Сарапшы: Жыл соңына дейін тұрғын үй бағасы тағы қымбаттауы мүмкін

Уақыты: 2022-09-26 Көрлімі: 348 Сипаттама

Бір жыл ішінде екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы 25,8%-ға, жаңа тұрғын үйлердің бағасы 1...

Бір жыл ішінде екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы 25,8%-ға, жаңа тұрғын үйлердің бағасы 18,1%-ға өскен.

57c9bc1955ac2daa49754b18e0d2c2c1_L.jpg

Қазіргі кездегі әлемді жайлаған қымбатшылық, инфляция, оның үстіне көрші елдердегі жағдайдың тұрақсыздығы тек қазақстандықтарды ғана емес, әлем халқын алаңдатып отыр. Пандемияның салдарынан зардап шеккен экономиканың жағдайын көрші елдердегі қақтығыстар тіптен қиындатып жіберді. Соның салдарынан инфляция тез өсіп, шеттен келетін тауарлар бағасының артып жатыр. Оның ішінде көп бөлігін біз шеттен импорттайтын құрылыс материалдары да бар. 

Ал құрылыс материалдарының қымбаттауы өз кезегінде тұрғын үйдің бағасының қымбаттауына әкеліп соғады. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы бір жыл ішінде екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы 25,8%-ға, жаңа тұрғын үйлердің бағасы 18,1%-ға өскен. Дегенмен, құрылыс материалдарының бағасының артуы тек бір себебі ғана. Оның басқа да себептері баршылық. Алайда мамандар құрылыс материалдарына деген импортты азайтатын болса, тұрғын үй нарағындағы баға айтарлықтай өспейтінін айтып отыр.

Осыған байланысты қазіргі кездегі қымбатшылық тұрғын үй нарығына қалай әсер етіп жатыр, жыл соңына дейін тұрғын үй бағасының арзандауы мүмкін бе, бағаның қымбаттауына қандай факторлар себеп болып отыр, оған қоса тұрғын үйді қай кезде сатып алған тиімді екені жөнінде материал дайындауды жөн санадық. Назарларыңызға ұсынамыз, мәртебелі оқырман.

Еліміздің қай өңірлерінде тұрғын үй бағасы артты

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылғы тамыз бен 2022 жылғы тамыз аралығында қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы 25,8%-ға, жаңа тұрғын үйдің бағасы - 18,1%-ға артқан. Биылғы тамызда абаттандырылған тұрғын үй үшін жалдау ақысы өткен жылдың ұқсас айымен салыстырғанда 31,8% - ға өскен.

Республика бойынша тұрғын үйдің бастапқы нарығындағы баға жылдық мәнде Ақтөбе қаласында - 32,5%-ға, Астана қаласында - 27,6%-ға, Қостанай қаласында - 26,3%-ға айтарлықтай қымбаттады. Тұрғын үйдің қайталама нарығының көш басында - Қызылорда қаласы (48,4%), Нұр-сұлтан қаласы (40,8%), Өскемен қаласы (39,9%) және Талдықорған қаласы (36,5%), ал тұрғын үйді жалдау нарығында - Алматы қаласы (62,5%) тұр.

Мамандардың сөзіне сенсек, бағаның өсуіне бірден бірнеше фактор әсер етіп отыр. Атап айтсақ, оның қатарында табиғи және табиғи емес сұраныс, тұрғын үй құрылысының жаппай салынуы, көлеңкелі экономика және құрылыс материалдарының бағасы бар. Үкімет белгілі бір фактормен күрескенімен, басқа факторлар бағаның тұрақтамауына әсер етеді.

Сарапшылар бүгінгі таңда тұрғын бағасының қымбаттауына екі үлкен фактор әсер етіп отырғанын айтады. Олар – құрылыс материалдарының қымбаттау және инфляция. Мәлеметтерге сүйенсек, өткен жылдың өзінде негізгі құрылыс материалдарының 32 тобының 29-ы қымбаттаған. Сонымен қатар теңгенің құнсыздануын және құрылыс материалдары өнеркәсібінің импортқа тәуелділігін ескерсек, жағдай қиындай беруі мүмкін.

