Түрленген Түркістан

Уақыты: 2020-06-18 Көрлімі: 3373 Сипаттама

Ер түріктің бесігі атанған Түркі­стан­ның облыс орталығы бол­ғанына да – екі жыл. Иә, 201...


Ер түріктің бесігі атанған Түркі­стан­ның облыс орталығы бол­ғанына да – екі жыл. Иә, 2018 жылдың 19 мау­сымы ел жадында жаттаулы. Осы күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекітті. Бүгінде өңір қарқынды даму­дың жолына түсіп, облыс орталығы жаңа кейіпке еніп келеді. Түркістанға бірінші рет келген адам қаланың өзіне тән ерекше аурасын, қасиетін сезінеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен жанындағы тарихи орындар өзгеше бір сырлы әлемге, оқшау ортаға жетелейді. Бүгінгі қаланың тарихи, рухани болмысы бөлек. 

Елбасының ерекше назарындағы қала

Елбасының «Екі-үш жылдың ішінде Түркістан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріліп, бәріміздің қуаны­шы­мызға өсіп-өркендейтін болады» деген сөзі ақиқатқа айналып келеді. Киелі қалада құрылыс қарқын алып, ел мақтанышына айналатын іргелі нысандар бой көтеріп жатыр. Бүгінде Түркі­стан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінде, қоғам өміріне көз­қарасында оң өзгеріс көп. Аз уақытта жаңа шағын аудан салынып, көне шаһар көркейіп, абаттандырылды. Облыс орта­лығының дамуы аудандарға оң ықпалын тигізді. Өңірде ауыл шаруашылығында жаңа бастамалар қолға алынып, аз қамтамасыз етілген тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағытындағы тың бағдарлама жүзеге асырылды. Түркістан руханиятқа оң ық­пал етіп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашты. Елбасы Жарлығы екі бірдей қаланың қайта түлеуіне мүмкіндік берді. Жалпы, өңір халқы Елбасы тарихи шешімді дер кезінде қабылдағанын айтып, мұсылман әлемі қадір тұта­тын Түркістанның екінші тыны­сы­ның ашылуын ғасырдың жағым­ды жаңалығына балап жатыр.

Алғаш болып, яғни екі жыл бұрын 17 тамызда жаңа атауға ие болған облыс әкімдігінің құра­мы мен аумақтық орган өкіл­дері Шымкенттен жаңа облыс орталығы – Түркістан қаласына көшіп келді. Ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болған, тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанға облыс орталығының көшірілуінде үлкен мән болғаны анық. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін білдіреді. Сол себепті Түркі­станды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыру мүмкіндігі көп.

Бүгінде Тұңғыш Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың аталған тарихи бастамасын жалғастыруды қолға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркі­станды дамыту мақсатында Үкі­мет пен жергілікті әкімдік қыруар жұ­­мыс жүргізуде. Президент Қасым-Жо­март Тоқаев ең алғашқы сапарын осы Түркістаннан бастағаны ел есін­де. «Бүгін мен түркі дүниесінің рухани ас­танасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келдім. Түркістан – елі­міздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмары. Бұл қасиетті жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес.

Түркістанды түлетіп, өркендету мәсе­лесі әрдайым Тұңғыш Прези­денті­міз­дің назарында болады. Ежелгі Түркі­стан­ның жаңғыруы және жаңаруы даму жолы­мыздың дұ­рыс­тығын көр­сетеді. Пре­зидент ретіндегі алғашқы сапарым­ның Түр­кі­станнан басталғаны мен үшін аса ма­ңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет деңгейінде Түркістан қала­сын да­мытуға және облыстың келеше­­гін қа­­лып­­­тастыруға бағытталған заң мен 5 қау­­лы қабылданды. Ал облыс­ты да­мы­ту­­дың 2024 жылға дейінгі әлеу­меттік-эко­­но­­микалық бас жоспары­на сай 5 жыл­ға 1 трлн 236 млрд теңге бө­лін­ді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кістанға сапарында тұрғындармен кез­десіп: «Тәуелсіздік алғаннан соң Түркі­с­танды астана ретінде қарас­тырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұ­ған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс ор­талығына айналды, шаһарды жан­­дан­дыру жұмыстары жүргізілуде. Бар­лық жоспарланған нысандардың құ­ры­лысы аяқталғаннан кейін біз турис­тердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді», деген болатын. Елбасы Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталықтың капсуласын салған тарихи сәтке арнап орнатылған ескерткіш тасбелгіге «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады» деп жазды.

