
Қазақстанда кәсіпкерлікке қолдау көрсетіледі деп жиі айтылады. Алайда шекарадағы нақты жағдай бұл ұранмен әрдайым үйлесе бермейді. Соның бір мысалы – Қалжат кеден бекетінде бірнеше күн бойы себепсіз кідіріп тұрған жүк көліктері.
Барлық кедендік төлемдері төленген, бұрын да заңды түрде тасымалданып келген, бір номенклатурадағы тауар – темір есіктер. Құжаттары толық. Декларация тапсырылған. Бірақ жүк 6 күн бойы өткізілмей тұр.
Ресми жауап біреу ғана: «декларация УТА бөлімінде жатыр». Неге жатыр, қанша уақыт жатады, қандай заң нормасына сүйеніп ұсталып тұр – нақты түсіндірме жоқ.
Кеден бақылауы ма, әкімшілік кедергі ме?
Кеденнің міндеті – заңсыз тауардың алдын алу. Бұл жағдайда:
• тауар тыйым салынған тізімде емес;
• барлық алым-салық төленген;
• бұрын дәл осы тауар бірнеше рет еш кедергісіз өткен.
Осындай жағдайда жүктің тоқтап тұруы кедендік бақылаудың қажетті шарасы ма, әлде жүйедегі жасанды тосқауыл ма деген сұрақ туындайды.
Көрінбейтін зардап
Жүк көлігінің тоқтауы тек қағаздағы мәселе емес. Жүргізушілер суықта далада түнеуге мәжбүр, санитарлық және еңбек жағдайлары ескерусіз қалып отыр. Бұл – адам факторы ескерілмейтін, бірақ күнделікті қайталанып жатқан жағдай.
Кедендегі бір шешімнің артында нақты адамдардың тағдыры тұрғанын ұмытпау керек.
Кәсіпкерге қысым – нарыққа қысым
Мұндай кідірістер кәсіпкерлер үшін:
• қосымша логистикалық шығын;
• келісімшарттық міндеттемелердің бұзылуы;
• серіктестер алдындағы беделдің төмендеуі.
Ал макро деңгейде:
• тауар айналымы баяулайды;
• нарықта тапшылық пайда болады;
• бұл күнделікті тұтыну тауарлары бағасының өсуіне, яғни инфляцияға ықпал етеді.
Яғни бір кеден бекетіндегі «ұсақ» кедергі тұтас экономикалық тізбекке әсер етеді.
Коррупциялық тәуекел қалай қалыптасады?
Құжаты түгел, төлемі төленген тауардың күндер бойы себепсіз тұрып қалуы – коррупциялық тәуекелдің классикалық алғышарты.
Мәселе заңмен емес, «адамдық фактормен» шешіле бастаса, кәсіпкер еріксіз бейресми жол іздеуге итеріледі.
Бұл – ашық айтылмайтын, бірақ бәріне түсінікті шындық.
Негізгі сұрақ ашық күйінде
Егер тауар заңды болса, құжаты толық болса, кедендік алымдар төленсе –
кедендегі кедергі не үшін керек?
Бұл сұраққа ашық жауап болмайынша, шекарадағы кідірістер жеке жағдай емес, жүйелі проблема ретінде қала береді.
Жебеу ақпараттық парталы




