Республика қаһармандары: Бейбіт заманның батырлары кімдер?

Уақыты: 2022-10-26 Көрлімі: 484 Сипаттама

Еліміз 13 жылдан бері алғаш рет Республика күнін атап өтті. Жазда Ұлттық Құрылтайда Мемл...

220901122830782e.jpg

Еліміз 13 жылдан бері алғаш рет Республика күнін атап өтті. Жазда Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке қатарына қосуды ұсынған еді. Осылайша, соңғы бір апта бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінде салтанатты іс-шаралар легі ұйымдастырылды.


Ұлттық мерекеге орай, «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі бейбіт күннің батырларының өмірінен сыр шертетін «Республика қаһармандары» атты арнайы айдарды қолға алған болатын. Бұл айдар аясында тағдырдың қилы сынағынан тайсалмай, қиындықтардан мүмкіндіктерді көре білген отандастарымыздың хикаяларын ҚазАқпаратқа сілтеме жасап  назарларыныңызға ұсынамыз. 

«Арманым – паралимпиадада еліміздің Әнұранын шырқату»

2021 жылы Токиода өткен паралимпиада ойындарында атыраулық үш парадзюдошы күміс жүлдегер атанған еді. Соның бірі – Әнуар Сариев. «Менің бір арманым бар. Бұл – Паралимпиадада еліміздің Әнұранын шырқату» дейді палуан. Биыл 30 жасқа толған спортшы енді Парижде жалауы желбірейтін Паралимпиадаға қатысуды жоспарлап отыр. Ол 1992 жылғы 4 ақпанда Атырау қаласында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа аңсары ауған. Мектепте де дене шынықтыру сабағын жақсы көрген.

«Дзюдо – спорттың ең қиын түрі. Бес минуттық белдесу кезінде бір секундқа ғана қате жіберсең, опық жеп қаласың. Халықаралық сайыстарға барғанда, өзімнің емес, алдымен елдің абыройын ойлаймын Өйткені, жеңіске жетсең, елдің көк байрағы көтеріліп, Әнұраны шырқалады. Сол кезде еліңе, Отаныңа деген құрметің арта түседі. Алайда қазақтың «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегеніндей, спортта үнемі жеңістің биік тұғырына жету мүмкін емес. Бірде жеңіске жетіп, мерейленіп тұрасың, ал кейде жеңілістің кермек дәмін татуға тура келеді. Жеңілген сәтте өзіңнен үміт күткен бапкеріңді, барша жанкүйеріңді, еліңді ұятқа қалдырдым-ау деген ойға берілесің. Әрине, жеңіс те, жеңіліс те көңіл-күйге әсер етеді»,-дейді Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Әнуар Сариев.

Алайда өмірдің өз жоспары бар. Жол апатына түскен Әнуар Сариев көзінен жарақат алып, бастапқыда дзюдодан қол үзуіне тура келді. Бірақ тағдырдың сынағына мойымаған ол спортты тастамауды жөн санады. «Көлік апатынан кейін көз жанарыма зақым келіп, көру мүмкіндігім нашарлағаны рас. Алайда, менің мүмкіндігім шектелген жоқ ғой. Керісінше, өмір сүруге, жетістікке жетуге құлшынысым арта түсті. Сол себептен, өзімнің үйреншікті спортымды тастағым келмеді. Бұдан былай парадзюдомен айналысып, елімнің абыройын асқақтата беремін деген шешім қабылдадым», -дейді Әнуар Сариев.

Енді ол Парижде өтетін паралимпиаданың лицензиясын иеленуді көздеп отыр. «Менің бір арманым бар. Бұл – Паралимпиадада еліміздің Әнұранын шырқатып, көк байрақты желбірету»,-деп алдағы мақсатымен бөлісті парадзюдошы.

Археолог: «Табылған әр дүние бүтін бір дәуір жайлы ақпарат береді»

«Республика қаһармандары» жобасының тағы бір кейіпкері - Ақтөбеде туып-өскен Аслан Мамедов, ол 20 жылдан астам уақыттан бері қазба жұмыстарымен айналысып келеді. Ол Қобыланды батыр, Әбілқайыр хан жерленген қорымдарды қазуға, зерттеуге қатысқан. Қазіргі кезде темір дәуіріндегі қорымдарды зерделеуді жөн көреді. Себебі дәл осы кезеңде қазақ жерінде жаңа мәдениет қалыптаса бастады. Алдағы уақытта ХIX-XX ғасырларға тән ескерткіштерді зерттемек. Себебі әр қорым маңында үй болғаны картадан көрініп тұр. Бұл қазақ жеріндегі отырықшылық мәдениеттің қалыптасу кезеңіне дәлел бола алады. Ол өңірдегі қазба жұмыстары және көшпенділер мәдениеті тарихындағы тың деректері туралы баяндаған еді.

Аслан Мамедов қолға түскен әр зат бүтін бір дәуір туралы ақпарат беретінін айтады. «Қылыш, жебенің ұшы да бізге ақпарат береді. Бүтін зат емес, бөлшегі де құнды. Сөйтіп біз зерттеуге алған қорымның заманын анықтаймыз. Қолымда қорамсаптың ілмешегі бар. Көлеміне, ілмегіне қарап б.з.д. VI-V ғасырларға жатады деп топшыладық. Бір қораптың ішіндегі жебеде еш айырмашылық байқалмауы мүмкін. Бірақ бәрінің өз ізі бар. Жебенің ұшы адамдардың сауытына байланысты өзгеріп отырған. Ұзын қылыштар да жерімізге сарматтар келгенде жасала бастаған. Б.з.д. VI ғасырға дейін біздің көшпенділер ұзын қылыш ұстамаған. Қанжар болған. Қарсыластың күшіне қарай соғысу әдісі де өзгерген. Сөйтіп ер тоқым, ұзын қылыш қолдана бастаған. Мұны біз қазба жұмыстарынан көреміз. Кез келген заттың өткеннен мәлімет беретінін осыдан-ақ түсінуге болады», - деді ол.

