Өмірсүйгіш жазушы

Уақыты: 2018-07-29 Көрлімі: 1434 Сипаттама

Ол жер бетіндегі тұңғыш соқыр әрі керең жазушы атанды. Соған қарамастан бакалавр деңге...

36477384_1706222442764961_2073823283836354560_n.jpg

Ол жер бетіндегі тұңғыш соқыр әрі керең жазушы атанды. Соған қарамастан бакалавр деңгейінде білім алған. Біреуге ғажап құбылыс болса, біреуге бұл маңдайына жазылған тағдыр. Энни Салливан – Хелен Келлердің ұстазы, адам түсінбес кедергілерді жеңе отырып, кішкентай қыздың бойынан білімге деген құлшынысын тани білді. Дертке шалдықса да дүниені тануға ұмтылған қыздың хикаясы көптеген көркем шығарманың арқауына айналды. Тіпті «The Miracle Worker» деген пьесаның негізінде көркем фильм түсірілді. 
Хелен Адамс Келлер (Helen Adams Keller, 27.06.1880 – 1.06.1968) – америка жазушысы, саясаткер әрі лектор. Хелен Келлер Алабама штатындағы Таскамбиядағы «Айви Грин» плантациясында туған. Оның әкесі капитан Артур Келлер, конфедераттар армиясының офицері болды. Анасы – Кейт Адамс Келлер генерал Роберт Лидің немерелес қарындасы, генерал Чарльз Адамстың қызы еді. Хеленнің жеті атасын түгендесек, түп шежіресі Швейцарияға кетеді. Алайда аталарының бірі Цюрихте соқырлар мектебін ашқан адам екен. 
Келлер тумысынан соқыр, керең болмаған. Он тоғыз айға толған сәби ауыр дертке шалдығады. Оны дәрігерлер «мидың ауыр қабынуы» деп атады. Шамасы, менингит не қызамыққа шалдыққан дейді бүгінгінің педиатрлары. Дерті ұзаққа созылады. Дегенмен, ол ажалдан аман қалды. Тек көз жанары көрмей, құлағы естімей қалады. Бұдан соң ол отбасылық аспаздың қызы, өзімен қатарлас Марта Вашингтонмен ыммен сөйлесіп үйреніп қалған еді. Жеті жасқа келгенде Хелен алпыстан аса ым білгілерін жаттап үйренді. Соқырлар мен кереңдерді емдеуші атақты психолог А.Мещеряков Мартамен достығы Хеленге дерттен айығуға мүмкіндік бергенін айтады. 
1886 жылы Хеленнің анасы Чарльз Диккенстің өз қызына ұқсас Лаура Бриджманды оқытқаны туралы еңбектерімен танысады. Сөйтіп, Хеленді әкесіне қосып, Джулиан Чисолма деген дәрігерді іздеуге жібереді. Джулиан Чисолма Балтимордағы атақты окулист әрі отоларинголог екен. Чисолма қызды қарап көреді де, оларды Александр Грэхэм Беллге жұмсайды. Ол сол сәтте керең балалармен жұмысын бастаған маман. Белл Келлерге соқырларға арналған Перкинс институтына баруды кеңес етеді. Ол мектепте Лаура Бриджман оқыған екен. Мектеп директоры Майкл Ананьос осында оқып кеткен шәкірттерінің бірі Энни Салливанмен хабарласады. Энни Салливан небәрі жиырма жасар бойжеткен екен, оның да көзі нашар көреді екен. Сонысына қарамастан ол Хеленнің инструкторы болып қабылданады. Екеуінің серіктестігі 49 жылға созылған. 
Энни Келлер отбасына 1887 жылдың наурызында келеді. Аз уақытта Хеленге қолындағы затты дыбыстауды үйретеді. Бірінші дәріс Эннидің Хеленге сыйлығы – қуыршақтан басталады. Келесі айда үлкен жетістікке жол ашылады. Мұғалиманың бір қолымен екіншісін сүртуі суды білдіретінін Хелен өз қолын суға салғанда барып түсінеді. Осы драмалық көрініс Америка қоғамында айтарлықтай танымал боп кетеді. «Мен «су» деген сөздің қолымнан ағып тұрған суық әрі тамаша зат екенін түсіндім. Осы тірі сөз жаныма сәуле құйды. Нұрын төкті. Жан-жүрегімді босатты. Еркіне жіберді. Алдымда талай кедергі тұрды. Қиын болды. Рас. Бірақ уақыт өте келе кедергінің бәрі жойылды» - дейді Хелен Келлер бір сөзінде. Тілдің бұлтарыс-қалтарыстарын түсінуге көп уақыт кетті. Ол бастапқыда зат есім мен етістіктің мағынасын түсіне алмай шаршайтын. Салливанның айтуынша, шәкірті алғашында шыныаяқ, сүт, ішу деген сөздерді түсіне алмай қиналған. «Махаббат» деген сөздің мағынасын толық ашуға көп уақыт кетіпті. Қасындағы адамға ойын жеткізу үшін Хелен сол затты көрсетіп барып түсіндіреді екен. 
