Кеше мен бүгін: Қазақстан елордасының тарихи сәулеті

Уақыты: 2020-07-01 Көрлімі: 830 Сипаттама

6 шілде Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанның қала күніне орай ҚазАқпарат порталы қалада ор...

200701113100817e.jpg

6 шілде Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанның қала күніне орай ҚазАқпарат порталы қалада орналасқан тарихи нысандарға шолу жасапты, матариалды аталмыш басылымға сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 

Санаулы күндерден кейін, нақты айтқанда 6 шілде күні Қазақстан елордасы - Нұр-Сұлтан қаласының күнін атап өтеміз. Бүгінде елорда қарқынды дамып, сәулетті ғимараттармен толыға түсуде. Соның нәтижесінде әлемдегі ең жас әрі заманауи елордалардың біріне айналып отыр. Дегенмен, қалада тарих лебі есетін ескі ғимараттар да баршылық. Осыған орай «ҚазАқпарат» тілшісі тарихи ғимараттар сырын білуге тырысқан еді.

Елорданың көне ғимараттарының тарихын білмек болып Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік мұрағаты ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Исахановаға жүгінген едік. Ол мұндай нысандардың кейбірінің орнына басқа ғимараттар салынғанын, дегенмен бүгінге дейін сақталғандары да бар екенін айтады.

«Sine Tempore» - ертеректегі базар орны




Қаланың тарихи бөлігінде, ескі алаң жанында орналасқан бұл сауда дүкені осыдан тура 130 жыл бұрын сауда қайнаған базар болатын. 1890 жылы Ақмоланың орталық алаңына қазына қаражаты есебінен керуен сарайы салған еді. Тастан қаланған 2 корпуста 72 дүкен мен 10 шағын сауда нүктесі орналастырылып, ол сырттан тауар әкелген көпестерге және жергілікті саудагерлерге жалға беріліп отырған.

Кеңес заманында бұл сауда кешені дүкендерінің есіктері жасыл бояумен боялғандықтан «Жасыл қатар» аталып кеткен.







«Жасыл қатар» 1970 жылдары бұзылып, оның орнына әмбебап дүкен салынған. Дүкен құрылысы 1980 жылы салынып, пайдалануға берілген. 2020 жылға дейін осы Орталық әмбебап дүкенде 400 қызметкер жұмыс істеді.Ал 2020 жылы швейцарлық «Mabetex Project Engineering» компаниясы жаңғырту жұмыстарын жүргізгеннен кейін «Sine tempore» деген атау берілді. Ғимаратың ауданы - 16 мың шаршы метр», - дейді Ғазиза Исахан.




Бірінші мұсылман мешіті мен Қызыл мешіт

1832 жылы Ақмола округының аға сұлтаны болып Қоңырқұлжа Құдаймендин сайлаланады. Ал 1838 жылы ол өз қаражаты есебінен Ақмола қаласында мешіт құрылысын бастайды. 1842 жылы мұсылман жамағатының қаржылайқолдауымен мешіт жанынан медіресе ашылады. Қажетті оқулықтармен шәкірттердің ата-аналары өздері жабдықтап отырған. Халық арасында Алланың бұл үйі «Ескі мешіт», «Бірінші мешіт» аталып кеткен еді. Уақыт өте келе мешіт түрлі қайырымдылық шаралары өтіп, көпестер мен қолөнершілер ғимарат маңына қоныстана бастаған. Осылайша, қысқа ғана уақыттың ішінде ол танымал орынға айналып, тіпті Мешіт көшесі де пайда болады.




«Өкінішке қарай, 1920 жылы мешіт өртеніп кетті. Дегенмен, Қосшығұловтар әулетінің арқасында оның орнына күйдірілген қызыл кірпіштен жаңа мешіт бойтүзейді. Халық арасында оны «Тас мешті» немесе «Қызыл мешіт» атап кеткен. Дін «халық үшін апиын» деп санаған большевиктік саясаттың салдарынан көптеген діни нысандар өз қызметтерін тоқтатқан болатын. Айталық, 1930 жылы мұсылман мешіті мен Александр Невский шіркеуі жабылды. Мешіт ғимараты тарихи-өлкетану музейіне, ал шіркеу Халық үйіне пайдалануға беріледі. Атауы бірнеше мәрте өзгерген Мешіт көшесі бүгінде Амангелді Иманов көшесі аталады. Бірінші мұсылман мешіті А.Иманов көшесі бойындағы №2 үйдің орнында болған және қазіргі уақытта бұл жерде ескерткіш тақта бар»,- дейді ол.