Соңғы жылдары халық тарихқа қайта үңіле бастады. Сұрақ көп, ал сол сұрақтың жауабын археологтар дәл де нақты біле алады. Себебі әр қазба жұмысына ғылыми мақала жазады. Қазіргі кезде Аслан Мамедовтың 60-70 мақаласы бар. Ақтөбе облысының әр ауданына байланысты жинақтары шықты, энциклопедия жазды. Бірнеше автор болып кітапты жарыққа шығарды. Әлі де мақсаты көп. Ол өзі таңдаған мамандықты, саланы өмірінің мәні санайды. Әрі үлкен жауапкершілік жүгін арқалағанын сезеді. Мемлекеттік мүддені қорғау үшін де деректердің, әсіресе қазба жұмыстары кезінде табылған дүниелердің айнымас дәлел боларын білген соң әр сапарын құжатқа балап, қағаз бетіне түсіреді.

«Қазғым келетін, зерттегім келетін жер бар. Болашақта үш жыл қатарынан кітап жазамын. Үш кітап. Зерттелген, бірақ ғылыми мақаласы жарыққа шықпаған дүниелер бар», - деп ойын түйді археолог.

«Фотоколлекциямда 200-ге жуық құстың түрі бар» - павлодарлық фотограф

«Республика қаһармандары» айдарының тағы бір кейіпкері – фотограф, Павлодар география үйінің мүшесі Кәрімжан Жәкенов. Ол көптеген жылдан бері облыстың жануарлар дүниесін, әсіресе құстарды суретке түсірумен айналысып келеді. Оның бұл салаға қосқан үлесін мамандар да жоғары бағалайды.

«Қоршаған ортамызда біздің назарымыз бен ерекше қамқорлығымызды қажет ететін көптеген құс түрлері бар. Табиғатқа соншалықты бейжай қарауға болмайды. Оның барлығы - өте нәзік әлем. Оларға зиян келтіру, бұзу оңай. Ал ол табиғат дүниесін қалпына келтіруге ондаған жыл кетеді», - деді павлодарлық фотограф Кәрімжан Жәкенов.

Кәрімжан Жәкеновке құстар әлемін фотоға түсіру туралы ой 2012 жылдың басында келген. Ол жолы әуесқой орнитолог Павлодардағы Ертіс өзенінің жағасында жұбайымен серуендеп жүріп, қарағай маңында отырған әдемі құстарды ұялы телефонына суретке түсіріпті. Кейін үйіне оралып, өзі жасаған фотодағы құстар туралы ғаламторда бар ақпаратпен таныса бастайды. Осылайша, Кәрімжан Жәкенов ерекше хоббимен айналысуға бел шешіп, фотоаппарат сатып алады. Алғашқы кезеңде ол құстарды өзінің жеке мұрағаты үшін түсірген. Артынша қауырсын қанатты жануарлардың популяция тұрғысындағы деректермен танысып, олардың суретінен бөлек, шынайы табиғатын зерттеуге кіріскен. Бүгінгі таңда павлодарлықтың фотоколлекциясына енген 200-ге жуық құс түрі бар.

«Маған Қызыл кітапқа енген, жоғалып бара жатқан құстар жолықса, менің кеудемді қуаныш сезімі кернейді. Өйткені мен олардың аз да болса, әлі күнге дейін бар екеніне қуанамын. Мәселен, осыдан 150 жыл бұрын қазақ даласында дуадақтар көп болатын. Оларды тіпті таяқпен ұрып, қуатын еді. Ал қазір олар өте аз. Міне, мен құстарды суретке түсіріп келе жатқаныма 8 жыл. Десек те әлі күнге дейін дуадақты кездестірген емеспін», - деп тоқталды ол.

«Құсты суретке түсіру үшін айналаны толық торуылдап, бақылауда ұстап отыру қажет. Себебі, олардың дауысы шыққан жерлерді анықтау маңызды», - дейді ол өзінің хоббиінің ерекшеліктері туралы.

Кәрімжан Жәкеновпен көбіне ұялы телефон арқылы байланысу мүмкін емес. Өйткені ол үнемі қаладан тыс жерлерде жүреді. Әрине, бұл уақытта ол құстарды фотоға түсіреді, сондай-ақ балық аулайды.

Павлодарлық фотографтың айтуынша, торғай сияқты кішкентай құстар әдетте бұталардың арасына ұя салады. Ал ірі құстар ағаш бұтақтарының жоғарғы жағында мекен етеді. Мәселен, ерекше хобби иесі қыс мезгілінде Павлодардың оңтүстік-батысындағы Усольское шағын ауданының тоғайында самыр, тоқылдақ, ұзын құйрықты шымшық, суықторғайларды суретке түсірген. Кәрімжан Жәкенов қауырсын қантатты жануарларды фотоға түсіру оңай еместігіне тоқталды. Себебі құстар мекендейтін жерлерді іздеуге, олардың ұтымды кадр алуға қолайлы жерге қонғанын күтуге бір күннен аса уақыт кетуі мүмкін.

Жалпы Кәрімжан Жәкеновті көп адамдар біле бермейді. Ол құстарды суретке түсіріп қана қоймай, олардың тіршілік ету ортасын, күнделікті рационын да зерттеген. Фотографтың құстарды суретке түсіруге қатысты кеңестері мен қызықты оқиғалары жайлы мына сілтемеден оқи аласыз.

«Қазақстандық Ник Вуйчич»: «Жүзуден чемпион болсам деп армандаймын»

Шыдамдылықтың, өмірге деген махаббаттың символы десе, қазақстандықтардың көбісі ойланбастан Әли Тұрғанбековті айтар еді. Екі аяқсыз дүниеге келген Әли Тұрғанбековтің тағдыры көпшілікке таныс. Ерекше жасөспірім туралы біз бұған дейін де жазған болатынбыз. Қазақстандықтар үшін өмірге деген сүйіспеншілік қаһарманына айналған Әлимен Республика күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі сұхбаттасқан еді. Ол әңгіме барысында өзінің болашақтағы жоспарлары, арман-мақсаттарымен бөліскен еді.

Әлидің футболға деген қызығушылығынан көпшілік хабардар. Ол бұған дейін Диего Марадона, Лионель Месси және тағы басқа әйгілі футболшылармен кездескен болатын.