Құрылыс бағасының қымбаттауы тұрғын үй бағасының өсуіне әсер етеді

Тұрғын үй нарағы бойынша сарапшы Жеңіс Шәріпұлы да құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан тұрғын үй бағасының қымбаттағанын растап отыр.

«Жалпы тұрғын үй бағасы жайлы айтсақ, ол арзандамайды, баға тек өседі. Бірақ айтарлықтай қатты қымбаттайды деп айта алмаймын. Бірақ оның өскен бағасы да еліміздегі инфляцияның деңгейіне тең болады. Өткен жылы бізде құрылыс материалдарының бағасы қатты қамбаттағанын білеміз. Мәселен, арматура жасайтын темір кенінің бағасы екі есеге артты. Оған қоса басқа да құрылыс материалдарының бағасы 30%-ға өсті. Сондай-ақ соған сәйкес құрылысшылардың да еңбекақысы қлғайды. Олар да істеген жұмысы үшін жоғары жалақы сұрай бастады. Міне, осының бәрі тұрғын үйдің қымбаттауына алып келді»,-дейді сарапшы.

Алайда оның пікірінше, зейнетақы жинағының бір бөлігінің пайдалануға берілуі де белгілі бір деңгейде әсер етті. Бірақ ол былтырғы жағдай.

«Зейнетақы жинағын алуға болатыны алғаш айтылған кезде тұрғын үйдің бағасының өсуіне әкелді. Бұл өткен жылғы жағдай. Ал дәл қазіргі уақытта инфляцияның салдарынан туындап отыр деп айтуға болады. Десе де, инфляция тек біздің Қазақстанда емес, әлем елдерінде болып жатқанын атап өту керек. Биыл Ұлттық банк бағаның өсуінің алдын алу үшін бірқатар іс-шара қабылдады. Мәселен, базалық мөлшерлемені екі рет көтерді. Жалпы тұрғын үйдің бағасының қымбаттауы еліміздегі инфляцияның деңгейіне де байланысты болады. Ал жыл соңына дейін болжам жасар болсақ, тұрғын үйдің бағасы шамамен 3-4% көлемінде ғана өседі. Бағаның төмендемейтіні белгілі нәрсе»,-деді маман.

Жыл соңына дейін баға айтарлықтай өспейді

Бұдан біз тұрғын үй нарығындағы баға өскенімен, анау бір айтарлықтай шарықтап кетпейтінін түсініп отырмыз. Дегенмен, қазіргі кезде баға кейін тіптен шарықтап кетеді деп қоырққан азаматтар үй сатып алуға асық. Мәселен, биылғы тамызда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша мәмілелер саны 35 686-ны құрап, жетінші аймен салыстырғанда 17,4%-ға артқан.

Мәмілелердің санына тоқталар болсақ, Астана және Алматы қалалары көш бастап тұр Ал мәміле саны ең аз болған өңір қатарында Ұлытау облысы тұр. Осы тұста қай кезде тұрғын үй сатып тиімді деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалды сарапшы Жеңіс Шәріпұлына да қойып көрген едік. Ол азаматтарға мынадай кеңес берді.

«Мәселен, 2015 жылды алсақ, сол жылы да елімізде девальвация болды. Ұлттық валютамыз екі рет әлсіреді, инфляцияның деңгейі де өте жоғары болды. Міне, осындай жағдайлардың салдарынан сол уақытта тұрғын үйдің бағасы да қатты шарықтап кетті. Тұрғын үй бағасы инфляция деңгейімен бірге артса, онда оның бағасы арзандамайды. Ал егер де сұраныстың көбеюіне байланысты баға өссе, мысалы, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға беру деген секілді, онда үйдің бағасы төмендеуі мүмкін деп айтуға болады. Ал бағаны ұстап тұру үшін не төмендету үшін бірінші кезекте, құрылыс материалдарының бағасы арзандау керек. Бірақ статистикаға назар аударсақ, инфляция салдарынан құрылыс материалдары, қызметтер көрсетулер бағасы өспесе, төмендемегенін көруге болады. Сондықтан да азаматтарымыз тұрғын үй алуды жоспарлап жүрген болса, қазір алу керек деп ойлаймын. Себебі баға арзандамайды. Бірақ баға өскенімен, айтарлықтай қатты арпайды»,-деді ол.

