Еліміздегі азаматтық қоғамның даму жолы мен өркендеу кезеңі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ үкіметтік емес ұйымдар Тұңғыш Президентіміздің сенімді серігіне айналды. Тіпті үкіметтік емес секторды дамытудың қазақстандық үлгісі қалыптасты деуге болады. Соның нәтижесінде өткен 30 жылда ел дамуына елеулі үлес қоса алатын, азаматтық қоғамның ауыр жүгін арқалай алатын жаңа буын өсіп-жетілді.
ХХІ ғасырдың тыныс-тіршілігін, мемлекеттің даму барысын азаматтық қоғамның қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде үкіметтік емес сектордың қызметі мен оның қоғамдағы рөлі әлдеқашан айқындалғанымен, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары азаматтық қоғамның аяқ алысы көңіл көншіте қойған жоқ. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көптеген түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, үкіметтік емес ұйымдардың қызметі жүйелі жолға қойыла бастады.
Мәселен, Елбасы «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында өткен VIII Азаматтық форумның жалпы отырысында сөйлеген сөзінде «Үкіметтік емес ұйымдар саны 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін жетіп, төрт еседен астам өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 20 миллиард теңгеден асып отыр. Нәтижесінде, бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде, қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтиды», деген болатын.
Үкіметтік емес ұйымдардың санының көбейгендігі – еліміздегі азаматтық қоғамның дамығандығының, белсенді азаматтардың саны артқандығының бірден-бір көрсеткіші деуге болады. Мұның өзі билік пен қоғам арасындағы диалогты жандандыра түсті.
Бүгінде үкіметтік емес сектордың даму қарқыны Елбасы салып берген сара жолдан тайған жоқ. Мәселен, еліміздегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қамтитын 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдама қабылданды. Бұл туралы 29 қаңтарда өткен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алқа отырысында вице-министр Болат Тлепов айтқан болатын.
«Азаматтық қоғам өкілдерінің халықтың жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қатысуы – мемлекеттік мүдде саналады. Бүгінде елімізде 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Соның ішінде 16 мыңы іс жүзінде қызмет істеп жатқан болса, 5 мыңнан астамы белсенді ұйымдар қатарына кіреді. Осы ұйымдардың барлығына мемлекет тарапынан жыл сайын бөлінетін әлеуметтік тапсырыстар, гранттар мен қаржылай сыйақылар қолжетімді. Мәселен, былтыр қоғамдық ұйымдардың қатысуымен елімізде 1250-ден аса әлеуметтік жоба іске асты. Жүздеген ұйым ары қарай дамуға мүмкіндік алса, 38 қоғамдық ұйым қаржылай сыйақы алды», дейді ведомство басшысының орынбасары.
Вице-министрдің айтуынша, Үкімет қаулысымен 2020-2030 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл тұжырымдама екі кезең бойынша іске асатын болады. Бірінші кезең 2020-2025 жылдарға негізделсе, екінші кезең – 2026-2030 жылдар аралығында қолға алынады деп жоспарлануда. Өткен жылы бірінші кезеңде іске асырылатын 5 негізгі бағыт бойынша 33 іс-шара қамтылған. Дәлірек айтқанда, азаматтық қоғамның дамуын құқықтық жетілдіру; азаматтық белсенділікті дамыту және қолдау; сондай-ақ, тұрғындарды мемлекеттік басқаруға қатысуға кеңінен тарту сияқты шаралар қарастырылған.
«Волонтер жылы табысты аяқталып, осы саланың дамуында оң серпін байқалды. Атап айтқанда, бүгінде волонтерлер ұйымдары мен топтардың саны 3 есеге артты. 2020 жылдың басында небәрі 224 ұйым болса, бүгінде мұндай ұйымдардың саны 600-ге жетіп отыр. Ал волонтерлердің саны екі жарым есеге ұлғайып, былтыр пандемияның өршіген кезінде 100 000 адамға дейін жетті. «Biz birgemiz» бастамасы аясында 7 жоба жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен волонтерлердің республикалық Кеңсесі іске қосылып, оған ілесе еліміздің барлық аймағында 17 өңірлік фронт-кеңсе ашылды. Жыл бойы Сабақтастық, Саулық, Таза әлем, Асыл мұра, Қамқор, Үміт, Білім сияқты маңызды бағыттар бойынша 7 жалпыұлттық волонтерлік жоба жүзеге асырылды. Жалпы, республика бойынша волонтерлерді қолдаудың 18 орталығы ашылды», дейді вице-министр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолданыстағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант беру қағидаларын жетілдірген. Өзгерістер енгізілген нормативтік-құқықтық актінің жобасы азаматтық қоғам саласындағы сарапшылармен бірлесе әзірленген. Жаңашылдықтар сарапшылар тізімін қалыптастыру және жүргізу тәртібін регламенттеуге қатысты. Жаңа қағида бойынша, сарапшылар тізімі 1 жыл мерзімге жасалады және көпшілікке жариялы болып саналады. Сондай-ақ гранттардың тақырыптары қоғам талқысынан кейін жоспарланып, іске асырылады.