Ол әңгіме кезінде футболға деген қызығушылығынан бөлек, жүзумен айналысатынын атап өткен еді. «Иә, жүзумен кәсіби түрде айналысамын. Биыл маусымда жасөспірімдер арасында үшінші рет Қазақстан Республикасының чемпионы атандым. Одан бөлек, жүзуден халықаралық спорт шебері бойынша нормативті орындадым»,-деді ол.

Әли жүзу спортында одан әрі шыңдалғысы келетінін, болашақта аталған спорттан паралимпиада ойындарында Қазақстанға алтын сыйлағысы келетінін де жасырмады. «Әрине, ол үшін көп еңбектену керек», дейді өзі.

Әли аз уақыттың ішінде көпшілікке танымал болды. Оған қолдау білдірушілердің қатарында әлем жұлдыздары да бар. Бірақ ол блогер болғысы келмейтінін, жүзумен кәсіби түрде шұғылданығысы келетінін жеткізді. «Бұрын блогер болғым келетін, кейін ол ойдан айнып қалдым. Себебі блогерлік уақыт алады. Менің мақсатым – жүзумен кәсіби айналысып, алтын медаль жеңіп алу»,-деді ол.

Еске салайық, 2019 жылы тамызда қазақстандық «Ник Вуйчич» атанған Әли Тұрғанбеков өз қолымен ағылшынның Ливерпуль ойыншыларына УЕФА Суперкубогын табыстаған еді. Осы орайда жігерлі жас баланың төзімділігі мен өрлігіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ықыласын білдірді. Әли жайлы толығырақ мына жерден оқи аласыз.

«94 ауылдағы мектепті спорттық құрал-жабдықпен қамтамасыз еттім» - Сергей Цырульников

Аталған жобаның тағы бір кейіпкері – күштік экстримнен әлемдік рекордшы Сергей Цырульников. Ол көптеген рекордымен және күштік нөмірлерімен ғана емес, сонымен қатар отаншылдығымен де танымал. Сергей ауылдарды спорттық құрал-жабдықтармен қамту мәселесін көтеріп, жастарды спортқа баулитын жобаларды іске асырумен қатар, бұқараға күш мәдениетін насихаттап жүр.

Оның көптеген жобасы бар, атап айтатын болсақ, «100 ауыл», «Batyrs battle», «UPF». «Спорттық батлдарды да өткізуді қолға алдық. Кино түсіру, семинарлар және изометриялық гимнастика жаттығуларына арналған қосымшамен жұмыс істеп жатырмын. Батыс нарығына шығу ниетімізде бар. Күш мәдениетіне келетін болсақ, негізінен ауыл жастарына семинарлар өткіземін. Сондай-ақ миллиондаған адамды қамтитын әлеуметтік желілер арқылы да жұмыс істеймін»,-дейді өзі.

Ол бұған дейін ауылдарда қарапайым спорт жабдықтарының жоқ екенін бірнеше рет мәселе етіп көтерген болатын. Оның ойынша, мұны тек депутаттар мен жергілікті органдар ғана шеше алады. «100 ауыл» бағдарламам аясында ауылдарды аралап, 94 мектепті спорттық құрал-жабдықпен қамтамасыз еттім. Бұл өте аз, ауыл мектептерінің 90 пайызы тіпті, 50 пайызға дейін спорттық жабдықтармен жабдықталмаған. Біз болған әрбір мектепте, тіпті мемлекет тарапынан берілген спорттық құрал-жабдықтардың сапасы сын көтермейді. Ауылдарда қарапайым спорт жабдықтарына қатысты проблема жеткілікті. Ал кейбірінде спорт залдары жөндеуді қажет етеді және нормаларға сәйкес келмейді деп сенімді түрде айта аламын. Бұл мәселені мен шеше алмаймын... Бұл - депутаттар мен жергілікті органдар шешуі керек мәселе. Оның орнына олар салық төлеушілердің ақшасын легионерлер мен кәсіби клубтарға жұмсайды. Ал олардың иек астында балалар биліктің көңіл аударуына, қарапайым құрал-жабдыққа мұқтаж»,-деп атап өтті спортшы.

18 баланы қамқорлығына алған ана

Кентау қаласының тұрғыны Түймегүл Ергешқызын көпшілік алтын жүректі Ана деп біледі. Ол ата-анасынан ерте айырылған 18 баланы асырап алып, қамқорлық танытып отыр. Түймегүл Ергешқызы - бүкіл елге аты танылмаса да, өзінің белсенді өмірлік ұстанымымен қалың көпшілікке үлгі болған қаһарманымыз.

Түймегүл Ергешқызы 10 қыз бен 8 ұлды қамқорлыққа алған. Олардың ұлты да әртүрлi. Атап айтсақ, бiреуi - орыс, бiреуi - өзбек, ендi бiрi кәрiс ұлтынан. Қалғандары қазақтың қаракөздерi. «Өмiрiмнiң мәнi - өзгеге жақсылық жасау» деп бiлетiн қамқор жанның басты мақсаты бүлдiршiндерiн қатарынан кем қылмай өсiру, үлкен азамат етiп тәрбиелеу.

«Өмiр осынысымен маңызды, мағыналы. Өзiм - балажанмын. Жетiм балалардың бiреудiң қолына жәутеңдеп, қарап жүргенiн көргенде жүрегiм ауырады. Шыдай алмаймын. Сондықтан бала асырап аламын деген шешiмге келдiм. Маған балалар әртүрлi жағдайда келдi. Бiрiн дүниеге келе салысымен қолыма алсам, ендi бiрiн 1,5 жасында, бiреуiн ес бiлер ересек шағында қамқорлығыма алдым», – дейдi Түймегүл Ергешқызы.

Жалпы алтын жүректі ана бала асырап алуды 33 жасында бастаған. Алғашқы қызын қолға алған сәтінде үлкен әсерге бөленіпті. Содан жыл сайын отбасы мүшелері көбейе түскен. Ілгеріде балаларға қарау, жетілдіру қиындық тудырғанымен, кейін қалыптасып кеткен. Дегенмен ол «18 баланы қамқорлыққа аламын деп ойламағанмын» - дейді.