Бағасын ұстап тұруы үшін үкімет қандай нақты шараларды қолға алуы керек?

«Жалпы тұрғын үйді салушылардың басым көпшлігі кәсіпкерлер. Олар да пайда көргісі келеді. Сондықтан біздің үкімет бағаны арзандату не төмендету үшін көп дүние істей алмайды. Өйткені бұған дейін айтқанымдай, құрылыс материалдары қымбаттап жатыр. Сондықтан тұрғын үйді салушылар да бағаны өсіреді. Себебі олар да ұтылғысы келмейді. Ал егер үкімет инфляцияның алдын алса, тауарлардың бағасы өспесе, онда мүмкін бағаны ұстап тұруға мүмкіндік болар еді. Оған қоса тұрғын үйді салушыларға бағаны өсірмеуді міндеттесе, онда олар да шығынға ұшырамас үшін, кетіп қалуы әбден мүмкін»,-дейді Жеңіс Шәріпұлы.

Сондықтан маманның айтуынша, бірінші кезекте, мемлекет құрылыс материалдарына деген импортты азайтуы қажет.

«Бірақ үкімет тұрғын үй нарығына инвестицияны көбірек салу арқылы мәселені шешуіне болады. Алайда ең бірінші кезекте, мемлекет құрылыс материалдарын шеттен әкелуді азайға күш салуы қажет. Өйткені біз оларды экспорттай берсек, олардың бағасы қымбатқа түсе береді. Сондықтан мемлекет әрлеу материалдарын, лак-бояу бұйымдарын, керамикалық плиталар мен санитарлық-техникалық бұйымдарды өндіруді ынталандыруы керек. ҚР ИИДМ бұл туралы жыл басында құрылыс материалдарын өндіру және импорт үлесін 60%-ға қысқарту туралы айтқан болатын, олардың пікірлерінен түсінгенімдей, нәтиже 2025 жылға қарай болады. Бағаны тұрақтандыру үшін құрылыс материалдарын өзімізден шығаруға күш салуымыз керек деп ойлаймын»,-деп түйіндеді ол сөзін.

2021 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 17,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды, оның өсімі алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,4%-ды құрады. Сонымен бірге 2022-2025 жылдары тиісті министрліктің жоспары бойынша, 62 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынады деп жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз - жылына 20 миллион шаршы метр деген сөз.

Сарапшылардың айтуынша, азаматтардың басым көпшілігі бұл адамдардың сұранысын қанағаттандырып, нәтижесінде баға төмендеуі мүмкін деп ойлайды. Алайда олай емес. Бірақ фактілер көрсетіп отырғандай, мұндай үлкен шаршы метрдің салынуы да бағаның арзандауына әсер ете алмайды дейді сарапшылар.

Жалпы БҰҰ нормасы бойынша, бір адамға 30 шаршы метр, бірақ мамандар біздің оған 2025 жылы да жете алмайтынымызды айтып отыр. 2020 жылғы дерек бойынша, бір қазақстандыққа 23 шаршы метрден келсе, 2025 жылы 26 шаршы метр ғана болады деп күтілуде.

Қорытындылай келе, тұрғын үй бағасы дәл қазіргі уақытта инфляция деңгейі мен құрылыс материалдарының бағасына тәуелді екенін көріп отырмыз. Инфляция өскен сайын, нарықтағы баға да өседі. Оған қоса импортталатын құрылыс саласындағы тауарлар саны артқан сайын, тұрғын үй бағасы да қымбаттай бермек. Сондықтан да, сарапшылар айтқандай, құрылыс саласындағы отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, ынтанадыру қажет.

Назерке Мұратқызы

Дереккөз:  el.kz

Пікір жазу
  • ҚР Президенті америкалық ірі компаниялардың басшыларымен бірқатар кездесу өткізді
    Қ. Тоқаев: Қазақстан жаңа технологиялар саласында жетекші ойыншыға айналуға ниетті

    Ұқсас тақырыптар