Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғ.М. Мұтановтың университет жайында айтқан үндеуінде: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – өзіндік салт-дәстүрімен бай, көпжылдық білім саласындағы және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол бірден-бір жоғары оқу орны. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – бірінші болып мемлекеттік аттестациядан өткен және барлық мамандықтар мен дәрежелер бойынша білім кызметін жасайтын, Қазақстан Республикасындағы жоғарғы оқу орындар жүйесінің көшбасшысы болып табылады. ..
... Университет жоғарғы білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңестігінде интеграциялауға, өндіріске енгізілетін фундаменталды және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталатын кең көлемдегі білім, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндіруші негізіне ие. ... »
Әрине, осындай университетте оқитын жастар білім алумен қатар өз денсаулықтарына да көп көңіл бөлуді үйрену қажет, салауатты өмір салтымен өмір сүруге тәрбиелену керек.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған іс-шаралар жоспары аясында, Денсаулық сақтау министрлігінің халыққа туберкулездің алдын алу және дер кезінде медициналық көмек алу қажеттігі туралы ақпараттандыруды арттыру бұйрығына сәйкес, әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 2018 жылы наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінде биофизика және биомедицина кафедрасына қарасты «Биофизик және биомед» атындағы клубы мен кафедра ұжымы «Туберкулездің алдын алу» тақырыбында ғылыми-тәрбиелік мәні бар семинар ұйымдастырды. Қабырғалық газеттерде, слайдтық суреттерде туберкулездің аса қауіпті дерт ауруы болып табылатыны жөнінде ақпарат берілді.
Ғылыми-тәрбиелік мәні бар семинарға университетіміздің тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінен, студенттік медициналық пункттен жоғары дәрежелі дәрігер–терапевт пен медбикештер, биология және биотехнология факультетінің деканат ұжымы, биология және биотехнология факультетінің студенттер қауымы қатысты.
Семинарды биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі, профессор С.Т.Төлеуханов өз баяндамасымен ашып берді. Семинардың бағдарламасына сәйкес биофизика және биомедицина кафедрасының эдвайзері М.С.Кулбаева жетекшілігімен биология мамандығының 1 курс студенттері туберкулез жөнінде жинаған ақпараттық материалдарын ұсынды, презентация мен слайдтық баяндамаларын жасады. Кох таяқшаларының тіршілік ұзақтығына, ағзада ауру тудыру кезеңдеріне және одан сақтану жолдарына тоқталып өтті. Медициналық орталықтан келген қонақтар туберкулез жайында мәліметтерді өз баяндамаларымен толықтыра отырып, студенттердің көкейінде туындаған сауалдарға жауап берді. Семинарға келген қонақтарда өз пікірлерімен, ақыл-кеңестерімен бөлісті.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!» деп айтылған қанатты сөздерді бүгінгі таңда ең алдымен қатерлі дерт – туберкулезге байланысты қолдануға болады. Семинарда туберкулез жайында берілген мәліметтерді оқырман қауымға ақпарат ретінде ұсынамыз.
Ел арасында туберкулезді «өкпе құрты», «құрт ауруы» деп атайды. Туберкулез – адам баласында ерте заманнан кесел болып келе жатқан аурулардың бірі. Атадан балаға мұраға қалдырған малдай тұқым қуалап, мыңдаған қыршын жастарды қызғалдағынан солдырып, талайларды өмір бойы мүгедек еткен аурулар арасында туберкулез алдынғы қатарда орын алады. Туберкулез – бұл тек қана медициналық емес сонымен қатар қоғамдық проблема. Сондықтан туберкулездің өсуін, өзінің күнделікті өмірінде аталмыш аурудан сақтану жолдарын қолдана алатын кез келген адам туберкулездің өршуін тоқтата алады. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәлiметтерi бойынша дүниежүзінде ғасыр дерті ауруымен 8-10 млн адам тiркелiп, 3 млн адам қайтыс болады екен.
