2020 жылы Қазақстанда цифрлық есептеуіш машина шығару 6 есеге артты, деп energyprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлаймыз.
2021 жылдың алғашқы айында Қазақстанда 538 цифрлық есептеуіш техника шығарылды. Бұл өткен жылдың дәл сондай айындағы көрсеткіштен 3,6 пайызға артық. Осы ретте 2020 жылдың қаңтарында өнімнің жылдық құлдырауы 64,8 пайыз мөлшерінде байқалған еді.
Былтыр 59,3 мың есептеуіш машинасы шығарылды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Өткен жылы цифрлық есептеуіш техникалары өндірісінің басым бөлігі Алматы қаласында шоғырланды. Бұл қалада 58,1 мың құрылғы шығарылды. Көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 6,8 есе жоғары. Ал Қарағанды облысында 1,1 мың, Нұр-Сұлтанда 124, Жамбыл облысынла 24 есептеуіш машинасы құрастырылды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, еліміздегі тарихы терең, ең көне зауыттардың бірі - Петропавл қаласындағы С.М. Киров атындағы зауыт ZIKComputers маркасымен компьютерлік техника шығара бастады. Тұтынушыларға отандық Zik компьютерлерінің 7 түрі ұсынылды. Оларды қазірдің өзінде kaspi.kz және ForteMarket арқылы сатып алуға болады. Жақын арада отандық компьютерлерді «Қазпоштаның» барлық бөлімшелерінен де алуға болатын болады.
ZIKcomputers желісінің өндірістік қуаты - жылына 100 000 бірлік компьютерлік техника. Компьютерлік техниканы дайындауға арналған компоненттерді серіктестері - электроника, компьютерлік техника және серверлік жабдықтар өндірісінде 30 жылдық тәжірибесі бар Great Wall компаниясы жеткізеді.