Ұлттық құндылықтарымызды Қазақстанның әрбір азаматының санасына ендіріп, орнықтыру керек. Бұл туралы Сенатта өткен талқылауда депутат Бақытжан Жұмағұлов айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Президент айтқан «жаңа болмыс» пен «ұлт сапасын» қалай жақсарта аламыз? Мұндай ойлар бәріңізді толғандырып жүрген болар?! Әрине, оны әлемдік өркениет жолымен, ұлттық құндылықтарымызды қатар дамытқанда ғана жүзеге асыра аламыз.
Сонда ғана ұлттық құндылықтарымызды қалыптастырып, оны орнықтыруға, өмірге кіріктіруге болады. Иә, осы жылдары біраз жұмыстар атқарылды. «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты жобалар ойдағыдай жүзеге асырылды, әлі де орындалып жатыр. Бұлар –мемлекеттік деңгейдегі іргелі жобалар», - деді сенатор «Ұлттық құндылықтар - рухани жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.
Осы орайда ол ұлттық құндылықтар азайған сайын, адамның рухани бейнесі де өзгеретінін атап өтті.
«Өзгеден гөрі – өзін, қоғамнан гөрі – жеке отбасының пайдасын ойлайтын, рухани жағынан біршама жүдеу, білім жағынан саяздау ұрпақ көбейгені алаңдатады. Осыған орай, бес құндылық бағытын ұсынып отырмын», - деді Б. Жұмағұлов.
Бұл тұрғыда депутат бес құндылық бойынша жекелей тоқталды.
Бірінші құндылық – ол тәуелсіздік және тарихи таным. Өйткені тәуелсіздік – егемендікті ғана алып келмей, сонымен қатар, ұлтымыздың санасын өзгертті, сапасын жақсартты.
Екінші құндылық – ел мен жер. Ұланғайыр даланы бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтады.
Үшінші құндылық – тіл мен имандылық.
Төртінші құндылық – ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие. Ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы. Бесіктен тәрбиелеу – ұлттық ұғым кепілі.
Бесінші құндылық – білім мен біліктілік.
«Бұл туралы және жоғарыда айтылған бес бағыт пен ұлттық құндылықтар жөнінде Сенаттағы Парламенттік тыңдауда кеңінен айтылатын болады... Бір қарағанда, Ұлы даланың ұлттық құндылықтарын бәріміз білетін секілдіміз. Ол баршамызға түсінікті сияқты. Ал тереңнен қарасақ, ұлттық құндылықтарымызды Қазақстанның әрбір азаматының санасына ендіріп, оны орнықтыру қажет», - деді сенатор.
Оның пайымынша, ұлттық құндылықтарымыздың орнына батыстық құндылықтарды ендіру процесі орныға бастады. Демократия деген желеумен халқымыздың, оның ішінде жастарымыздың саяси көзқарасына ықпал етушілік жүргізіліп жатыр. Әртүрлі жат діни ағымдар бой көтерді.