Сондай-ақ 2018 жылы 29 қыркүйекте Түркі­станға Үкімет басшысынан бас­тап, ми­нистрлер мен елдегі ал­пауыт ком­па­ниялардың жетекшілерін де, шет­ел­дік инвесторларды да ерте келген Елбасы «Түркістан қаласын түркі әлемі­нің мәдени-рухани орта­лығы ретін­де дамыту бо­йынша бас жо­спар­дың тұжы­­рымдамасын мақұл­дау» және «TURKISTAN» арнайы экономика­лық айма­ғын құру туралы» Жарлықтарға қол қойды. Түркістан қаласында арнайы мәжі­ліс өткізіп, елі­міздегі алпауыт компания­лар мен ел Үкіметіне Түркі­станды дамытуға үлес қосу жөнінде тапсыр­ма берді. Облыс әкімдіктері мен ірі ком­­па­нияларға 26 нысанды салу міндеті жүк­­теліп, өткен жылдың өзінде оның бір­­қа­тарының құрылысы аяқталып үлгерді.

Түркістанның идеологиялық бағыты да жұртшылыққа жария етілді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық мәс­лихаттың сессиясында идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сәйкес қалаға келген әрбір адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс екенін нақтылады. Екін­шіден, бүгінде қалада қолөнер ор­та­лығының құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақыт­та қазақ халқының ұмыт қалған қолөнері мен зергерлік өнері, ұлттық құндылықтары мен кәсіп түрлері қайта жанданып, ірі кәсіпорындар ашылады. Үшіншіден, Түркістан өркениет, сауда және өндіріс орталығы ретінде дамиды. Тоғыз жолдың торабында орна­ласқан шаһарды ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетіктері дайындалады. Төртіншіден, «Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға» бағыты бойынша Түркістанда республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қолға алынбақ.

Елбасы тапсырмасы бойынша жаңа Түркістанда Ясауи музейі салынып жатыр. Шаһардағы 15 нысанның құрылы­сы биыл толық аяқталып, пайдалануға бері­леді. Сондай-ақ биыл Түркістанда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құры­лысына 36,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 40 арендалық, 88 кредиттік тұрғын үй, 30 инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде. Мемлекеттік бюджет есебінен сатып алу құқығынсыз арендалық 40 көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Жыл соңына дейін жоспар бойынша 978 пәтерлі 18 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді дамыту бағытында 7 қабатты 48, 72 және 84 пәтерлі 24 тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін 1452 пәтер тапсырылады. Яғни биыл Түркістанда 70 нысан пай­далануға беріліп, нәтижесінде 2430 от­басы баспанамен қамтамасыз етіледі. Ал 3604 жеке жер учаскелеріне инф­ра­құрылым жүйелері жүргізіледі.

1

 

Бес бағыт және өзгелерге үлгілі Түркістан

Облыс құрылған алғашқы айларда-ақ өңірді жан-жақты дамыту жолында 5 бағыт айқындалған еді. Бұлар – Түр­кістан қаласын дамыту, Түркістан об­лысының мәдени-рухани саласын, аудан, қала және ауылдарды, агроөнеркәсіп кешенін және индустриялық аймақтарды дамыту. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен өңірдің кешенді даму жоспары қайта қаралып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жоспарлар нақтыланып, инфрақұрылымды жақсар­ту бағытында тиянақты жұмыстар қолға алынды. Қаланың ескі бөлігін дамыту мәселесі де жүйеленіп, инфрақұ­рылымын дамыту, су және газ, кәріз жүйелеріне жөндеу жұмыстары басталды. Артезиан сулары тартылып, арық-атыздардан су аға бастады. Көшелер жөнделіп, жарықшамдар орнатылды. Екі жыл көлемінде Түркістан облы­сы ауыл шаруашылығы, құрылыс, мә­де­ниет, спорт, инвестиция тарту және өзге де салаларда ауыз толтырып айтарлықтай жетіс­тіктерге жетті. Ал Түркістан қала­сын жасыл қалаға және ауа райы қолай­лы аймаққа айналдыру мақсатында шаһардың айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, өткен жылы шаһар айналасынан 7 700 гектар алқапқа «Жасыл белдеу» құрылған болатын. 3,5 мың гектар жерге өңір табиғатына бейім 7-8 түрлі ағаш, ал биыл жыл басынан бері қала аумағында 1235 гектарға 1 млн 387 мың түп көшет отырғызылды. Жалпы облыс бойынша 2021 жылға дейін 3,5 млн көшет егу жос­парланып отыр.

Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту тұрғысында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады. Киелі Түркістан қаласының айналасында құ­рылған азық-түлік белдеуінің аумағы – 11 мың гектар. Мұнда негізінен құны – 27 млрд теңге 6 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл жобалардың алды өткен жылы басталған. Өңірде ағын су тапшылығын шешу мақсатындағы кешенді жоспар аясында 5 ірі су нысанында құрылыс жұмыстары басталды. Облыста тиімділігі дәлелденген жаңбырлатып суару тәсілі кең көлемде қолданысқа енуде. Қазіргі таңда 800 гектар алқапқа жаңбырлатып суару тех­нологиясын орнату жұмыстары жүр­гізіл­ген. Жалпы жоба шеңберінде 1 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суа­ру тех­нологиясымен құны 31,6 млрд тең­ге болатын 7 ірі инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Түйе шаруа­шы­лығының дамуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп мақта саласын дамыту бойынша арнайы бағдар­лама әзірленуде. Нәтижесінде мақта өңдеу зауыттарының технологиясы жаңар­тылып, айналым қаражаттары толық­ты­рылады. Мақта бағасын нарықтық реттеу­ге қол жеткізілді.

Ал Түркістан қаласындағы қарқынды құрылыс, игі бастамалар облыс аумағына үлгі болып отыр. Сөзімізге бір ғана мысал, Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы көршілес Кентау қала­сына да оң әсерін тигізуде. Өткен жылы қала бюджетінің кіріс бөлігі 40 млрд теңгеге орындалған. Қала экономика­сы­на тартылған инвестиция көлемі 24,4 млрд теңгеге жеткен. Деректерге жү­гін­сек, мұндай көрсеткіштер 65 жыл­­дық тарихы бар қалада бұрын-соң­ды бол­маған екен. Кентаудағы индуст­риалды аймақта 2,9 млрд теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарлан­ған. Осылайша киелі Түр­кістан бүкіл өңір­дің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына тікелей әсер етуде.

Тарихи Жарлық шыққан 2 жылға жуық уақыт ішінде Түркістан дамудың жаңа сатысына қадам басты. Бұл уақыт аралығында облыс жеткен жетістік­тер аз емес. Әрі қарай да ел игілігі үшін атқарылатын шаруа шаш-етектен. Аграрлы аймақ болып саналатын Түркістан облысында осы саладағы еңбек өнімділігін арттырып, дамыту үшін нақты нәтиже беретін 3 негізгі ба­ғытта жұмыс жүруде. Жуырда өткен Үкі­мет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин алға қойған міндеттердің орындалуына Түркістан облысын мысал ретінде келтіріп, ол 4 жыл ішінде ауыл шаруашылығы өндірісін 3 есеге арттыру бойынша кешенді жоспар барын өзге өңірлерге үлгі ете айтқан болатын. Бірінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологияларды енгізу. Екінші бағыт – кооперативтерге бірікпейтін 2-3 гектар жері бар агроқұрылымдар үшін бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын енгізу. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнім­дерін өндіру. Бұл бағыттар бойын­ша атқарылып жатқан жұмыстар оң нәти­же бере бастады. Ал өңірде кеңінен қолда­ныла бастаған жаңбырлатып суару тәсілінің артықшылықтарын түсініп, қыр-сырымен танысқан Жамбыл об­лысы­ның сала мамандары бұл әдіске қы­зы­ғу­шылық танытып отыр.

 