«Барлығы Алланың қалауымен болды. Мен бақыттымын. Мен балаларыммен бақыттымын» - дейді алтын жүректі ана.

«Қол-аяғы жоқ балаларды көргенде өмірге құлшынысым арта түсті»

Тағы бір қазақстандық параспортшы Юрий Березиннің тағдыры ерекше. Ол төтенше жағдайда қос аяғынан айырылған. Соған қарамастан 33 жасында кәсіби спортқа келді. Бүгінде қостанайлық параспортшы түрлі спорттық бәсекелерде ел намысын қорғап жүр. Ол Екатеринбургте дүниеге келген. 1 жасқа толмай тұрып ата-анасы Қазақстанға көшіп келген, сондықтан елімізді Отаны санайды. «2016 жылдан бастап протезбен жүремін. Қос аяғымнан оққа ұшырап айырылғанмын. Қиын сәтте жақындарым мен достарым жанымда болып, қолдау көрсетті. Аяққа протез салу үшін Петропавлға бардым. Онда тағдыр тәлкегіне түскен түрлі адамдарды көргенде, менің аяғымның жоқтығы жай дүние болып қалды. Әсіресе қол-аяғы жоқ балаларды көргенде жүрегің ауырады. Сол кезде өз жағдайымды түсініп, одан әрі өмір сүруім керек деп өзіме мақсат қойдым. Ал спортқа келген соң өмірге деген құлшынысым одан сайын арта түсті»,-дейді Юрий Березин.

Юрий аяғынан айрылғанға дейін спортпен байланысы болмаған. «Оққа ұшырағаннан кейін қайта қалпыма келіп, жаңа өмірді бастадым. Қостанай қаласында энергоорталыққа жұмысқа орналастым. Сосын басшымыз қызметкерлерге жүзуге баруды ұсынды. Нәтижесінде мен ғана бардым. Осылайша жүзуді бастадым. Кейін облыстық Спорт басқармасы жанындағы мүгедек жандарға арналған Спорт клубы маған қызығушылық танытты. Сөйтіп, кәсіби шаңғы спортымен айналысуды ұсынды», - дейді ол.

Қостанай тұрғыны спортқа шақырылған 2018 жылы 33 жаста болған. «...Сол кездегі Юрий мен қазіргі Юрий екі түрлі адам. Ол кезде салмағым 130 келі еді. Екі ай жүзуге қатыстым. Дегенмен ешқандай жаттықтырушы, жаттығу кестесі болған жоқ. Өз бетіммен айналыстым. Кейін жаттықтырушыға өзім хабарласып, шаңғы базасында дайындықты бастадық», - дейді параспортшы.

Оның айтуынша, уақыт өте келе спортшы кәсіби тұрғыдан шыңдала бастады. Юрий Березин спортта алғашқы ірі жеңісіне былтыр қол жеткізді. «2021 жылы шаңғы тебуден 5 шақырым қашықтық бойынша Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атандым. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындадым. Бұл мен үшін ерекше сәт. Еңбегімнің бағаланғанын түсіндім. Бірақ бұнымен жұмыс бітпейді. Алда жоғары шыңдар мен жаңа мақсат бар», - деп бөлісті жерлесіміз.

Қазір қостанайлық Ю. Березин спортпен кәсіби шұғылдануды жалғастырып жатыр. Оның басынан өткен қиындықтар мен спортқа қалай келгені жөнінде толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.

Ұстаз: «Қазақтілді балалардың неге халықаралық бәсекелерде топ жара бермейтінін түсіндім»

Бүгінде атажұртқа оралып, қоғамның әр саласында жарқырап көзге түсіп, экономикаға, мәдениетке ғылым-білімге өзіндік үлесін қосып жүрген тұлғалар жетерлік. «Республика қаһармандары» жобасының келесі кейіпкері - өскелең ұрпаққа білім беру жолында аянбай тер төгіп, елге-жұртқа еңбек етудің өзіндік үлгісін көртесіп жүрген тұлға Ырысбек Мәуітұлы.

«Алтайдың Көктоғай ауданында ұстаздық жолым басталды. Оншақты жыл ол жақта жемісті еңбек еттім. 2008 жыл еді, әйелім екінші балама жүкті болды. Анасының құрсағында қыбырлай бастаған ұлым «жарық дүние есігін тәуелсіз қазақ елінде ашсын» деген арман ниет мені Атажұртқа асықтырды. Сонымен, ата-анамды ертіп, қызметімді тастап Қазақ еліне біржола қоныс аудардым»,-дейді өзі.

Оның сөзінше, алғашқы жылдары қиындықтар да көп болған. «Жұмыс іздеп біраз мектептің табалдырығын тоздырып, түйіндемемді тапсырып орналаса алмай маңдайым талай тасқа соғылды. Сөйтіп жүргенде дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің директоры Айтжан Ермұқанқызы «Сіздей маман қазақ еліне ауадай қажет» деген бір ауыз сөзі маған үлкен жігер берді. Бұл мектеп менің шабыттана жұмыс істеуіме даңғыл жол ашты. Олимпиадаға балалар дайындай бастадым. Күндіз-түні ұйықтамай жұмысқа кірістім»,-деді.

Оның айтуынша, бұл күнде елімізде танымал болып үлгерген ақыл-ой дамыту орталығын құру идеясы да оқушыларды олимпиадаға дайындау барысында, қазақ тілді дидактикалық материалдардың тапшылығынан туындыған. «Олимпиадаға балаларды дайындау барысында, оқулық-материал мәселесі де алдымыздан шықты. Қазақтілді балалардың неге халықаралық бәсекелерде топ жара бермейтінін сонда түсінгендей болдым. Өйткені қазақтілді материалдар өте аз еді. Орысшадан іздеуге, орысша оқуға тура келеді. «Халықаралық олимпиадаларға көбінесе орыстілді оқушылар шығады» деген әңгімелерді жиі естимін. Шыны керек, мен қазақтілді балалардың да осы бір биікті бағындыра алар қабілеті бар екенін дәлелдегім келді. Сөйтсем, барлығы орысша дидактикалық материалдарға келіп тіреліп тұр екен. Сол уақытта менде білім саласына енгізер көптеген идеялар болып, неге ойларымды іске асырмасқа деген ой туды. Осы мәселе мені қазақ тілді математиктердің басын қосып, ақыл-ой дамыту орталығын құруға түрткі болды»,-деді ұстаз. Былайша айтқанда, жұмысымды патриоттық сезіммен бастап кеттім.

