Биылғы жылдың 10 айында қазақстандықтар төлем карталарын қолданып 24,1 трлн теңге сомаға 1,2 млрд операция жасады. Сөйтіп, қолма-қол ақшасыз жасалған қаржы операцияларының көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 52 %-ға жоғарылады. Бұл туралы finreview.info хабарлады.
Қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі бөлігі мобильді банкинг пен POS-терминалдар арқылы жүзеге асырылды. Жасалған операциялардың орташа чегі 20 мың теңге шамасында.
finreview.info хабарлағандай, бүгінгі таңда ел азаматтарының қолында 31,2 млн төлем карточкасы бар. Төлем карточкаларын 22 банк пен «Қазпошта» АҚ шығарады. Халық арасында VISA International мен MasterCard Worldwide халықаралық төлем жүйелерінің карталары кең таралған. UnionPay International, American Express International және Diners Club International карталарына деген сұраныс олармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Отандық екінші деңгейлі банктер де Altyn Card («Қазақстан Халық Банкі» АҚ), Ситибанк Қазақстан (Ситибанк Қазақстан АҚ) және Kaspi.kz (Kaspi Bank АҚ) сынды жергілікті жүйелердің төлем карточкаларын шығарады.
Соңғы 10 жыл ішінде төлем карточкаларының саны жыл сайын орта есеппен 20,3%-ға, ал ұстаушылар саны 17,7%-ға артып келеді. Тек 2015 жыл мен 2016 жылы ғана әлемдік экономикалық дағдарыстың салқыны қаттырақ сезілген тұста карточка ұстаушылардың қатары азайғаны байқалған.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"