Жасыл мешіт тарихы


Ақмоладағы екінші мешіттің тарихына келсек, ташкендік Ақмола мещаны Мирсалим қожа Миркамалов Ақмола облысының губернаторына Ақмола қаласында өз қаржысына мешіт салу жөнінде 1887 жылы хат жаза отырып, мұсылмандардың жалпы жиналысының шешімі мен жаңа мешіт жобасын ұсынады. Бұл хат Ақмола уезінің басшысына қарауға жіберіледі. Сол жылы Ақмола уезі басшысының көмекшісі Мирсалим қожаның өтінішіне қатысты Ақмола облысының губернаторынан 542 мұсылманға бола мешіт салудың қажеті жоқ деген сынды сыдыртпа жауап келеді.




Алайда арада біраз жыл өткен соң, 1895 жылы Ақмоладағы ең бай қалталылардың бірі, ірі қара мал сатумен айналысқан 2-ші гильдия көпесі Нұрмұхаммед Забиров өз қаражаты есебінен мешіт салды.




«Халық арасында «татар мешіті» немесе боялған түсіне қарай «жасыл мешіт» деген атқа ие болған бұл мешіт бұрынғы Церковная, кейін Ленин есімін иеленген көшеде (қазіргі Абай көшесі мен Республика даңғылы қиылысында) орналасқан болатын. 1930-шы жылдардың соңында мешіт жабылып, кейін онда Пионерлер үйі орналасады. 1950-ші жылдары орнына үш қабатты тұрғын үй салынады. Дегенмен, мешіттің тас қақпасы, тіреулер, темір тор қоршаулары сақталған. Бүгінде «Жасыл мешіт» қоршауы қаланың киелі нысандар картасына енгізілген», - дейді Ғазиза Исахан.

Константин-Елена шіркеуі

Қаладағы басқа да түрлі ғибадат үйлері туралы сөз қозғағанда, Константин-Елена шіркеуі алдымен айтылады. Ақмола бекінісінде 1843 жылы қазынаның ақшасына қайтыс болғандарды жерлеу және жаназасын шығару үшін жер кірпіштен жорық шіркеуі салынады. Шіркеуді 2-ші алдыңғы шептегі батальонның дін қызметкері Михаил Никольский басқарады. М.Никольский кейін 1850 жылдың ерте көктемінде шіркеу құрылысын бастау жөнінде 1849 жылы 12 қыркүйекте шекара бастығына хат жазады. Ағаштан соғылатын шіркеудің жобасы мен сметасы әзірленеді.




Құрылысты жүргізу бекіністің гарнизон инженері Г.А.Воротниковке тапсырылады. Шіркеу 1854-1856 жылдары Сібір казак әскерінің қаржысына ағаштан салынды. Ішкі жұмыстары 1858 жылы толығымен аяқталып, казак әскерінің меншігі ретінде 1900 жылы бұзылып, станицаға көшіріледі. Бұл нысан да 1938 жылы жабылып, 1940 жылы тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды. 1941-1942 жылдары шіркеу ғимаратында Ақмолада ұйымдастырылған 29-шы атқыштар дивизиясының байланыс батальоны орналастырылады, ал 1942 жылдан бастап мінәжат орнына қайта айналады.







Александр-Невский шіркеуі

«Ақмола қаласының көрікті ғимараттарының бірі, қаланың орталығында орналасқан Александр-Невский шіркеуі еді. Бұл үйдің негізі 1891 жылдың 12 мамырында Курск-Харьков темір жолында қаза тапқан Александр III және оның отбасына естелік ретінде қаланды. Собор қалалық басқарманың және белгілі көпестер М.К. Кубрин, И.С.Силин, В.Н.Попов және басқалардың қаржысына салынады. Оның жобасын Тобылдан арнайы шақырылған инженер-технолог Павел Голышев жасады. Бірде-бір шеге қолданылмай тұрғызылған шіркеудің ішкі қабырғасын және төбесін 1914 жылы әйгілі В.М.Васнецовтың шәкірті, мәскеулік суретші М.И.Тимофееев безендірді. Алайда ҚазОАК-нің 1930 жылғы 20 наурыздағы №43 қаулысымен Александр-Невский соборы жабылып, ғимараты Халық үйіне пайдалануға беріледі. Кейінірек шіркеу драма театрға, одан соң кинотеатрға беріледі», - деді ол.

1939-1940 жылдары Собор ғимараты құлатылады. 1940 жылы ақпан айында қаланы абаттандыру жөніндегі жоспар бойынша аумағы 400 шаршы метр жұлдызды шеңбердегі гүл бағына айналады. Мұнда 1964 жылы Кеңестер үйі ғимараты бой көтереді. Бұл тарихи нысан 90-шы жылдары қайта жөндеуден өткен соң 1997-2005 жылдары Президент Әкімшілігі және Үкіметі орналасқанын, ал қазіргі уақытта мұнда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің аппараты орналасқанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.