Ырысбек Мәуітұлы құрған ақыл-ой дамыту орталығы өзгеше әдістемелерінің және мықты команданың арқасында қоғамның жақсы бағасына ие болып, шәкірттерінің биік белестерді бағындыра алғанын айтады. Қазақ тілінің жанашыры, ұстаздың әңгімесін мына сілтеме арқылы оқи аласыз.

«Кембридждегі қазақ археологиясының көрмесі дүниежүзіндегі музейлерде өткізілген барлық шараның ішінде үздік бестікке енді»

«Республика қаһармандары» жобасының келесі кейіпкері - 55 жыл ғұмырын археологияға арнаған, археолог, тарих ғылымдарының докторы, 400-ден астам ғылыми мақаланың авторы Зейнолла Самашев. Ол тек Қазақстан емес, Орталық Азиядағы археология саласының дамуына елеулі үлес қосып, әлем халқын таңдандырған сенсациялық жаңалықтар ашты. «Жеті жыл бұрын ШҚО әкімдігі археологиялық қазба жұмыстарын дамыту мақсатында арнайы бағдарламаны іске қосқан болатын. Міне, содан бері өңір аумағында жұмыс істеп, біршама нәтижеге қол жеткіздік. Әлемдік деңгейдегі жаңалықтар да болды. Оның ішіндегі екеуін ерекше атап өткен жөн. Біріншісі, 2018 жылы Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауында біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырдағы Ерте сақ дәуіріне жататын тоналмаған «Алтын адамның» табылуы болса, екіншісі - Өскеменнен 20 шақырымдай жерде орналасқан Ақбауыр шатқалынан сақ дәуіріне жататын қонысының табылуы»,-деді археолог.

Олар көне ата-бабаларымыздың мәдениетін, елдегі археологиялық қазба жұмыстарының жемісін әлем халқына көрсеткісі келген. Сөйтіп, өңір әкімдігінің қолдауымен Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Кембридж университеті жанындағы Фицуильям мұражайында «Ұлы дала алтыны» көрмесін өткізген. «Берел, Шілікті және Елеке Сазынан табылған жүздеген бірегей алтын жәдігерлер ұсынылды. Төрт айға созылған көрмені 25 мыңға жуық адам тамашалапты. Көрмеміз сол жылы дүниежүзіндегі музейлерде өткізілген барлық шаралардың ішінде үздік бестікке енді...»,-деп қуанышымен бөлісті.

Оның сөзінше, көрмеден кейін Ұлыбританиядағы әріптестермен байланыс күшейе түскен. «Халықаралық интеграция жаңа деңгейге көтерілді. Ақпарат алмасып, олардың зертханаларын пайдалануға мүмкіндік алдық»,-деді маман. Жалпы археологиялық қазба, Ұлыбританиядағы көрме жайлы мына сілтемеден оқи аласыз.

Шымкентте ескі көліктерден электромобиль жасалып жатыр

Шымкентте «Илон Масктың» ізбасарлары тұрады. Бүгінде Нұрсұлтан, Абылай, Дәурен есімді 3 жігіт «Beren motors» атты шағын кәсіпорын ашып, ескі көліктерден электромобиль жасап жатыр. Мәселен, 1974 жылғы Ford маркалы көліктің маторын ауыстырып, орнына электромобиль орнатты. Ондағы қажетті құрылғылардың көпшілігін өздері қолдан жасап шыққан. Тек елде кездеспейтіндерін ғана шетелден алдырды. Онға жуық инженерден тұратын команданың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде ескі көлік заманауи қалыпқа келді. Қазір жүріп тұр. Кілтті бұрап іске қосқанда дыбыссыз оталады. Ал жанар май құйып, коробканың майын тексеру деген жұмыс мүлдем жоқ.

«Қазір электромобильдердің ең арзаны 35 000 доллар тұрады. Бұл әрине қымбат. Содан біз конвертация жасауды ойластырдық. Мәселен, елдегі көліктерге газ орнату ісі осыдан 5,6 жыл бұрын кең етек алды. Дәл солай неге электромобиль жасамасқа деген ой келді. Содан бүгінгі күні сол идеяны жүзеге асырып келеміз. Оған қосымша қуаттағышты да қолдан құрастырдық. Алдағы уақытта қала ішіндегі бекеттерге орнатамыз» - дейді жоба жетекшісі Нұрсұлтан Сейсембаев.

Жастардың кәсіпті қалай бастағаны жөнінде қызықтырса, мына сілтемеге өтіп, толық оқып шыға аласыз.

Маңғыстаулық ана: «Таксист болып тапқан табысыма 7 баламды асырап бақтым»

Бүгін де қыз-келіншектердің темір тұлпар тізгіндегені ешкімге таңсық емес. Ал көлік жүргізіп нәпақасын тапқан аналардың жөні бөлек. 23 жыл бойы күніне 200-ден астам шақырымды артқа тастап жолаушы тасып жүрген Гүлшара Жолдасбаеваны Маңғыстаудың ойында танымайтын адам аз. Ақ жаулығы желбіреп, ақ тұлпарды тізгіндеп 7 баланы өсірген Гүлшара Мыңбайқызы қазақ әйелінің қайсарлығын көрсетіп отыр. «Республика қаһармандарының» келесі кейіпкері де осы кісі.

Ол 23 жылдан бері темір тұлпарын тізгіндеп, осы аймақта жолаушы тасып келеді. Кейіпкеріміз алғаш рет 1999 жылы 46 жасында алғаш рет көлікке отырған екен. «Бұл өмірдің сан түрлі қиыншылықтары бар ғой. Бірақ оған мойып, морт сынып қалу деген болмайды. Қиын жағдайларға мен де тап болдым. Балалар кішілеу болды. Сүйенетін жолдасым да жоқ. Амалсыздан балаларды асырау үшін көлікке отырған едім. Басында ауылдың ішінде таксист болдым. Ол кезде мұндай қызмет түрі жоқ еді. Ауылдастарым таңқалатын еді. Содан 4-5 жылдан соң Шетпе-Ақтау тас жолына шықтым», - дейді өзі.