Бірлігі бекем облыстың іргесі берік

«Түркі әлеміне әйгілі ғұлама, дін және қоғам қайраткері Қожа Ахмет Ясауи мен қазақ хандары мен билері, батырлары мен ұлы тұлғалары мәңгі қоныс тапқан Түркістанның өзіне тән ерекше қуат көзі мен адамға жігер беретін қасиеті бар. Сондықтан осы қалада өмір сүру, қызмет ету – басқа қонған бақ», деген-ді Өмірзақ Шөкеев алқалы жиын­дардың бірінде. Сол киелі қаланың берген ерекше қуаты мен жігері облыс әкімінің өңірді дамытуда өз қарым-қабілетін сарқа жұмсауында шаршатпады, екі жылда болған екі үлкен апатта жүрісінен жаңылдырмады, жедел шешім қабылдауда қателікке ұрындырмады, қиналған халықтың қасына жылдам жеткізді. Иә, өкінішке қарай жаңа құ­рыл­ған облыста өткен жылы 24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери бөлім­шедегі оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды. Орын алған оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, 170-ке жуық адам зардап шекті, 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғима­рат­тардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Түркістан облысына арнайы келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарылыстан зардап шеккен тұрғындармен кездесуінде қаланың қалпына келтірілетіні жөнінде берген уәдесі орындалды. Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин тұрғындарға барлық көмек көр­сетілетінін мәлімдеді. Келтірілген залалдың көлемі есептеліп, Үкімет резервінен қаржы бөлінді. Арыс тұрғын­дарына еліміздің барлық облыстары­нан қолдау көрсетілді. Барлық өңірден гуманитарлық көмек тиелген көліктер Арысқа қарай ағылды. Арнайы ашылған қорға қарапайым тұр­ғындардан, кәсіп­керлер мен ұйым­дардан, мемлекеттік мекемелерден түскен қаржы қаншама! Мұндай ынтымақ пен бірліктің белгі­сін­дей болған көмектің Мақтаарал ауда­нында болған тасқын су зардабы кезінде де жасалғанын айта кетелік. Президенттен бастап сала министрлері, облыс, қала әкімдеріне дейін қиын сәтте халықтың қасынан табылып, қолдан келген мүмкіндіктерді жасады. Халыққа жақындығын білдірді. Осылайша апат халықтың бірлігі мен ынтымағын сынақтан өткізгендей де болды. Шұғыл әрі дұрыс шешімдер қабылданып, барлық мәселе ортаға салынды, зардап шеккендер далада қалмады. Билік пен бұқара бірлесе жұмыс істеді. Кеңседегілерді ел ішіне шығарған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс кабинетін уақытша Арысқа ауыс­тырды. Әкім осы бір қиын сәтте ұйым­дастырушылық, талапшылдығы мен іскерлігін кезекті рет танытты. Қалпына келтіру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау мақсатында 144 құрылыс компаниясы, 3,8 мыңнан аса жұмысшы және 211 арнайы техника жұмылдырылды. Арыс қаласында жөндеуді қажет еткен жалпы 68 әлеуметтік нысанның төртеуі жаңадан салынып, 64-інде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Арыс жаңарып, аз уақытта еңсесін тіктеді, тұрғындар тіршілігін жалғастырды.

Ал мамыр айының алғашқы күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Қазақстанға шекаралас Сырдария облысында орналасқан су қоймасы дамбасының бұзылуы Түркістан облысы Мақтаарал ауданына да елеулі залалын тигізді. Алғашқы күні ауданның бірқатар елді мекендерін су басып, тұр­ғын­дары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Мақта­аралдағы жағдай алғашқы сәттен-ақ Мемлекет басшысының бақылауына алынды. Ауданға шұғыл жеткен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жағдайға қаныққан соң мәлімдеме жасап, эвакуацияланған тұр­ғындар былтырғы Арыстың тәжіри­бесіне сәйкес тиісті медициналық қызмет, азық-түлік секілді барлық заттармен қам­тамасыз етілетінін айтты. Барлық жұмыс Арыстағы тәжірибеге сай алгоритмде істелді. Зардап шеккен үйлер сүріліп, бү­гінде үш ауылды біріктіре, яғни барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, жаңа шағын аудан бой көтеруде. Су бас­қан елді мекендердің тұрғындары­на үй са­лып жатқан құрылыс компа­ния­ларын­да 1475 азамат еңбек етуде. Олар­дың 810-ы – тасқын судан зардап шеккен ауыл тұр­ғын­дары. Ал Өргебас ауылындағы 197 үй­дің барлығы жаңадан салынып жатыр. Су шайған ауылдардың барлығында инф­ра­құрылым толығымен жаңартылуда. Табиғат танытқан тосын мінез, яғни нөсер­лете жауған жаңбыр салдарынан Түркістан облысының Төлеби, Қазығұрт, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек аудандарында су тасқыны орын алып, бірқатар ауыл зардап шекті. Ең көп зардап шеккен Төлеби ауданында 6 елді мекендегі 215 тұрғын үйдің ауласына кірген. Бүгінде апатты деп танылған 38 баспана толық сүріліп, қайта салынуда. Құрылыс жұмыстары шілде айына дейін толық аяқталмақ. Осындай қиындықтардан облыс халқы мемлекеттің, қалың жұрт­шылықтың қолдауымен сүрінбей өтті, ел бірлігінің бекемдігін, ынтымағын, бауырмалдығын көрсетті.

