Сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының жері ұлан ғайыр, кең-байтақ қой, шіркін! Дархан даламыздың бетке ұстар өлкелері де жетерлік. Солардың ішінде әсем қала Алматының алатын орны ерекше. Алматы қаласының түп негізі б.з.б. қола дәуірінің X-IX ғасырынан бастау алады. Өзінің даму жолында шаhарымыз құлдырау замандарын да, гүлдену замандарын да бастан кешіргеніне тарих куә. Алматы қаласында жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған тарихи жәдігерлер қаланың көптеген тайпалардың мекені, сауда мен өнердің, ауылшаруашылығының орталығы болғандығын көрсетеді. Осынау киелі жеріміздің басты құндылығы – қазіргі тәуелсіз Қазақстанымыздың қалыптасуына негіз болған бабаларымыздың талай күресі өткен жер екендігі.
Қаланың жаңа тарихы 1954 жылы Верный деген атаумен басталған болатын. 1921 жылдың 5 ақпанында қаланың атауын Алма-Ата деп өзгертуге шешім қабылданып, 1927 жылдың 2 наурызында IV Бүкіл Қазақстандық кеңестер съезінің мақұлдауымен Қазақстан астанасы Қызылордадан Алма-Атаға көшірілді. 1993 жылғы шешім бойынша Алма-Ата атауы қазіргідей Алматы деп өзгертіліп, өзінің «ел астанасы» мәртебесін 1997 жылға дейін атқарды.1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласынаң мәртебесі туралы қабылданған заң бойынша бұл қала тарихи, мәдени, ғылыми, қаржылық және өндірістік орталық болды. Қазірде өзінің даму жолында біршама оқиғаларды бастан өткеріп, іргесі бұзылмаған, 1000 жылдық тарихы бар Алматы қаласы еліміздің ең ірі мегаполисіне айналып отыр.
Алматы қаласы Қазақстанымыздың ғылыми, тарихи сонымен қатар, ірі білім беру орталықтары орналасқан жастар қаласы. Бүгінгі таңда жоғарғы оқу орындарының басты мақсаты - білімді әрі білікті маман дайындаумен қатар, ел тарихын қастерлей білетін, Отан алдындағы борышын өтеуде, еліміздің қарыштап дамуы жолында аянбай еңбек етуге қабілетті нағыз қазақ жастарын тәрбиелеп шығару. Осы мақсатқа жету жолында еңбек етіп келе жатқан еліміздегі алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі Халықаралық университеттер Ассоциациясының мүшесі және Еуразиялық университеттер Ассоциациясының ұйымдастырушысы, Орталық Азия мемлекеттері мен Қазақстан ЖОО-лары арасында тұңғыш болып Болон қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің биология және биотехнология факультетінің биофизика және биомедицина кафедрасының оқытушы эдвайзерлерінің ұйымдастыруымен, Алматы қаласына 1000 жыл толуына орай «Алматы қаласына 1000 жыл» атты іс-шара өткізілді. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың "Бұл қасиетті жерде талай тарихи оқиғалар өтті. Бұл жерден Ұлы Жібек жолы өтті, бұл алғашқы сауда-саттық алаңы және алып Еуразияның Шығысы мен Батысын, Солтүстігі мен Оңтүстігін біріктіретін жалпы адамзаттық магистраль. 550 жыл бұрын Жетісу жері Қазақ хандығының алтын бесігіне айналды. Мұнда Орта Азияның бірегей қалалану мәдениетінің негізгі ошақтарының бірі пайда болды", - деген сөздерін негізге ала отырып, аталмыш іс-шара жастарымызға қаламыздың тарихын, қазіргі дамыған Алматының, жалпы Тәуелсіз Қазақстанның бабаларымыздың ерен еңбегі мен қажыр-қайратының арқасында қалыптасқандығын түсіндіру, ел тарихын ұлықтау мақсатында өткізілді. Іс-шара барысында қатысушылар қала тарихымен таныстырылды. «Алматы қаласына 1000 жыл» тақырыбы аясында студенттер өз ойларын ортаға салып, қызықты ақпараттармен бөлісті. Кафедрамыздың аға буын оқытушылары өздерінің алғаш Алматыға келген кездегі ескі жылдар естеліктерімен бөлісіп, болашақ жастарымызға ақыл-кеңестерін айта отырып, өлкеміздің одан әрі дамуы үшін білікті маман, білімді ұрпақ болу керектігін насихаттады. Сонымен бірге қазіргі кездегі Алматы қаласының өзекті экологиялық мәселелері де назардан тыс қалмай, қала таза болу үшін қаладағы әр адамның алдымен ойы, жаны, тәні таза болу керек деген биоэнергетикалық заңдылықта студенттерге нақты мысалдармен түсіндірілді.
Кез-келген нәрсенің түп тамыры әлсіз болса, оның әрі қарай дұрыс дамымайтыны секілді, ел тарихын, өткенін білмеген елдің де алға қарай жылжуы мүмкін емес. Сондықтан, студенттердің патриоттық сезімін оятуда, болашақ жастарымызды тарих тағылымдарымен таныстыруда осындай танымдық іс-шаралардың жиі өкізілуі тиімді жолдардың бірі болмақ.
биология және биотехнология факультеті
биофизика және биомедицина
кафедрасының оқытушысы
PhD., аға оқытушы – Ыдырыс Ә.