«Таксист болып тапқан табысыма 7 бала асырап бақтым. Ешқайсысын қатарынан кем қылмадым. Ал жолдың қауіп-қатері көп. Кейде шаршап та жүрдім. Техника болғасын істен шығатын, жөндеп үйрендім»,- деп атап өтті.

Гүлшараның азаматтардай жігерілілігін, қажырлылығын айналасының бәрі мойындайды. Оның адамның жанын түсінетін мейірімділігі, кісінің көңіліне қарайтын кішіпейілділігі, жолаушыны жолынан қалдырмайтын жауапкершілігі де бар. Танитындар таксист апайды осы қасиеттері үшін ерекше сыйлайды. Кейіпкеріміз туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.

«Әскери қызмет адамды шынықтырады, тәрбиелейді»

Адамды ажалдан арашалап қалғандардың өзі көбінесе сол сәттерде жеке басын да қатерге тіккенін аңдамай жатады. Көзсіз ерлік деген осы шығар. Жобаның кезекті кейіпкері - жалындап жатқан тілсіз жаудан 8 адамды арашалап, ел айта жүретін ерлік жасаған Доскен Есжанов. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының әскери қызметшісі ол «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған өңірдегі санаулы азаматтардың бірі. Петропавлдағы көпқабатты үйде пәтердің бірінен шыққан өртті мамандар келгенше сөндіріп, 8 адамды эвакуациялаған.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін ол тұрмай, 8 адамды, соның ішінде екі баланы қауіпсіз жерге шығарып үлгерген екен. Осының арқасында өрттен ешкім зардап шеккен жоқ, жұрттың дүние-мүлкі де аман қалды.

«Әскери қызмет адамды шынықтырады, тәрбиелейді. Әрі болашаққа сенім береді. Тұрақты еңбекақы, әлеуметтік көмек және қызмет бабында көтерілуге мүмкіндік бар. Менің жұмысым оқу үдерісіне қажет көлікпен қамтамасыз ету және курсанттарды, оқытушыларды, әскери қызметшілерді сабақтар өтетін және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындайтын жерге тасымалдауды ұйымдастыру... Әр жұмыстың өз қиындығы бар, бірақ егер сіз өз жұмысыңызды дұрыс жоспарласаңыз және ұйымдастырсаңыз, қажетті нәтижеге қол жеткізесіз»,-дейді әскери қызметші. Оның әңгімесін мына сілтемеден оқи аласыз.

Музейді бүлікшілерден қорғаған қаһарман: «Жастардың көп нәрсені білмейтіні қынжылтты»

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде бүлікшілердің Мемлекеттік орталық музейге шабуыл жасалғаны белгілі. Сол бір сын сағатта тарихи бай мұралардың бүлініп, қолды болып, тоналып кетуінен аман алып қалған музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы еді. Оның музейге басып кірген бүлікшілерді қалай тоқтатқаны туралы бұған дейін ақпарат құралдарында талай жарияланды. «Республика қаһармандары» жобасының кезекті кейіпкері де осы кісі.

«Кейде осындай еліміз үшін қасіретті болған күндерді еске алғың да келмейтіні рас. Шыны керек, ештеңені түсінбей қалдық қой. Олай дейтінім, жастар арандап қалды. Музейге басып кіргеннің көбі жастар болды. Әлі де көз алдымда, өзімді ұстай алмаған күйі олардың алдарынан жүгіріп шығып, бар даусыммен айқайлап, ештеңеге тиіспеуін өтіндім. Оларға «Бұл заттардың барлығы – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұларды өртесек, тарихымызды өртейміз, тарихымыздан ештеңе қалмайды. Ертеңгі күні сіздерге болмаса да, балаларыңызға, елімізге, келешек ұрпаққа керек болады ғой» дедім. Арасында біреулер сөзімді естіп, қалғандарына тоқтау салғандай болды. Кейіннен олармен бес сағат бойы сөйлестім, сол кездері жастардың музейде тарихи бай мұрамыз тұрғанын, олар не үшін сақталып тұрғанын білмейтініне тіпті қынжылдым. Екіншіден, жастарымыз қаңтар оқиғасында бейбіт шеруге шығамын деп араңдатуға ұрынып қалды. Бұл өкінішті жағдай болды»,-деп еске алып өтті.

Сонымен қоса ол музейдің сыртқы есігі, терезелері, бейнекамерелары сынғанын, алайда кейін жомарт жанды азаматтардың демеушілік жасап, шығындардың орнын жауып бергенін, ұосымша бейнекамераларды да көбейтіп бергенін атап өтті. Бибігүл Дәндіқарақызының өмірбаяны, қаңтар оқиғасы кезіндегі ерлігі жөнінде толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.

Мұғалімін қимай, Астанадан алыстағы ауылға көшіп барған шәкірт оқиғасы

Бетіңді қақпай, беліңді буып, көргенін үйретіп, көргенсіздіктен жирентіп, бағыт сілтеп, білімге жетелейтін мұғалімінің соңынан есті шәкірті қайда да болсын еріп барары хақ. Елордада математикадан сабақ берген ұстазы Шығыс Қазақстандағы ауылға көшетінін естіген оқушы бұрын көрмек түгілі, атын естімеген елдімекенге ілесіп келген. Анасы әуел баста қарсы болса да, алған бетінен қайтпайтын ұлының меселін қайтармапты. Ауылдағы білім сапасын арттыруға аттанған ұстазды да, жылы ұясын тастап оның соңынан кеткен оқушыны да бүгінгі күннің қаһарманы десек артық айтқандық емес. «Республика қаһармандары» жобасына жас болса да, біреулер үшін ұлағатты ұстаз атанған, шәкірт пен оның мұғалімі туралы мақаланы ұсынамыз.

