Қазақстан дипломатиясының жетістігі

Уақыты: 2022-10-17 Көрлімі: 437 Сипаттама

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысы осыдан 30 жыл...


Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысы осыдан 30 жыл бұрын басталды. Сол кезде болашақта, яғни ХХІ ғасырда болатын қақтығыстардың көбі Азия құрлығында тіркеледі деген болжам айтылған еді. Қазіргі ғасыр – Азия ғасыры. Әр елдің көздеген өз мүддесі болады. Сондықтан да келіспеушіліктен туындаған қақтығыстарға ешкім тосқауыл бола алмайды.

Осындай мәселенің алдын алу үшін Қазақстан дипломатиясы Азия кеңесін өткізіп тұруды ұсынды. 2000 жылдан бас­тап 2010 жылға дейін кеңеске төрағалық етіп, оның аясында екі саммит өткіздік. Кеңеске кейін Түркия, Қытай, Тәжікстан төрағалық жасады. Биылғы алтыншы саммитте Қазақстан қайтадан төрағалығын өз қолына алды.

Азия кеңесінің маңыздылығы неде? Орталық Азияда үлкен алпауыт мемле­кеттер орналасқан. Азия елдері эконо­микалық мүмкіндігі, халық саны, даму динамикасы жағынан алға ұмтылып келеді. Бүгінде Азия аймағы әлемнің саяси-экономикалық эпидемиологиялық орта­лығы болып табы­лады, өйткені қазір әлем назары Солтүс­тік Атлантикадан Азияға қарай ауып бара жатыр. Эпидорталық Еуропадан Азияға қарай ойысып бара жатқан­дықтан түрлі қақ­тығыстар туындай­тыны белгілі. Осындай сын-қатерлердің алдын алу өте маңызды. Самиттің мәні мен маңыздылығы да осыда.

Саммит шеңберінде Қазақстанға 11 мемлекеттің басшысы келді. Бұл бір жағынан еліміздің беделін көрсетеді. Өйткені әрбір елдің өзінің күн тәртібі, басымдықтары болады. Осыған қарамастан алқалы жиынға Ресей, Түркия, Қатар, тағы да басқа Орталық Азия елдері түгелдей қатысты. Негізі шақырып отырған тарап салмақты болса, өзге елдер оған жауапкершілікпен қарайды. Араб мемлекеттері, Түркия, Пәкістан болсын, олардың барлығы Қазақстанның маңыздылығын көріп отыр. Сондықтан бұл самитті Қазақстан дипломатиясының үлкен жетістігі деп бағалар едім.

Бұл кеңес Еуропадағы ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі ұйым­ның моделі бойынша құрылған. Мәсе­лен, ЕҚЫҰ 1970 жылдары кеңес болып құрылған кезде ұйым Еуропадағы шиеле­ністерді төмендетуге айтарлықтай ықпал етті. Осының әсерінен ол 1990 жылдары іргелі ұйымға айналды. Азия кеңесін Қазақстанның төрағалығы кезінде ұйымға көшіру туралы шешім қабылданды. Қазақ­станның мақсаты да осы болатын. Бұл институттау үдерісінің жемісті жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Кеңес ұйымға айналса не өзгереді немесе оның қандай ерекшелігі бар? Мысалы, 90-жылдары Жапония президентіне осы ұсыныс айтылған кезде ол «Біз бір төсекте жатып, әртүрлі түс көретін елдерміз», деп жауап берген еді. Әрине, әр елдің өз ұстанымы бар, Жапонияның дамуы басқа, Қытайдың басымдықтары бөлек, Үндістан мәселен, мүлдем басқа бағытты қалайды. Дегенмен бұл елдердің арақатынасында шиеленіс бұрыннан бар. Қытай мен Үндістан арасында белгілі бір бәсекелестік бар, Пәкістан мен Үндістан арасы да жақсы емес, Палестина мен Израильдің қарым-қатынасында да кикілжіңдер аз емес. Осы орайда кеңес ұйымға айналса түрлі позициядағы, әртүрлі ұстанымдағы бір-бірімен қақтығысып жатқан, арасында түсініспеушілік туындаған тараптарды бір үстелдің басына жинап, келіссөз жүргізе алатын маңызды ұйымға айналады.

Жалпы Қазақстан дипломатиясы өзінің бітімгерлік бастамаларымен танымал. Кешегі өткен саммитте Украина мәселесі де сөз болды. Іс-шараға Ресей президенті Владимир Путиннің келуі, қазір қатты шиеленісіп тұрған мәселенің түйіні табылар деген үміт те болған. Осы орайда әлем елдері Қазақстандағы саммиттің маңыздылығына иек артып отыр. Мәселен, 2017 жылы Астанада Сириядағы дағдарыс жөнінде басқосу өтіп, содан кейін осы мәселеде алға жылжу болған еді. Осы үдерістің нәтижесінде Сириядағы қантөгіс тоқтады. Қазір Батыс пен Ресей арасында диалог жоқ. Сол себепті саммит аясында елімізге келген Түркия президенті Ердоған, Ресей басшысы Путиннің сапары бітімгершілік үмітті тудырды. Ал оның нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетері анық.

 

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,

Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Кениялық студент: Қазақстанның білім жүйесіне қызықтым
    Ресейден кеткен 56 компания Қазақстанға келуге ниет білдірді – Үкімет басшысы

    Ұқсас тақырыптар