Үш ай өткен соң Хелен Брайль қаріптерімен досына хат жазуды үйренді. Мамыр айында бірінші рет әңгіме оқиды. Оқуды үйренген соң жатар алдында төсегіне кітап апарып оқуды әдет қылады. Шілденің соңына қарай Хелен Брайльді білмейтін адамдарға өз қалауын қарындашпен жазып көрсетуді үйренеді. Салливанның бастығы Ананьос Хеленнің жетістігін көріп, қатты қуанады. Ол осы ақылды қыз туралы бір-екі ауыз мақала жазады. Хеленнің аты содан бері жалпы халыққа таныс бола бастады. 
Келлер сәл өскен соң көрмейтін көзіне әйнек салып қояды. Денсаулығы мен сымбатын бұзбау үшін. 1888 жылдың мамырынан бастап Келлер Перкинс интитутының сабақтарына қатыса бастады. 1894 жылы Хелен мен Энни Салливан Нью-Йоркке көшеді. Онда кереңдерге арналған Райт-Хумасон және Хорас Манн мектептеріне барады. 1896 жылы екеуі Массачусетске оралады. Келлер Бойжеткендерге арналған Кембридж мектебінде оқиды. 1990 жылы ол мектепті үздік тәмамдайды. Сол кезде Марк Твенмен танысады. Марк Твен оны мұнай магнаты Генри Хаттлстон Роджерспен таныстырады. Осы Роджерс зайыбы екеуі Келлердің колледждегі оқуын төлеп береді. 
Хелен Келлер мыңдаған мүгедектер үшін еркіндікке жетудің символына айналды. Әсіресе, керең және соқыр адамдар үшін. «Бүгінгі таңда Келлер мүгедектердің триумфын сипаттайтын ұлттық бейне». Аяқ-қолы жоқ боп туған Ник Вуйчич өзінің өмірбаянында өмірден өзін табуға Келлердің әсері зор болғанын жазады. 
1904 жылы 24 жасында Хелен Редклифф колледжін бітіреді. Дүниежүзіндегі тұңғыш соқыр әрі керең бакалавр дипломын алған маман атанады.
Келлер пролайфер жазушы ретінде танымал. Ол саяхаттағанды ұнататын. Жүрген жерінде қисынсыз әскери әрекеттерді әшкерелеп айтатын. Хелен әйел затының сайлауға қатысуын талап етті. Жұмысшылар құқын қорғап, социализмді қолдады. Ол прогресске бастайтын бірталай идеяларды насихаттап отырды. 
Хелен аз ғана уақытта аты шыққан шешенге айналды. Жазушылықты жанына серік етті. Ол көптеген адамның көкейінде дүниежүзінің мүгедектерін қорғаушы ретінде жатталып қалды. Ол өте белсенді суфражист болды. Атақты пацифист. 
1915 жылы Келлер Джордж Кесслермен бірге өз атынан халықаралық ұйым құрады. 'Helen Keller International' – негізінен көз жанарының көргіштігін, денсаулықты, дұрыс тамақтануды зерттеді. 1920 жылы Хелен Американың Азаматтық Бостандық Одағын (American Civil Liberties Union, ACLU) құруға көмектесті. Осы одақтың белсенді мүшесі болды. Оның еңбегін бағалаған Линдон Джонсон 1964 Президенттің Еркіндік медалімен марапаттады. 1980 жылы Джеймс Картер Хелен Келлердің туған күнін Хелен күні деп атап, оны мерекеге айналдырды. Оның образын Уильям Гибсон өзінің атақты «Ғажапты жасаушы» атты пьесасында анық көрсетеді. 
Келлер мен Салливан дүниежүзін шарлап шықты. Олар 39 елде болды. Тіпті Жапон еліне де табан тіреді. Мұнда да оларды жақтаушылар табылды. 
Хелен Келлер АҚШ-тың Гровер Кливлендтен бастап Линдон Джонсонға дейінгі әр президентімен кездесіп отырды. Көптеген танымал тұлғалармен дос болды. Олардың санатында Александр Белл, Чарли Чаплин, Марк Твен де бар. Хелен өзінің өмірлік тәжірибесі жөнінде он шақты кітап жазып қалдырды. Хелен Келлердің «Менің өмірлік дастаным» атты кітабы америкалық мектеп бағдарламасына кіреді. 50-ден аса тілге аударылған. 
Иван Матковский

Аударған Шынар Әбілда

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Бала тәрбиесіне қатысты пайдалы кеңестер
    Алаш алыптары - Шәкәрім