Әлішер Сағынтаев 2019 жылы Астана қаласындағы «Smart Bilim» қосымша білім беру орталығында математикадан сабақ беріп жүрген. Оған 6-сыныпта оқитын Ерасыл шәкірт болып келеді. Жеткіншек Назарбаев зияткерлік мектебіне түсу үшін математика пәнін тереңдетіп оқуға ниеттенген. Ұстазы аптасына 3 рет бір жарым сағаттан білім береді. «Ерасылдың үйреткенімді лезде қағып әкететін зор талабын байқадым. Іні-аға ретінде араласып кеттік. Оған тек математиканы емес, тұлға ретінде өзіңді дамытудың қыр-сырларын айта бастадым», - дейді Әлішер Сағынтаев.

2020 жылдың жазында педагогқа Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл мектебіне жұмысқа баруға ұсыныс түскен. Ойланбастан келісім берген ол әйелі, екі баласымен Самар ауданы Құлынжон ауылына келген.

Ерасыл математика пәнінің қыр-сырын білуіне ғана емес, рухани тұрғыда өсуіне көп септігін тигізген мұғалімін қимағанын айтты. «Тәлімгерім сабақтан тыс уақытта да қасына тартып, ақылын айтатын. Оның басқа өңірге кеткенін естігенде қатты қапаландым. Менің де сол мектепке барғым келетінін айттым. Ұстазым да келісе кетті. Мектеп директорының ата-анам қарсы болмаса қуана қабылдайтынын білдірді. Бірақ әке-шешемді көндіру қиынға соқты. Әйтеуір келіскен соң, құжаттарды жинастырып, ауылға жол тарттым. Осында келген себебім – Әлішер ағаның қасында жүрсем өзімді тұлға ретінде қалыптастырып, көздеген мақсатыма жететіндігіме сенімім кәміл», – дейді 15 жастағы Ерасыл Ерланұлы.

Шәкірт пен ұстаздың хикаясын толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.

Ұстаз Дмитрий Ромащенко: «Мен үшін мемлекеттік тілді үйрету - маңызды іс»

Қостанайлық Дмитрий Ромащеконың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы бастауыш сыныпта басталған. Бүгінде ол – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. «Республика қаһармандары» атты жобасының кезекті кейіпкері. Ол 1993 жылы Қостанай облысы Федоров ауданы Федоровка ауылында дүниеге келген. Қазақ тілін үйренуді ауылда бала күнінде бастаған. Бүгінде Қостанай қаласындағы М. Горький атындағы гимназияда ұстаздық етеді.

«Әу бастан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келді. Бірақ, ҰБТ тапсыратын кезде осы жағынан хабарсыз болдым ғой деймін, әлде таңдау пәні қатарында қазақ тілі мен әдебиеті болмады ма екен, әйтеуір есімде жоқ. Сондықтан ағылшын тілін таңдауға тура келді. Дегенмен қазақ тіліне деген ынтам жойылған жоқ. Осылайша, 1 курстың екінші семестрінде ағылшыннан қазақ тілі мен әдебиеті тобына ауыстым», - деді Д. Ромащенко.

Уақыт өте келе Дмитрий қазақ тілі бойынша айтулы жарыстарға, байқауларға қатыса бастайды. Бүгінде Дмитрий Сергеевич әлеуметтік желі, оның ішінде тик-ток арқылы мемлекеттік тілді үйренуді насихаттап, жеке тәжирибесімен бөлісіп жүр.

«Қостанайдағы «Достық» үйінде «Ситуациялық қазақ тілі» атты тегін курс ұйымдастырылады. Мен сол курсты жүргіземін. Басында келушілер аз болды. Сосын тіл курсы туралы тик-токта видео түсіріп, жарияладым. Жақсы қаралым болды. Содан әлеуметтік желі арқылы неге тіл үйретпеске деген ой келді. Бүгінде мен үшін мемлекеттік тілді үйрету маңызды іс. Оның үстіне мен әрі ұстазбын ғой», - деп бөлісті Д Ромащенко.

Жылына 500-ден астам ота жасайтын дәрігердің әңгімесі

Жәңгірхан Оразбақов – Түркістан облысындағы тәжірибелі хирургтардың бірі. Гиппократ антына адалдық танытып жүрген азамат бүгінгі күнге дейін көптеген адамдардың өмірін ажалдан арашалап, үлкен алғысқа бөленіп отыр. «Республика қаһармандары» жобасы қаһарманның бірі - Жәңгірхан Оразбақов.

Ол 32 жылдық еңбек жолында 10 000 астам ота жасаған. Ал, жылына шамамен 400-500 аралығында операция жасап, науқастардың қалыпты өмірге қадам басуына ұйытқы болуда. Қолы жеңіл хирургтың біліктілігін көпшілік те жоғары бағалайды. Сондықтан көршілес аудандардан келіп көмек беруін өтінетіндер көп. Тіпті көршілес облыстардан арнайы іздеп келіп, кеңес алып кететіндер де бар. Ондай жағдайда, білікті маман әрдайым алғашқы көмек беруге әзір.

«Жалпы, хирург болу өте қиын. Адамның қанын көру, онымен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Операция жасамас бұрын қалай болар екен деп ойланып шықсақ, ал операциядан кейін де түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады. Дәрісін беріп, уколын салып кететін басқа салаларға қарағанда, хирургия саласының салмағы өте ауыр» - дейді дәрігер.

Жалпы Жәңгірхан Бимаханұлы 2001 жылы облыста тұңғыш рет «Лапароскопиялық хирургияны» енгізген дәрігер. Ал, 2013 жылы «Лапароскопиялық аппендэктомиядағы жаңа байлау әдісін» енгізіп ҚР-ның әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитетінен №80989 «Авторлық куәлік» алды. 2020 жылдың маусым айында «Денсаулық сақтау саласындағы экономика және бизнес» магистрі атанды. Қазіргі де хирург өз білімін жиі-жиі жетілдіріп отырады. Көп оқып, көп ізденеді. Тіпті, Мәскеу, Санкт-Петербургте болып, білікті дәрігерлермен тәжірибе алмасып келді. Ал, бойындағы бар білімін әріптестерімен бөлісу, үйрету күнделікті ісі.

