Алысты жақындатып, алашты табыстырған азамат

Уақыты: 2018-07-25 Көрлімі: 39693 Сипаттама

Өмірде талай кітап оқиды ғой адам. Бірақ олардың санаулысы ғана есіңде қалады. 80-жылдар...

9138794c53e9295dcb1e8b8b7f78fbac.jpg

Өмірде талай кітап оқиды ғой адам. Бірақ олардың санаулысы ғана есіңде қалады. 80-жылдары Алматыда оқыған бір танысым қазақ жазушыларының бір топ кітабын ала келіпті. Ішінде Қ.Найманбаевтың "Беймезгіл қонақ" деген повестер жинағы бар екен. Оқыдым. Сондағы Дайрабай біздің ауылдың "Адыра Жүнісі", ал Жомарт Жорабековичі біздің МонГу-дың "Дэмбэсі" сияқты жадымда сақталып қалыпты.

1992 жылы Сайран қажы Түркия мен Қазақстанға барып қайтыпты дегесін ел жаңалығын естігіміз келіп екі азамат Сайранның үйіне келдік. Сайран әңгіме арасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НазарбаевТүркиядағы қазақ қаумымен кездескен кезде Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын шақыру туралы мәселе көтердік. Президент бұл мәселені қолдап, Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаевқа тапсырма берді деп әңгімелесіп отырғанымызда телефон шыр ете қалды. Сайран телефонға тапсырыс беріпті, ал сөйлесіп тұрған Қ.Найманбаев екен. Құрылтай күзде өтетін болып шешім қабылданыпты, дайындық жұмысы басталып кетіпті. "Бұл кісі белгілі жазушы, ұлтжанды, бір қарапайым адам өзі" деді Сайран. Е, Дайрабай немесе Адыра Жүнісімнің хикаясын жазған жазушы екен ғой деп іштей түйдім де қойдым.

Мен жұмыс бабы және кейбір саяси жағдайларға байланысты Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына қатыса алмадым. Құрылтайдың қызығын тағы да Сайраннан естідім. Қалдарбегіміз Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болыпты. Іске сәт дедік.

Шетелде ел деп елеңдей бастаған қамкөңіл кезіміз, алда-жалда дәм тартып елге бара қалсақ сол кісіге барады екенбіз ғой деп қуанып қалдық. Сөйтіп жүріп мен Ташкентке келіп, одан 1994 жылы Моңғолияның Алматыдағы елшілігіне қызметке келе қалдым. Осындағы бір жиында кездесе кетіп, аман-сәлем беріп едім, біз бір-бірімізді сырттай білетін болып шықтық. Әкем марқұм айтып отырушы еді "Жақсы атта үйір жоқ, кісінеседі де табысады, жақсы адамда ру жоқ, амандасады да қауышады" деп. Міне менің сырттай білетін Қалдарбегім осындай жақсы адамдардың қатарынан болып шықты.

Өте жақын араласып кетпесекте бір-бірімізге сырттай тілектес, қамқоршы болып жүрдік, ол кісі менің мұнда үй-жайлы болуыма да көмектескені бар. Әрине, үлкен жүректі ер азаматына бұл кішілік ететін мәселе ғой. Сондықтан мен ол кісінің ұлтына, еліне деген қамқорлығы, атқарған ісі жайлы  бірер ой түйіп көрейін.

1. Келешекте ел өсер, заман өзгерер, ол кезде Қауымдастық рөлі қандай болмақ, ол туралы мен бүгін кесіп айта алмаймын. Ал 1990 жылдары Қауымдастық қазақтың тағдырынан туған тарихи құбылыс еді. Осы жылдары атамекеніне ат басын тіреген қазақтарды құшақ жая қабылдап, қауыштырған алтын көпірі осы Қауымдастық болды. Ол атажұртын аңсай жеткен қазақтардың ат байлайтын ақ отауына айналды. Осы құбылыстың ыстығы мен суығын бір кісідей басынан өткерген адам нақ Қалдарбек Найманбаев еді. Ол дүниежүзіне шашырап кеткен қазақтар үшін алысты жақындатып, алашты бір-бірімен табыстырды. Ол келген ағайындардың мұндағы нағыз жанашыры болатын. Шетелдегі бір қазақтың аты аталса оның кім екенін жазбай білетін. Шетелдегі қазақ әдебиеті, тарихы, оның зиялы қауымы өкілдеріне көп көңіл бөлді. "Шетелдегі қазақтар. Қауымдастық кітапханасы" сериясымен көптеген кітаптар басып шығарды. Қазір сол кітаптар адамдар іздеп жүріп оқитын құнды дүниелерге айналып барады.

