Әлемде коронавирус індетінің етек алуына байланысты көптеген елдерде каратин енгізіліп, адамдардың қауіпсіздігі үшін бірқатар талап-ережелер бекітілді. Карантин шаралары көптеген саланың күнделікті тіршілігіне айтарлықтай әсер етті. Соның бірі - туризм саласы. Осы орайда Қазақстанның ішкі туризміне карантин қалай әсер етті, оның тұрақты өсуін қамтамасыз ету жолында қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында ҚазАқпарат тілшісі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына сауал жолдаған болатын. Ведомство жауабын ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Әлемдегі және елдегі пандемия салдарынан қазақстандықтардың биылғы жылға жоспарлаған демалыс маусымы айтулы өзгерістерге ұшырағаны белгілі. Осы орайда отандастарымыз ішкі туристік бағыттарды таңдауда, алайда елдегі карантинге байланысты туристік сұраныс толығымен жүзеге асырылмай отыр. Сол себепті ішкі туризм көрсеткішінің өсуі екіталай. Болжам бойынша, биыл ішкі туристік ағын өткен жылмен салыстырғанда 70-80%-ға азаяды. Ал жалпы алғанда кейінгі жылдары ішкі туризм көрсеткіші қарқынды дамып келгенін ескерген жөн. Мысалы, 2019 жылы 6,6 млн ішкі турист болды, ол дегеніміз 2018 жылмен салыстырғанда 13%-ға артық», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, ресми мәліметте отандық туристер демалу үшін көбінесе еліміздің қай өңірін тайдайтыны айтылған.
«Осы жазғы маусымда отандық туристердің назарында Маңғыстау, Бурабай, Алакөл курорттық аймақтары болды. Сонымен қатар, жаңадан ашылған туристік орындар жоғары сұранысқа ие. Оның ішінде, елорда іргесіндегі Көбейтұз көлі және оған теңдес Павлодар облысындағы Коряковка көлі. Одан бөлек, Ақмола облысындағы Бестөбе шатқалы мен Сілеті су қоймасы және Алматы облысындағы Текес сарқырамасы», - деп хабарлайды ведомстводан.
Одан бөлек, ұлттық компания карантин режімі ішкі туризмге қанша шығын әкелгеніне қатысты мәліметтермен бөлісті.
«Ең алдымен, карантин талаптары тренинг, конференциялар, банкеттердің өтуіне, сондай-ақ қонақүйлердегі SPA мен бассейндерге әсер етті. Мұндай қызметтерге сұраныс жоғары болды. Бұл қызметтер курорттар мен қонақүйлердің, әсіресе, елорда және Алматы қаласынан түсетін кірістердің 30%-ын құрайды деп айтуға болады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылы туристік компаниялар мен курорттық аймақтар ұсынатын қызметтер көлемі шамамен 300 млрд теңгені (шамамен 730 млн АҚШ долл) құрады. Осы мәліметтерге сүйене отырып, сонымен қатар қызметтердің басым бөлігі жазғы маусымда көрсетілетінін ескере отырып, толық іркіліс мерзімінде Қазақстанның туристік индустриясы күніне шамамен 1 млрд теңгені жоғалтады деп болжауға болады», - делінген сауал жауабында.
Ұлттық компанияның соңғы уақытта жиі орын алып жатқан туристердің демалыс орындарын ластауға қатысты ұстанымын білдік.
«Туризмде, кез-келген бизнестегідей, нарықтық механизмдер жұмыс істейді. Сұраныс болса, әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізілсе, осындай бірегей орындарға туристік ағын өсе бастайды. Алайда, бұл бақылаусыз ағын табиғи нысанның экожүйесіне кері әсерін тигізеді. Сол себепті елімізде бірегей нысандар қорғауға алынады. Қазақстан аумағында туристерді қызықтыратын орын көп, алайда мемлекеттік органдарда барлық территорияларды бақылауға жеткілікті ресурсы жоқ. Сондықтан біз туристік ресурстарды ұқыпты пайдалануға шақырамыз және жақын арада осы мәселе бойынша әлеуметтік желілерде белсенді жұмысты бастаймыз», - делінген мәліметте.