 

Түркістаннан таралған «Қамқорлық»

«Түркістан шаһары кезінде Ұлы Жібек жолының бойындағы өзгеше өріс­ті, кестелі һәм келісті, басшылары да, қос­шы­лары да иманды, ұлдары намысты, қыздары ибалы, қай-қандай өлшемдермен қарағанда да қайырымды қала болған. Әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала тұрғындары...» туындысында әмірші әкім­дер де, қарапайым тұрғындар да ал­ғыр, аңғарымпаз, ғылымға, өнер-бі­лімге құштар, сауыққұмарлықтан, жал­­ған­дықтан аулақ болмағы керектігін ерек­ше ескертеді. Түркістан шын мәнінде текті төрге, қайырымды қалаға айналуы тиіс. Сонда ғана сакралдылық сапа­­сы ар­тады», дейді жазушы-драма­тург, «Алаш» сыйлығының лауреаты Мар­хабат Байғұт. Осы орайда Түркі­стан облысында қайы­рымдылықты дәріп­тей­тін, бауырмал­дыққа баулитын тың бастама жүзеге асырылғанын айта кетелік. Иә, жүзеге асырылған бұл әлеуметтік жоба да өзге өңірлерге үлгі етерліктей.

Өңірде Nur Otan партиясының бас­тамасымен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды кедейлік деңгей­ден шығуға ұмтылдыратын «Қамқор­лық» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Тиімді жұмыспен қамту және кәсіп­керлік қызметті дамытуға ерекше назар аударылған. Тұрақты табыс көзі­мен қамтамасыз етіп, отбасыларды өмір­лік қиын жағдайдан кезең-кезеңмен шы­ғаруд­ы көздейтін бағдарлама аясында жүр­­гізілген жұмыстар нәтижесінде жағ­дайы тым төмен, кризистік және қана­ғат­танар­лықсыз деңгейде өмір сүріп жатқан 1643 отбасы анықталып, олар­дың әр­қайсысына материалдық көмек пен қажетті кеңес беретін арна­йы кура­торлар тағайындалған еді. Бағ­дар­­лама басталған алғашқы айларда 900-ден аса отбасыға 45 млн теңгенің демеу­ші­лік көмегі көрсетіліп, 4 отбасыға кәсіп­кер­лер тарапынан үй сатып алынды. «Қамқор­л­ық» жобасы аясында қиындық шегін­дегі отбасыларды сауықтыру жүйелі түрде 4 мәселені қамтыды. Яғни қажетті азық-түлікпен қамту, науқастары болса толыққанды медициналық көмек көрсету, ауруханаға жатқызып емдеу, жұмысқа орналастыру, мамандығы жоқ болса кәсіптік білімге оқыту шаралары атқарылды. Жобаға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы қаралды. Әсіресе бұл жоба әлеуметтік жағдайы осалдау, көпбалалы отбасылар бойынша республикада алдыңғы орынға шығатын Түркістан өңірі үшін аса маңызды болғаны анық.

Өңірдің ертеңін жарқын ететін инвес­тициялық жобалар да аз емес. Мысалы, 2020 жылдың 1-тоқсанында «Turkistan Invest» компаниясымен бірге жалпы құны 23,18 млрд теңге болатын 7 жоба, оның ішінде 1,7 млрд теңге сомасына 5 жоба өнеркәсіп саласында, 21,5 млрд теңге сомасына 2 жоба энергетика саласында жүзеге асырылды. Сол арқылы 197 жұмыс орны ашылды. Жалпы биыл өңірде 397,7 млрд теңге болатын 97 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Яғни, 5 508 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен жалпы сомасы 268,8 млрд теңге болатын 14 жоба аясында 2 660 жұмыс орны құрылады. Жоспарланған жобалардың басым бағыттары ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Жасыл экономика», химия өнеркәсібі және әлеуметтік нысандар құрылысы аталуда.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ

Түркістан облысы

2020-06-18

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Екпе салу қауіпті ме, қауіптің алдын ала ма?
    Қазақстан Жапонияға жылқы етін экспорттайды

    Ұқсас тақырыптар