Профессионалдар. Джеки Чанды көріп каскадер болған қазақ жігіті

Уақыты: 2021-05-18 Көрлімі: 1248 Сипаттама

Baq.kz: Бүгінгі біздің кейіпкеріміз қызықты әрі өте қауіпті мамандық иесі. Ол адам денсаул...

b497f18c1c1c5e880a8265533c26169b.jpg

Baq.kz: Бүгінгі біздің кейіпкеріміз қызықты әрі өте қауіпті мамандық иесі. Ол адам денсаулығына қауіп төндіретін өте күрделі трюктерді жасап жүрген каскадер Бауыржан Әбішев. Отандық және шетелдік киноларға, бейнебаяндарға үнемі түсіп келе жатқан оның бейнесі көпшілікке бұрыннан танымал. 

Бауыржан Әбішев Түркістан Облысының Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Көп жыл Nomad Stunts каскадерлер тобында өнер көрсетіп келді. Қазір Kazakh Union Action Team каскадерлік тобының жетекшісі.


Кейіпкеріміз каскадерлікке бала кезінен қызыққанын айтады. Әкесі жастайынан дене тәрбиесіне баулығандықтан спортты өмірлік серік еткен. Кәсіби спортшы болмаса да таңмен тұрып сабаққа барғанға дейін 3 шақырым жер жүгіріп, сосын турникке тартылып, жуынып-шайынып сабаққа баруды дағдыға айналдырыпты. Соның арқасында шымыр денелі, қиындыққа төзе білетін нағыз жігіт болып қалыптасқан.

Ол кезде ауылымызда қазіргідей спорттың көп түрі болған жоқ. Бар болғаны күрес пен Мұстафа Өзтүріктің таэквондо мектебі ғана еді. Сондықтан бала кезімде күрес пен таэквондомен айналыстым. Облыстық, республикалық үлкен жарыстарға бара алмадым, дегенмен ауылда өткен жарыстарда жеңімпаз атанып, топ жарып жүрдім, - дейді ол.  

Жастайынан спортқа жаны құмар Бауыржанның каскадерлікке келуіне әлемдік кино жұлдызы Джеки Чан әсер етіпті. Актердің кинодағы трюктерді қалай жасап жатқанын көргенде «бұл менің қолымнан келеді» деп каскадерлікке біржолата бет бұрыпты.

Бірде танысым Джеки Чанның «Менің өмірім» деген деректі фильмін көрсетті. Онда каскадерлік трюктердің қалай жасалатыны барлығы баяндалған. Соны көрген соң «болды, мен каскадер боламын» деп алдыма мақсат қойдым. Сөйтіп сальто жасауды бастадым, үйдің, қораның төбесіне өрмелеп, секіріп, неше түрлі трюктер жасап жүрдім. Оның үстіне әкем көкпарға қатысып, жылқы баптайтын. Сондықтан мен де жастайымнан жылқының құлағында ойнайтынмын, - дейді каскадер. 

Мектепті тәмамдаған соң, ол экшн киноға түсем деген арманмен Алматыға оқуға аттанады. Алайда каскадерлерді дайындайтын арнайы оқу орны жоқ болып шығады. Содан амал жоқ Т. Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясына актерлік мамандығына тапсыруға бел буады. «Бастысы актерлікті меңгерсем, ары қарай боевиктерге түсем ғой» деген ой болады. Құжат тапсыруға барғанда ондағы оқытушылар шымыр баланың физикалық дайындығын көріп, Эстрада цирк колледжіне тапсыруға кеңес береді. 