Синагога тарихы

Архив мұралары синагоганың тарихы туралы дерекке де кенде емес. Белгілі жазуші С.Марков өзінің Ақмола қаласы туралы жазбаларында «Ақмола еврейлері бұрыннан бекіністе бар халық» деп жазады. Сол уақытта бекіністе орналасқан 2-ші Сібір батальонының құрамында еврей ұлтының өкілдері аз болмаған.

«Еврейлер діни ғұрыптарды жеке үйлерде, кейде бос казармаларда өткізген. 1866 жылы әскери еврейлер өз қаржыларына жеке үй сатып алып, оны синагогаға айналдырады. 1895 жылы сәуірде ақмолалық 200 еврейдің атынан еврейлердің діни қоғамдастығы әскери губернаторға азаматтық хал актілерін тіркеуге рұқсат беру жөнінде өтініш жолдағаны туралы деректер сақтаулы», - дейді Ғазиза Исахан.

Кубрин үйі

Көпес Матвей Кубриннің сауда үйінің ғимараты Кенесары мен Мәмбетов көшелерінің қиылысында, қаланың тарихи бөлігінде орналасқан. Матвей Кубрин – 1 гильдия атағындағы ақмолалық көпес, «Матвей Кубрин с сыновьями и Ко» сауда үйінің құрушысы. Ақмоладан басқа оның дүкендері Атбасар мен Көкшетауда ашылған. Сібір сауда-саттық жылнамасында «1913 жылы Матвей Кубриннің компаниясы дәрі-дәрмек, мануфактуралық, галантериялық, алтын сату, концтоварлармен айналысу, сонымен қатар киім, аяқ киім, бас киім, сағат, шәй, қант сатумен айналысқан» деп жазылған. 1915 жылы көпес Мәскеу қаласынан өзінің сауда орнын ашып, Ақмоладағы сауда үйін ұлы Василийге қалдырды.




1905-1907 жылдары ғимарат «модерн» архитектуралық стиліне сай салынды. Сыртқы бет көрінісі Кенесары мен Бөкейхан көшелерінің қарай орналасқан. Бұрыштарының қосындысында кіре беріс есік орналасқан, оның үстінде төртқырлы күмбез ерекше көз тартады. Терезелерінің арқалықтары мен карниздері садақтың оғының ұшындай сүйірлене біткен сәнді жақтаулары сауда үйінің бейнесін жарқырата түседі. Жалпы архитектуралық стиль мен архитектуралық бөлшектеріне қарай петербургтегі архитектуралық мектепті еске түсіреді. Ғимарат стилі Петербургтың атақты сәулетшісі Александр Гогеннің шығармашылық қолтаңбасына ұқсайды.




Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бұл ғимаратта «Радуга» азық-түлік дүкені мен аспаздық болды. Бүгінде онда «Астана» сауда орталығы орналасқан.

Ғашықтықтың арқасында бой көтерген тарихи ғимарат

Үндістанның әйгілі билеушісі Жаһан шах он тоғыз жыл отасқан, он үш құрсақ көтеріп, он төртінші перзентін дүниеге әкелерде көз жұмған аяулы жары Мұмтазаға арнап, кейін әлемдегі жеті кереметтің біріне саналған Тәж Махал ескерткіш-ғимаратын салдырған екен.

Әрине, Тәж Махалдың сән-салтанатына жетпесе де ғашықтық себепкерлігімен бой көтерген тарихи ғимарат елордамызда да бар. Ол - бүгінде Украинаның Қазақстандағы Елшілігі қоныстанған Кенесары мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысындағы ғимарат. Бұл ғимаратты 1910-1912 жылдары танымал көпес Матвей Кубриннің ұлы Василий салдырған.

Ғимарат тарихы да өте қызық. Василий Кубрин жұмыс бабымен бірде Петерборға барып, онда театрдағы қойылымды тамашалайды. Сол кезде сұлу балеринаны көріп, оған ес-түссіз ғашық болады. Ол биші қызға тұрмысқа шығуға өтініш жасап, өзімен бірге алып кетпек болады. Сол кезде қыз оған Петербордағыдай сәулетпен үй салып берсе ғана тұрмысқа шығатынын айтып, шарт қояды.