«Өткен жылғы нәтижеге келетін болсақ, жалпы 88 қоғамдық ұйымның қатысуымен 117 гранттық жоба орындалды. Соның аясында 667 оқыту іс-шарасы, 54 зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар әлеуметтік қызмет көрсетуге негізделген 4 жоба іске асып, 15 веб-ресурс құрылып, 52 орталық ашылды. Жалпы, осы әлеуметтік жобалар барысында ел бойынша 1 млн-нан астам адам нақты көмек алды», дейді Б.Тлепов.
Вице-министр өткен жылы 1500-ден аса үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын біріктірген ІХ азаматтық форум өтіп, соның аясында 40-қа жуық зиялылық алаңы ұйымдастырылғанын, онлайн форматта жалпы саны 20 000-ға жуық қатысушы тіркелгенін жеткізді. Сонымен қатар орталық мемлекеттік орган басшыларының деңгейінде 12 кездесу өтіпті. Нәтижесінде, қоғамдық ұйымдардан 650-ден астам ұсыныс келіп түскен екен. Бүгінде аталған форумның нәтижесі бойынша әзірленген іс-шаралар Үкіметтік деңгейде жүзеге асырылып жатыр.
«Азаматтық қоғам өкілдерімен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірлесе атқарған жұмыстары мұнымен шектелген жоқ. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру міндеттерін орындауда қолға алынып отырған жұмыстардың басты бағыттарының бірі – ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету. 2020 жылы 30 желтоқсанда ел Президенті тиісті заңға қол қойған болатын. Соған сәйкес, енді әрбір мемлекеттік органда ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша уәкілетті тұлға немесе бөлім айналысатын болады. Сондай-ақ биыл алғаш рет Мемлекет басшысына елдегі ақпаратқа қолжеткізу саласының жай-күйі туралы есеп әзірленеді», дейді ведомство басшысының орынбасары.
Осы отырыста еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың мәні мен маңызын «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева да айрықша атап өтті. Оның айтуынша, белсенді азаматтық қоғам – мемлекеттің стратегиялық міндеттерін табысты шешудің басты факторы саналады. Бір ғана мысал, пандемия басталған кезде үкіметтік емес ұйымдар әр түрлі салада жүргенімен, кез келген қиыншылықты еңсере алатындығын байқатты. Отандастарымыз індеттің айналасында азаматтық қоғам өкілдерінің топтаса алғанына және үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасындағы өзара тиімді диалогты қамтуға ықпал ететіндігіне куә болды.
Елбасы «Үкіметтік емес ұйымдардың атсалысуымен мүмкіндігі шектеулі адамдар, ерекше мұқтаж балалар мен жастар үшін аса белсенді ортаның қалыптасуы жақсы үрдіс саналады. Инклюзивті қоғамды дамыту – әлемдік тәжірибе және барлық дамыған елдердің азаматтық қоғамы жүзеге асыратын маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі», дегені есімізде. Бұл ретте, елімізде 30 жылдан астам тарихы бар Қазақстан Мүгедектері одағы жұмыс істеп келе жатқанын айтуға болар еді. Аталған ұйымның төрағасы Әли Аманбаев азаматтық қоғамның даму барысына тоқтала келіп, өткен 30 жылды еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы анағұрлым алға басқанын айтты.
«Біз кейде осыдан 10-20 жыл бұрын болған оқиғаларды, бастан өткерген көптеген қиыншылықтарды ұмытып кетіп жатамыз. Эмоцияға ерік беріп, барды бағалай алмайтын кездеріміз де болады. Бірақ мен осынау жүріп өткен жолымызға қарап отырып, 30 жылда көптеген жұмыс істелгенін еске түсіре аламын. Жасалған жақсылық пен игі істерді, тың бастамаларды жасырып қалуға болмайды. Мәселен, тоқсаныншы жылдары қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үйлердің аулаларында от жағып, ас әзірлеген кездеріміз болды. Содан бері көп дүние өзгерді. Осы азаматтық қоғамның арқасында Үкіметтің ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасы өзгерді. Көптеген қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар құрылды. Сол ұйымдар бүгінде ауқымды жұмыстарды қолға алып жатыр. Оларға Үкімет тарапынан сан түрлі тапсырыстар беріліп келеді. Яғни үкіметтік емес сектордың қоғамды алға бастырудағы, дамытудағы үлесі зор. Сондықтан, үкіметтік емес ұйымдарды жұдырықтай жұмылып, мемлекетке барынша көмек көрсетуге шақырамын», дейді Ә.Аманбаев.
Иә, 30 жылда еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар талай биікке табан тіреп үлгерді. Бұл – ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оларға көрсеткен қолдауы мен қамқорлығының жемісі. Ендігі ретте, Елбасы айтып өткендей, «Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді беру жөніндегі жұмыстарды жалғастырған жөн» дер едік. Осылайша, азаматтық қоғамға жүктелген маңызды міндет мемлекет дамуына да сенімді серпін беретіні анық.
Дереккөз: egemen.kz