Бұрын ондай колледж бар екенін білмеппін. Колледжге барып оқытушылармен кездесіп, шпагатқа отырып, сальто жасап, қолымнан не келетінін көрсеттім. Олар осындай күні емтихан тапсыруға кел деп шығарып салды. Кейін емтиханнан өтіп, колледжге түстім. Сөйтсем әлемдік деңгейдегі, яғни Голливудтағы мықты каскадерлердің өзі осы цирктен шыққан екен. Циркте каскадерге қажетті акробатика, гимнастика және тағы басқасын үйрететін болып шықты. Мен нағыз өзім іздеген ортаға келіппін, сонда 3-4 жылдай білім алдым. Ол жерде таңғы сағат 7-ден бастап кешкі 8-9-ға дейін спорттық дайындықтан өттім. Көп нәрсені меңгеріп шықтым, - дейді Әбішев. 

Оқуды бітірген кезінде жаңадан құрылып жатқан Nomad Stunts каскадерлер тобына шақырту алады және біраз жыл сондағы атты акробатикада жұмыс істейді. Сондай-ақ «Көшпенділер» фильмінің түсірілімі басталғанда бірінші рет отандық каскадерлер тобы ретінде қатысқандарын айтады. Оған дейін қырғызстандық, өзбекстандық каскадерлер тобы болыпты, бірақ отандық каскадерлердің үлкен тобы болмаған. Тек бірен-саран жігіттер жекелей каскадер болып істеп жүрген екен. 


Номад тобының құрамында сахналық трюктерді қоюшы болып 15 жылдай жұмыс істедім. Экшн жанрындағы отандық кинолардың барлығында түстім, 7-8 шетелдік фильмде жұмыс істедім. Атпен жұмыс істеген қанша дегенмен уақытты алады, оны күтіп, баптау керек. Заманауи жанр қызықтырған соң Nomad Stunts-тен кетіп, өзіміздің топты құрдық. Kazakh Union Action Team тобының құрамында қазір 25-ке жуық каскадер бар. Барлығы спорттан келген жігіттер. Біреуі акробат болса, біреуі балуан, тағы бірі таэквондомен айналысқан дегендей. Бастапқыда топты Еркін Мекебаев, Серікқазы Тілебалды үшеуіміз құрып, жігіттерді жинадық. Алғашында бізді көп ешкім біле бермеді, сондықтан жұмыс та жөнді болмады. Халық, режиссерлер білсін деп азын-аулақ бейнебаяндарға түсуден бастадық. Команда құрылып, жұмысымыз қарқын алғанша 1-2 жылдай уақыт өтті. Кейін үлкен жобалардан тапсырыстар түсті, - дейді каскадер. 

Бауыржан шетелден жылына 1-2 жобаға тапсырыс түсетінін, негізінен отандық киноларға шақырту алатындарын айтады. 


Қазастанда каскадерлік сахнасы бар кинолар көп түсіріле бермейді, қазір негізінен комедиялар көп түсіріліп жатыр. Дегенмен тапсырыстар болып тұрады. Биыл Мысыр еліне екі рет барып келдік. Египетте тарихи «Король» деген сериал түсіріліп жатыр. Біз сондағы актерлердің, каскадерлердің соғыс трюктерін қойып беріп, қалай жасайтынын бәрін үйретіп бердік. Наурыз айында келе салып ресейліктер түсіріп жатқан «Шаман» деген фильмге кірісіп кеттік. Ол Қазақстанда түсіріліп жатыр. Онда да кішігірім атыс, соғыс көріністері бар. Одан бөлек отандық сериалдар, роликтер, фильмдер түсіріліп жатыр. Көктемнен бастап қысқа дейін бізде жұмыс қызу болады, қыста түсірілімдер аздап тоқтайды, - дейді ол.

Каскадерлікке келген жігіттердің көбі қосымша өз жұмыстарымен айналыса береді екен. Көбі циркте жұмыс істейтін акробат, гимнаст жігіттер көрінеді. Тұрақты жұмыс болмаған соң, топта еңбекақы деген болмайды, тапсырыс алғанда ғана істейді. Бауыржан сөз арасында шетелдіктер ақшаны жақсы төлейтінін және қауіпсіздік жағына көп мән беретінін айтты.


