Н. Ноғаев: Мұнай өндіруді жалпы қысқартуға қатысуға дайынбыз

Уақыты: 2020-04-10 Көрлімі: 583 Сипаттама

9 сәуірде өткен ОПЕК+ форматындағы министрлер жиыны барысында ҚР Энергетика министрі Н...

1.jpg

9 сәуірде өткен ОПЕК+ форматындағы министрлер жиыны барысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мұнай өндіруші елдер арасындағы диалогты қайта бастауға шақырды, бұл туралы министліктің баспасөз қызметі хабарлады.

ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер министрлерінің келіссөздері бейнеконференция форматында өтті. Өз сөзінде ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қазақстан сындарлы диалогтың жақтаушысы болғанын және болып қала беретінін атап өтті.

«ОПЕК+ форматындағы мұнай өндіруші елдер арасындағы диалогты қайта бастау маңызды оқиға. Бүгінгі отырыс әлемдік мұнай индустриясы тарихында өз орнын алар деп есептеймін», - деді Ноғаев.

Ғаламдық экономикалық өсім баяулаған жағдайда мұнайға деген сұраныстың төмендеуі бағаның одан әрі төмендеуіне, сонымен бірге әлемдік мұнай өндірісінің төмендеуіне жағдай жасайды. Негізгі мұнай өндіруші елдер арасында үйлесімді іс-қимылдың болмауы онсыз да күрделі жағдайды қиындата түсуде.

Министр Қазақстан ОПЕК+ келісімінің қатысушысы бола отырып, әрқашан өз міндеттемелерін орындағанын атап өтті.

«Біз алдағы келіссөз қорытындысы бойынша оң нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттеміз. Бұл ретте әлемдік мұнай нарығындағы байқалған теңгерімсіздік тек ОПЕК+ елдерінің күш-жігері жеткіліксіз болатынын және жағдай нарықтың барлық қатысушыларының белсенді қатысуын талап ететінін көрсетіп отыр. Біз өз кезегімізде бүгінгі күн тәртібінің өзектілігін түсінеміз. Мұнай өндіруді жалпы қысқартуға қатысуға дайынбыз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Он бір сағатқа созылған келіссөз нәтижесінде тараптар қандай да бір келісімге келе алған жоқ. Қазақстан өз кезегінде алдағы уақытта мұнай өндіру көлемін қысқарту бойынша коллективті ортақ шешім қабылданады деп үміттенеді. Бұл шара өз кезегінде мұнай индустриясына оң әсерін тигізеді.


Пікір жазу
  • Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнес өкілдерінің үндеуіне қатысты пікір білдірді
    Сәуле Барақбаева: Біздің мақсатымыз үстемақы алу емес науқастарды емдеп шығару