2. Елінің жанашыры, ұлтын жанындай сүйетін азамат еді. Бірде Түркістан қаласында Көші-қон және қазақтың тіл, мәдениетіне қатысты конференция өтті. Конференцияда Өзбекстандағы қазақтардың тілі, мәдениеті жайы сөз бола қалды. Осы кезде Ташкенттен келген бір профессор қазақ тұрып "Исләм Абдиганиевич Каримовтың кемеңгер саясатының арқасында Өзбекстанда ұлт мәселесі дұрыс жолмен шешіліп келе жатыр" деп сан-цифрлар келтіре бастап еді, конференцияны басқарып отырған Қ.Найманбаев:

- Пәленше-еке! Біз мұнда қазақтың жоғын жоқтап келіп отырмыз, өзбек ағайындар өз жоғын жоқтауды қажет етсе, олар сіз, біздерсіз-ақ өзін-өзі қорғап алады. Ол үшін сіз күйіп қайтесіз, - деді. Әлгі ағайын үн-түнсіз қалды. Ташкентте екі жыл қызмет жасап, ондағы жай-күйді біліп қайтқан мен үшін Қалдарбектің айтқан аталы сөзіне ішім жылып қуанып қалдым. Үзілісте кезігіп қалып "Қашанғы ака-үкә, ака-үкә деп жалпақтай бермекпіз, дұрыс айттыңыз" дедім. Асып-таспайтын, артық-ауыс сөйлемейтін адам ғой. "Жөні солай болып қалды, Зәке", -деп күлді де қойды.

            Ұмытпасам 1995 жыл болуы керек. Бірде Зенков көшесіндегі Қауымдастық үйіне кіріп бара жатыр едім Қалдарбек кезіггіп қалып "Зәке, маған бір бас сұғып шығыңызшы" деді. Кірдім.

- Зәке! Моңғолиядан келген кейбір қазақтар қайтып жатыр, елдігімізге сын, бетімізге таңба болды деп маған кейбір зиялылар телефон шалып жатыр. Осыған өзім де қысылып отырмын, не істеуіміз керек? - деді.

Бұл мәселе туралы мен де ойланып жүр едім.

- Қалдеке, қазаққа көш деген таңсық нәрсе емес. Біреу тойғанынан көшеді, біреу тоңғанынан көшеді. Әркімнің маңдайына жазған бір тағдыр бар. Бүгін кетсе ертең қайтып оралады. Бұл мәселеден ұлттық трагедия жасаудың қажеті болмас. - дедім. Сәл ойланып қалды. Ойланып отырды да:

- Біз қазақ деген жүрегіміз жаралы халықпыз ғой. Әйтпегенде кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанында шынымен де неміз бар? - деген еді.

Бүгіндері сол қайтқан қазақтардың көпшілігі қайтып оралып, қайсыбірі мұнда қайтып жетуі мұң болып отыр.

3. Ешкімді де ренжітпейтін елдестіруші қасиеті бар адам еді. Сөзге шешен, өмір көрген, көп адаммен тамыр-таныстығы оның түрлі жиындарды сәтті басқаруына көмектесетін. Мұндағысы мұндағы. Ол тіптен шет елдерден келген әрбір ағайынның жан-дүниесінің сырын тез таныды. Мысалы мен сөзге шешен адам емеспін, өзімше көп ойланып, ойымды қағаз бетіне түртіп айтқанды ұнататын адаммын. Бірақ мен осындаймын деп ол кісіге айтып көргенім жоқ. Бір жиында сөз көбейіңкіреп бара жатты, біреу "Зақаң (Зақаң деп мені айтқаны) сөйлесін" деп қалды. Қалдекең іліп алғандай "ол кісі ойланып, толғанып аз сөйлейтін адам" деді. Осы кезде сөйлеуге ұмтылып отырған бірер адам тізггінін жиып қалғандай болды. Өйткені біріншіден уақыт тығыз болып барады, екіншіден ой-пікірлер қайталанып әңгіме сұйықталып бара жатқандай еді.

Бір жиында бір белгілі жазушыға өз кезегінде сөз берілмей кешігіп қалғандай болды. Мен іштей сезіп сол кісіге сөз берілсе екен деп отырдым. Қалдекең әлгі кісіні не аңғармай өткізіп алды, не әлдеқашан сөз беріп қойдым деп жаңылып қалғандай болды. Әлгі кісі шыдамай "Қалдеке бізге де бір кезек бола ма?"  деді. Қалдекең іле "Ойбай, ол не дегеніңіз, сізді қорытынды сөзге іркіп отырмын емес пе" деді. Әлгі кісі "Бәсе!" дегендей үндемей қалды. Мұндайды халықаралық тілде "дипломат", қазақша айтар болсақ "сөз тапқанға қолқа жоқ" дейді.

Адам тіршілікте бірін-бірі сыйлап өткенге не жетсін, ал өлілерге де өзіне лайықты сый керек.

c2b46a6244a61e9cfe43ae55852cdfa4.jpg

Зардыхан Қинаятұлы

«Қауымдасқан қазақтың Қалдарбегі»

(Естеліктер). 2005, 35-36-бб. 

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Еркін РАХМЕТУЛЛИН: ОЙРАНДАЛҒАН ОРАЗБАЙ ӘУЛЕТІ
    Қазақ көсеміне тісі батпаған Сталин қандай саяси әрекет жасады?

    Ұқсас тақырыптар