Жалпы жылына 500-ден астам ота жасайтын маманның өмірі мен тәжірибесі қызықтыратын болса, мына сілтемеден оқи аласыз.

«Петропавл көшелерін қоқыстан тазартумен айналысатын эковолонтер»

Петропавл тұрғыны Азат Жұмағұл жалғыз өзі бірнеше жыл бойы шаһар көшелерін қоқыстан тазартумен айналысып келеді. Ол үшін бұл қандай да бір қызметтік тапсырма емес, ол мұны жан қалауымен істейді. «Республика қаһармандары» жобасының тағы бір кейіпкері – Азат Жұмағұл. Ол қоршаған ортаны аялау мақсатындағы эковолонтерлік қызметін 2018 жылы қолға алған. Бастапқы кезеңде жас жігіт бірнеше жылдан кейін Солтүстік Қазақстан облысындағы экология мәселелерін шешу бағытындағы бетке ұстар азаматы, эко-амбассадоры болатынын білмеген көрінеді.

«2017 жылдың қыс маусымында мен үйде жатып, әлеуметтік желілердегі ақпараттарды оқу барысында Антон Васильевтің парақшасын көргенім әлі есімде. Ол - Саха Республикасы Якутск қаласының тұрғыны. Антон тоғыз жыл бойы көшеде қоқыс жинаумен айналысады. Тіпті, үскірік аязға да қарамайды. Оның бұл әрекеті мені бейжай қалдырмады. Ол кезде мен Петропавл ауыр машина жасау зауытында жұмыс істейтінмін. Омбы мемлекеттік техникалық университетінде білім алдым. Кейін көктемде дипломдық жұмысымды қорғап болғаннан соң, өзім көптен жоспарлаған істі қолға алу керектігін түсіндім. Осылайша, келесі күні жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін сыртқа шығып, автобус аялдамасын жудым. Ол сәтте жаңбыр жауып өткен еді. Әрине, менің бұл әрекетіме барлығы таңданыспен қарады. Бірақ дәл осы кезде мен біраз уақытқа дейін мазалап келген «Жұрт не дейді?» деген ойдан арылдым», - деп алғашқы қадамын есіне алды Азат Жұмағұл.

Осы уақытқа дейін ерікті азаматты қоқысты қайта өңдеумен айналысатын «Радуга» компаниясы байқаған. Бірнеше жыл бойы Азат қоқысты бөлек жинау, аулаларға контейнерлер орнату, қоршаған ортаны қорғауды насихаттау мәселелеріне жетекшілік етіп келеді. Соның ішінде, мектептер мен колледждерде дәрістер өткізген. Бір қарағанда қарапайым қызмет болғанымен, бұл бағыттағы жұмыстар кезінде қызықты жағдайлар орын алып тұрады.

Осы уақыт ішінде Азат қоқысты қайта өңдеу мәселелерін зерттеп, экология туралы заңнаманы зерделеген. Нәтижесінде оның білімі мен тәжірибесін елеп, Азатты жаңа экологиялық кодексті әзірлеу процесіне де шақырған.

Азаттың жобалары, қоқыс жинауға қатысты тәжірибесі жөнінде толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз.

48 адамды ажалдан құтқарған Ержан Әмірханов сын сағатты еске алды

Семейден Новосібірге бағыт алған автобусты түн жарымында қапияда қызыл жалын шарпығанда жолаушылар түгел дерлік терең ұйқыда жатқан. Сол кезде тілсіз жауды көрген Ержан Әмірханов дабыл қағып, адамдарды оята бастайды. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, алып денелі азамат автобустың есігін теуіп ашып, жолаушыларды далаға шығарады. Осылайша, еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін, барлығы 48 адам ажалдан аман қалды. Бұл оқиға 2018 жылдың тамыз айында болды. Ал дәл осы жылдың қаңтарында Ақтөбе облысында автобус өртеніп, 52 адам көз жұмған еді. Міне, сондықтан қаралы оқиғаның қайталануына жол бермеген Ержан Әмірхановты «Республика қаһармандары» атты жаңа жобасына лайық деп таптық.

Осыдан төрт жыл бұрын тамыз айының 4-і күні сағат 19.50-де Ержан Әмірханов көлік сатып алу мақсатында «Семей – Новосібір» бағытында автобуспен жолға шығады. Түнгі сағат 3.20-да қоғамдық көлік Алейск қаласына таяған. Барлық жолаушы түгел дерлік ұйқыда жатты. Кенет автобустан өрт шығып, лезде жан-жаққа лаулай бастайды. Мұны байқап қалған жалғыз адам болды. Ол – семейлік Ержан.

Оның айтуынша, автобус небәрі 4 минуттың ішінде өртке оранған. Ал ол жолаушыларды 1 минут 45 секундта құтқарып үлгерген. Қарап тұрсаңыз қас-қағым сәт. Бірақ осы бір ғана-ақ сәттің ішінде қанша адамның тағдыры жатыр…

Осыдан кейін Ержан Әмірхановтің ерлігі жайлы отандық және ресейлік БАҚ өкілдері жарыса жазды. Тіпті көрші елдегі танымал тележурналист Андрей Малахов оны өз бағдарламасына шақырған. Бірақ қарапайым мінезді азамат бұл ұсыныстан бас тартты. Кейін оған баспана да берілді. Ержанның ерлігі мен кейінгі өмірі жөнінде мына сілтемеден оқи аласыз.

***

Елімізде келер ұрпаққа игі істерімен үлгі болып, жастардың санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, жақсылықтың жаршысы болып жүргендер қатары аз емес. Біздің кейіпкерлеріміз солардың бір парасы ғана. Абай айтпақшы, «ерлік жасай білу – жүректегі қайраттан». Осындай жақсы істерімен үлгі болатын азаматтар барда, өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне жауапкершілікпен қарайтын жандар қатары көбейетіні сөзсіз.


Пікір жазу
  • Президент Жетісу облысы жұртшылығымен кездесті
    ЮНЕСКО тізіміндегі Таңбалы тас дүниежүзі туристерін тартып отыр ма?

    Ұқсас тақырыптар