Ақмолаға оралған Василий Кубрин кідірместен үй салуға кіріседі. Сұлу биші қызға деген оның махаббаты үйде тез салып бітіруге де ықпал етсе керек. Бір жылға толар-толмас мерзімде петерборлық сұлудың қалаған сарайы дайын болады. Осыдан кейін Петерборға қайта барған Валерий уәдесін орындап келгенін айтады. Жас жігіттің өзіне деген шынайы сезімін түсінген биші қыз келісімін беріп, тұрмысқа шығады.

Өкінішке қарай, бұл үйде Василий Кубринге ұзақ тұруды тағдыр жазбайды. Сол кездегі бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтеріліс, Ресейдегі қазан төңкерісі, Ақпан революциясы, Кеңес үкіметінің орнауы секілді бірінен соң бірі болған соғыстар мен өзгерістер Кубрин әулетінің мазасын қашырып, Ресейге кетуіне тура келді.

Қазан төңкересінен соң Кубрин әулетінің үйлері мен дүкендері Кеңестердің қолына өтеді. Биші қыздың қалауымен салынған үйде жұмысшылар клубы мен кітапханасы орналасады. Кейіннен қаланы басқаратын атқарушы комитеттің үйі болады. 1930 жылдардағы Сталиндік қуғын-сүргін кезінде үйдің жертөлесі қудалауға ұшыраған зиялылардың жасырын бас қосатын мекеніне айналады. 1950 жылдары білім басқармасы орналасты. Ал, алпысыншы жылдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайына мекен болды.

Отыз жылдан астам уақыт бойы мұражай үйі қызметін атқарған ғимарат кейіннен мұражай қорына арналған орын болды. 1998 жылы Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстан астанасы атанған сәтте, Алматыдан елшіліктер көшіп келген уақытта ғимарат Украина Республикасының Қазақстандағы елшілігіне пайдалануға берілді.

Жәрмеңкеден Сарайға дейін

1961 жылы 20 наурызда Ақмола шаһары – тың өлкесінің орталығы Целиноград қаласына айналады. 1960 жылы 16 желтоқсанда Орталық комитеті Н.С. Хрущевтың бастамасымен Қазақ КСР-нің құрамында Тың өлкесін құру туралы қаулы қабылдады. Ақмола облысы 1960 жылы желтоқсанда таратылды. Мәскеу, Ленинград еңбекшілерінің Қазақ КСР-нің солтүстік облыстарына шефтік көмек көрсету жөніндегі үндеулері жарияланды.




Тың және тыңайған жерлерді игеру саясатымен қала күн санап өсті. Өлке орталығында түрлі шаралар өткізетін кең қоғамдық ғимарат қажет болды. Тіпті 1961 жылы Н. Хрущев Целиноградқа келгенде жиналыс өткізетін лайықты зал таппай өндіріс орындарының бірінде өткізуге тура келеді. Осыдан кейін Тың игерушілер сарайының құрылысын салу жөнінде шешім қабылданады. Рига қаласындағы «Латгипрогорстрой» институтының сәулетшілері П.Ю. Фогелс, Д.К. Даннеберг және О.Н. Крауклис әзірлеген КСРО-да Кремль съездерінің сарайына пара-пар ғимарат жобасы Целиноград қаласында салынатын болып шешілді.

«Тың игерушілер сарайының құрылысы Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі бекіткен жобалық-сметалық құжаттамасы бойынша 1961 жылы 15 қазанда басталып, 1963 жылы 6 қарашада пайдалануға берілді. Еңбекшілер депутаттары Целиноград қалалық Советінің атқару комитетінің 1963 жылы 20 мамырдағы «Родина» кинотеатрын Депо-2 ауданына көшіру жөніндегі шешіміне сәйкес 1963 жылғы 26 маусымда 15 шілдеге дейін берілген алаңды абаттандыру жөнінде қарар қабалданады. Сөйтіп кинотеатр көшіріледі«, - деді Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік мұрағатының ғылыми-зерттеу бөлімі басшысы.




Ал жаңадан салынған 2340 орынға арналған көрермендер залы мен ең алдыңғы қатарлы жабдықтау жүйесі, 150 орындық кафесі бар сарай қаланың мәдени өмірінің орталығына айналды. Бұл жерде партия жиналыстары, концерттер, кинокөрсетілімдер, жаңа-жылдық мерекелер, фестивальдар өткізілді. Тың игерушілер сарайы 1990 жылдардың соңындағы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін 1999 жылдан бастап Конгресс-холл аталды.

2016 жылдан бастап «Астана» концерт залы болып атауы өзгерді.









Автор Марлан Жиембай


Пікір жазу
  • А. Мамин: Қазақстандықтардың барлығы электрондық қызметтерді ала білуі қажет
    Коронавирус пандемиясы Қазақстандағы еңбек нарығына қалай әсер етті

    Ұқсас тақырыптар