Әрине, шетелдіктер жақсы төлейді, себебі бізде ондай баға жоқ. Оған қоса сақтандыру жағы бізде төмен. Кейбір жобаларда ғана сақтандыру жасалынады, ал негізінен көп жерде жоқ. Түсірілім барысында жарақат алып қалсам, өз ақшама емделемін. Сондықтан жарақат алмауға тырысамыз. Егер жарақат алып қалсаң алатын ақшаң емделуге жетпейді. Елімізде кино жайлы заңды енгізе алмай жатқанда каскадерлердің өмірін сақтандыру жайлы айтуға әлі ерте сияқты, - дейді Бауыржан Әбішев.  

Оның айтуынша, елімізде қазір каскадерлерді көпшілік таниды және жастардың бұл мамандыққа деген қызығушылығы артқан.


Осыдан он жыл бұрын каскадермін десең, көбі дұрыс түсіне бермейтін. Қазір көбі біледі, оның үстіне жастардың қызығушылығы жоғары. Елімізде қазір Номад, Лидер және біздің топ бар, басқа да топтар болған, бірақ қазір жұмыс істейді ме, жоқ па белгісіз. Дегенмен жаңадан топ құрып жатқандар бар, әлеуметтік желіден кейде көріп қаламын, - дейді ол. 



Каскадерлер өте қауіпті трюктерді жасайтындықтан онда қателік жіберуге болмайды. Үлкен жауапкершілік пен мұқияттылық керек. Әсіресе қызуқанды жастарға абай болған жөн. Бауыржан жастарды каскадерлікке дайындау оңай шаруа емес екенін айтады. Оған әр адам жан-жақты ойланып, саналы түрде келгені дұрыс.

Естуімше, қазір Жүргенов академиясында шағын каскадерлік мамандығын дайындайтын топ ашылып жатыр. Сұраныс болса, каскадерлікті оқытқан жақсы, егер ешкім тапсырмаса, оның не қажеті бар. Менің ойымша, оған жан-жақты дайындықпен келу керек. Бұл жауапты іс, ертең біреу аяқ-қолын сындырып алып жатса немесе біреу белін сындырып алса, өмір бақи мүгедек болып қалады. Сондықтан ол өте жауапты іс. Каскадерлікке жастық албыртпен емес, саналы түрде келген дұрыс. Өйткені адам жас кезінде көп қателік жіберіп қоюы мүмкін, - дейді каскадер. 


Ол каскадер болам деген адамда алдымен қайсар мінез, қайтсем де осы трюкті жасаймын деген төзімділік болу керек дейді. Каскадерлік топқа келіп, біраз күннен кейін шыдамай кетіп қалатындар да болады екен.

Каскадер болам деген адамда мінез болу қажет. Барлық қиындыққа төзе білу керек. Ертең аттан құлап, болдым деп қашып бара жатса, одан қандай каскадер шығады. Сондай-ақ каскадерлікті жақсы көріп, шын берілу керек, сол кезде нәтиже болады, - дейді ол.


Бауыржанның алға қойған мақсаты да зор, бастысы бір орында қалып қоймай, дамып, алға жылжып отыруды қалайды. Оның үстіне әлем бойынша еліміздің каскадерлеріне деген сұраныс та артып, оларды жоғары бағалайтын болған. Бұл біздің каскадерлер өз ісінің шебері, нағыз профессионалға айналғанын көрсетеді. Оған қоса каскадерлеріміздің тәжірибесі артып, олар жасаған трюктер халықаралық сыйлықтарға ие бола бастағанын көріп отырмыз. Отандық каскадерлердің алар асуы әлі де алда деп үміттенеміз.



Әділет МҰСАХАЕВ

Дереккөз: Baq.kz

Фото: дереккөз


Пікір жазу
  • Сенім мен сабақтастық салтанаты
    Білге ақын. Олжас Сүлейменов туралы толғаныс

    Ұқсас тақырыптар