Туберкулез өкпе қабынатын ауыр жұқпалы ауру. Ежелгі ғалымдар мен ойшылдарының жазбаларында туберкулез «көкжөтел – чахотка» ретінде айтылады. Туберкулез қоздырғышын неміс ғалымы Р.Кох ашқан. Сондықтан бұл бактерияларды Кох таяқшалары деп атайды. Олар әр түрлі мүшелерді зақымдайды: өкпе, сүйек, буын, бүйрек т.б. зақымдайды. Туберкулез таяқшалары сыртқы ортаға едәуір төзімді болады - ластықта, қақырықта, күнделікті пайдаланылатын нәрселерде, қоршаған ортада көп уақытқа дейін сақталады (топырақта, суда, кітапта). Туберкулез – аса қауіпті дерт. Ауру белгілері көпке дейін білінбейді. Алғашында аздаған құрғақ жөтел пайда болып, кейін күшейеді, тамаққа тәбеті тартпайды, ұйықтағанда терлеп, кешке қарай дене қызуы көтеріледі, тез шаршайды. Содан кейін жөтел, қан аралас қақырық пайда болады. Осы белгілер біліне салысымен, неғұрлым ертерек дәрігер-фтизиаторға қаралу керек. Туберкулез таяқшалары сыртқы ортаға едәуір төзімді болады, топырақта 2 апта, кітап беттерінде 3 ай, суда 5 айға дейін сақтала алады. Туберкулез таяқшаларын ұзақ уақыт қайнату, тура түскен күн сәулесі, хлорамин және хлорлы әк өлтіреді.
Аш жүру немесе жөнді тамақтанбау адам ағзасының ауруға қарсылығын төмендететін – дәлелдеудi қажет етпейтiн шындық. Темекі шегу мен арақ ішуде тәннің қорғаныс қабiлетiн нашарлатады. Жұпыны тұрмыспен құлазыған көңіл-күй де организмді әлсiретiп, оның ауруға қарсылығын төмендетедi. Көбiнесе туберкулездi тұқым қуалаушы ауру деп есептейді. Бұл сенiмсiз. Туберкулез - жұқпалы ауру. Сондықтан оны жұқтырмау амалдарын сақтау, ал жұқтырған жағдайда толық емделу шараларын қатаң жүзеге асыру шарт.
Туберкулез ауруының қауіптілігі сонда, ол тек денсаулық сақтау саласына ғана емес, еңбекке жарамды тұрғындардың көпшілігін қамтығандықтан елдің экономикасына да зиян келтіруде. Соған қарамастан, әр аймақтың денсаулық сақтау саласында қызмет ететін медициналық ұйымдарының бірлескен жұмысының арқасында туберкулезден туындайтын ауру-сырқаудан болатын өлім-жітімнің деңгейі біршама төмендеді
Туберкулездің негізгі белгілерін: 2 апта бойына жөтелу, тәбеттің жоғалуы, арықтау, түнде терлеу, температураның 37,0 градустан 37,5 градусқа дейін көтерілуі, жалпы әлсіздік, қажып шаршау, кеуде клеткасының шаншуы, қан түкіру секілді көріністерді және ҚР үкіметімен туберкулезбен ауру сырқаушылықты төмендету мақсатында бұл дертке шалдыққан науқастарды тегін тексеруді және емдеуді қарастыратын туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламасы қабылданғанын әрбір абзал жан білуі қажет.
Туберкулездің алдын алу шаралары ретінде барлық жанға айтарымыз салауатты өмір салтын сақтай отырып, құнарлы тамақтаныңыз - етті, сүт өнімдерін, балықты, дәнді дақылдарды, көкөністер мен жемістерді жеткілікті мөлшерде қолданыңыз, темекі шегуден, алкогольден, есірткіден бас тартып үнемі дене шынықтырумен айналысыңыз!
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
биология және биотехнология факультетінің оқытушылары
Кулбаева М.С., Қайрат Б.Қ.