Иордания Королі II Абдалла Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін атап өтті
– Өзіңізді және Сіздің құрметті делегацияңызды Иорданияда қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін экономикалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды, – деді Иордания Королі.
Келіссөз барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, энергетика, цифрландыру және фармацевтика секілді негізгі секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.
Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту мәселелеріне айрықша мән берілді. Қазіргі кезде Қазақстанның медициналық оқу орындарында Иорданияның 300-ге жуық азаматы білім алып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен Иордания Королі халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Президент Иордания Королін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
t.me/aqorda_resmi телеграм арнасынан