Коронавирустан кейін - II

Уақыты: 2020-03-22 Көрлімі: 1217 Сипаттама

Әлемдік интеграцияның субъекті ретінде еліміз тұтас жаһанды жалмап келе жатқан корона...

Әлемдік интеграцияның субъекті ретінде еліміз тұтас жаһанды жалмап келе жатқан коронавирустың шеңгелінен сытылып кете алған жоқпыз. Аталмыш індеттің ғаламдық шаруашылықтың ұсыныс, сұраныс желілерінің үзілуіне себепкер болып, энергетика нарықын құлдыратып, ең ақырында қаржы нарықының сілкінісіне соқтырып отырғаны белгілі. Оның әлемге кезекті экономикалық дағдарысты жетелеп әкелгені анық әм оның салдары тым ауыр боғалы тұр. Қазірдің өзінде әлемдік жеткізу желілерінің үзілуінен өндірістер тоқтап жатыр, індетке байланысты шектеулерден тұтынушылық сұраныс күннен күнге төмендеулі, ішінара әуекомпаниялары жабыла бастады, туризм мүлде дағдарулы. Мұның ақыры үлкен жұмыссыздық пен инфлияциаға саяды. Әлемдік қауымдастықтың мүшесі есебінде, құдды коронавирус сияқты, келіп жеткен дағдарыстың да бізді айналып өтпесі анық. Қазірдің өзінде тұтыну бұйымдарының бағасы өсіп кеткен, медбұйымдар мүлде тапшы, теңге бағамы күнде құлдилауда. Бұл, көрініске, індеттің зардабы сықылды сезіледі. Шынтуайтында ол - кезекті  экономикалық дағдарыстың келіп жеткендігінің белгісі, тіпті, сол дағдарыстың өзі!

Коронавирус, жұқпалы індет сыйпатымен, өзге елдердің тәжрибелері көрсеткеніндей жуық арада ауыздықталады. Оны мемлекет болып, азаматтық қоғам болып және сіз бен біз болып ұтықтасып құрықтаймыз. Ал, есік қағып тұрған дағдарыстың жөні бөлек. Өйткені, медицинаның түсіндіруінше, ағзаның иммунитеті мығым болса, коронавирус жолай да алмайды екен. Ұлттық экономикамыздың иммунитетіне келсек, оның қауқары өзімізге мәлім. Неге әлем экономикасында болымсыз бүлкіл білінсе, біздің теңгеміз шатқаяқтап кетеді? Өйткені, оны тіреп тұратын, сырғуына тиек болатын ұстын-өндіріс жоқ. Ал, өндірісі жоқ, өндіруші-өңдеушілік діңі жоқ экономика қашанда әлжуәз болмақ. Сондықтан да, індеттің салдары сияқты көз бояп келіп тұрған дағдарысқа қалай төтеу жайына ертежарықта қам жасағанымыз абзал-ды. Мысалы, экспортымыздың 20%-ін ұстап, қазынамыздың төрттен бірін беріп отырған мұнайдың(Brent crude) бағасы 65$-дан 25$-ға құлады да кетті. Ал, біздің 2020-ға бюджетіміз оны 55$-мен межелеген. Жуықтағы Саударабиясы білтесін жаққан баға соғысы мұнайдың әлемдік бағасының, бері болғанда биылға 40$-дан асуына мүмкіндік бере қоймас. Баға жармақтың бергі беті, жармақтың арғы беті—мұнайға сұраныс. Біздің мұнайдың ең ірі тұтынушысы Италиядағы(33%) жағдай белгілі. Басқа сұраныс нарықының да шаманы төмендетпесе, ұлғайтпасы анық. Демек, еліміз қатал бюджеттік жағдайға дөп келіп отыр. Тұтас әлем бойынша жеткізу желілерінің сетінеп жатқан тұсында импортқа қатты тәуелді экономикамыз қос зардапқа ұрынбақ. Оның бірі - жұмыссыздық. Елімізде шағын-орта бизнестің сауда және қызметкөрсету салаларына шоғырланғаны, жұмыс берудің де басым секторы осы салалар екені белгілі. Ендеше, импорттың төмендеуіне байланысты жұмыссыздық ұлғаймақ. Екінші қыры, теңгенің тиянақсыз құнсызлануы импорт өнімдерінің бағасын шарықтатып жібереді. Бұл дегеніңіз бейберекет инфлияция деген сөз. Қысқасы, қара аспанды төндіргеніміз емес, тышқан жылы ауыр болайын деп тұр. Жыл ауыр болады екен деп қарап отыруға тағы келмес. Жуықта президент мына індет мезгілінде шағын-орта бизнесті қолдауға мемлекет 300млрд теңге бөлгенін мәлімдеді. Мақсатты, ниеттегідей, халықтың алғашқы керегін жабуға, азық-түлік және дәрі-дәрмек өндірісін қолдауға жұмсалса, бұл да аз қаражат емессонымен бірге, ұқсата білсек ол шағын өндірістерді қолға алудың оңтайлы реті де. Ақшаның болуы бір әңгіме де, оны жаратудың тиімді де ұтқыр тетігінің болуы онан да маңызды. Үкімет аталған қаражатты ажыратумен қатар, оны өндірушілік-өңдеушілік бағыттағы “көзбен көріп, қолмен ұстарлық”   нақты нысандарға жұмсалуын діттейтін механизм де жасақтап үлгеруі ләзім. Болмаса, қайран қаржы баяғы механизм, соқпақты сүрдекпен «Дамулықтар» мен «Казагролықтардың» жемсауына кетіп, рәсуә болуы кәдік. Отандық ірі бизнесмендер де әлеуметтік жауапкершіліктерін сезініп, қаржы атап жатыр, сомалары да әжептәуір. Осы қаражаттрдың барлығы алыпсатарлыққа, өз “абысын-ажындарының” сылтуын сүйемелдеуге кетіп қалмай, немесе тек кезектегі қат бұйымдардың нарықын ғана күйттеп кетпей, нақтылы аталымдағы өндірістерді (мысалы бір мәртелік қолқаптар өндіру, сүт өнімдерін терең өңдеу,  азық-түліктің жеткізілуінің жаңаша желісін жасақтау) өмірге әкелуге жұмсалса, қысқасы бизнесмендер атаған қаражаттарына ақтаңдақ өндіріс орындарын ашып берсе құба құп болар еді-ау. Осыларымен-ақ экономиканың ұлттық қауыпсіздікті түбегейлі қамтамасыз ететін құрылымдық өзгерістеріне себепкерлік жасай алар еді. Шын мәнінде, төніп келген дағдарыс, екінші қырынан тың реформашылдық сәті де. Оны қалай игеріп қалу үкіметімізге де, бизнес қауымдастығына да, бүтін азаматтарға да сын.

 

Құрмет Қабылғазыұлы

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Карантин: халықты мазалаған сауалдар
    New-York қалай індеттің ошағына айналды

    Ұқсас тақырыптар