек сол сотталғандардың өтініші негізінде ғана жүзеге асырылады. 

Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда шет елде бас бостандығынан айыруға 900-дей қазақстандық сотталған. Олардың 54-і өз еліне ауыстыру туралы өтініш білдірді, оның 18-і бойынша оң шешім қабылданды, 3 адамға рұқсат берілмеді, қалған өтініштер бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жазасын шетелде өтеп жатқан қазақстандықтардың басым бөлігі көршілес ТМД елдерінде (Ресей – 649, Қырғызстан – 32, Беларусия – 26, Өзбекстан – 24, Корея – 36). Дәл осылай, елімізде қылмыс жасап, жазасын өтеп жатқан шетел азаматтарының басым бөлігі де ТМД елдеріне (Өзбекстан – 494, Ресей – 193, Қырғызстан – 93, Тәжікстан – 67, Әзербайжан – 40) тиесілі. 

– Әлемде 200-ден астам мемлекет бар. Біз солардың тек 10 пайызымен ғана мұндай шарт жасасқан екенбіз. Тіпті, іргелес Ресей, Қырғызстанмен, жалпы ТМД-ға кіретін бірқатар мемлекетпен арада келісім жоқ. ТМД-ға кіретін елдермен Қазақстан арасындағы көші-қон процесі үзілмейді. Бұл елдермен шарт жасасу жоспарда бар ма? Осы мәселені зерделеп көрдіңіздер ме? Алдағы уақытта тағы қандай елдермен мұндай шарт жасалады? 

– ТМД елдері арасында сотталған адамдарды беру 1998 жылғы Мәскеу конвенциясына («Бас еркінен айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу үшін беру туралы конвенциясы ҚР 1999 жылғы 16 шілдедегі Заңымен бекітілген) сәйкес жүзеге асырылады. Ол конвенцияға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекістан, Украина қосылған. Бұдан басқа, жақын арада сотталған адамдарды беру туралы екі жақты келісімдер Гонконг, Марокко, Мысыр, Доминикан мемлекеттерімен жасау жоспарланып отыр. 


parlem.kz сайтынан

Пікір жазу
  • Қазақстан Республикасындағы Инфляция
    Президент Қытай Халық Республикасының Төрағасына құттықтау жеделхатын жолдады

    Ұқсас тақырыптар