Ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамытудың ұлттық орталығы құрылады. Мақсат – отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жасауды қолдау. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңында» айтылды, деп ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Елімізде ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамыту – басымдыққа ие мемлекеттік міндеттің бірі. Осы ретте отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жасауды қолдау мақсатында Ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамытудың ұлттық орталығы құрылады. Қазіргі күнде бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Себебі, елімізде аграрлық секторда ресурстар жеткілікті және бұл өнімдерді тұтынушылар саны басым», - деп атап өтті Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов бейнебайланыс режиміндегі басқосуда.
Айтуынша, өткен жылы қазақстандық зауыттар 183 млрд теңге сомасында 13 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын шығарған. Бұл тараптағы өндірістің жылдық өсімі 130 пайыз болып, 2,3 есеге артқан.
Сонымен қатар, биыл ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасын іске асыруға 40 млрд теңге бөлінді. Оның 30 млрд теңгесі «Жасыл Даму» АҚ қаражатынан және 10 млрд теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ капитал нарығынан тартылды. Бұдан бөлек, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» тракторлар мен комбайндарды лизингтік қаржыландыру үшін 7 млрд теңге қаражат бөлмек.
Ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласының бүгінгі ахуалы мен алдағы даму бағыты таразыланған басқосуға Қазақстан Автомобиль бизнесі қауымдастығы мен «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ өкілдері және отандық бірқатар кәсіпорын басшылары қатысты. Жиын барысында көтерілген сауалдар мен ұсыныстар бойынша арнайы талдау жұмыстары жүргізіледі.
Фото: ҚазАқпарат